Бұланды ауданында тағы да жантүршігерлік қайғылы оқиға орын алды. Жасөспірім бала өз әкесін пышақтап өлтірген, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.
Суыт оқиға бүгін түнгі сағат үштер шамасында болған. Бұланды аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне жедел жәрдем фельдшері пышақталған адамның мүрдесі табылғаны жөнінде хабарлаған.
Жедел іздестіру шараларын бастаған тәртіп сақшылары Макинск қаласындағы үйлердің бірінде 47 жастағы ер адам мен оның 12 жасар ұлының арасында кикілжің болып әкесі баласын ұрып, оның артынан ұлы пышақтап тастағанын анықтады. Алған ауыр жарақаттан ер адам оқиға орнында көз жұмған.
- Қаза болған ер адам жол мекемесінде жүргізуші болып жұмыс істеген болып шықты. Адам өліміне күдікті бала қала мектептерінің бірінде оқиды. Оқиға орнына барлық жедел қызмет өкілдері жетті. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Адам өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Алдын ала белгілі болғанындай, ер адам мен 12 жастағы ұлдың арасындағы дау әкесіне пышақ салумен аяқталған. Тергеу аясында оқиғаның себептері анықталу үстінде. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы