Еңбектің өнбегі бағалы

Тарих қойнауына еніп бара жатқан 2024 жыл «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы үшін табысты кезең, жемісті жыл болды деп нық сеніммен айта аламын.

Мақсаты ортақ, мүддесі бір, ауызбіршілігі мықты ұжым ретінде алға қойған межемізді түгелдей дерлік орындап шықтық. «Еңбектің өнбегі бағалы» дейді халқымыз. Табандылық танытумен, қажыр-қайрат жұмсаумен келген жетістіктеріміз еселі деп білеміз. Жыл аяқталып, есеп беретін тұста, әрбіріміздің үлесіміз бар, маңдай теріміз сіңген таудай табыстарымыздың бірқатары туралы айтып өтуді жөн көріп отырмын.

Алдымен жақтастарымыз­дың қатары артқанынан бізге деген азаматтар сенімінің жоғары еке­нін көріп, қуанып отырмыз. «АMANAT» партиясының Түр­кістан облы­сындағы құрамы 1400 жаңа мүше­лермен толығып, қа­тарластары­мыздың саны 84 мың адамға жетті. Түрлі еңбек ұжым­дарында Отаны­мыздың қуатын арттырып отырған жақтастарымыз 242 бастауыш партия ұйымдарына бірігіп, Мем­лекет басшысы қолға алған түбегейлі саяси реформа­ларды ауыл-аймақ­тарда нақтылы іске асыруға жұмы­лып, партия­мыздың шын мәніндегі өзгерістер жаршысы болып танылуына күш жұмсап келеді. 

Партияластарымыздың ара­сында терең ауызбіршілік орнық­қанын биылғы жылдағы үлкен саяси науқан – АЭС салу бойынша өткен референдум дәлелдеп берді. Қоғамда жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға жетелейтін нау­қанның алғы шебінде аманаттық өкілдер жүрді. Бір айға жуық мер­зімде АЭС салуды қолдау жө­ніндегі Халықтық штаб өкілдері облысымыздың әр қиырындағы 500-ден астам елді мекенге табан тіреді, барлығы 730 түсіндіру кездесулерін өткізді. 

Парламент Мәжілісінің және партиямыздың Төрағасы Ерлан Қошанов биылғы жылдың ішінде облысымызға жұмыс сапарымен екі мәрте келді. Төлеби ауданында «Жастар Рухы» жастар қанаты өт­кізген республикалық саяси ла­герьде АЭС салу бойынша партия­мыздың ұстанымы алғаш мәрте жария етілді. Республикалық Ха­лықтық штаб өкілдерінің бей­біт атом энергетикасы туралы өңір­лердегі түсіндіру жиындары Түркістаннан бастауын алды. Бұл да бізге артылған үлкен сенім бол­ғанын айтуымыз керек.

Елімізде алғаш мәрте эконо­микалық мәселені қоғам тал­қы­сы­на шығарған референдумға Түркістан өңірінің дауыс беру құқығына ие тұрғындардың 75 пайыздан астамы қатысып, қоғам игілігі үшін атқарған жұмыс­та­рымыздың нәтижесін көрсетті.

Республикалық сайлауалды штаб бекіткен жоспардың барлық 16 тармағы толықтай орындалды. Оның ішінде Кентау қаласына қатысты жылу энергоорталығын реконструкциялау жұмыста­ры­ның бірінші кезеңі аяқталып, тұрғындар сапалы жылу қуатымен қамтамасыз етілді, кәсіпорында өндірілетін электр қуатының кө­ле­мі артты. Кентау қаласы мен оған іргелес елді мекендердің эко­логиялық мәртебесін айқындау мәселесі шешімін тапты.

Партияның сайлауалды бағ­дарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол карта­сының 2024 жылға жоспарланған 126 тармағын орындау айрықша бақылауымызда болды. Партия айқындаған міндеттердің жүзеге асуына Түркістан облысының әкімі, Түркістан облыстық мәсли­­ха­тының төрағасы, фракция де­пу­таттары, басқарма және де­пар­­та­­­­мент басшылары, аудан, қала әкімдері бір кісідей үлестерін қосып, азамат­тардың табысы мен өмір сапасын арттыру, өмір сүру жағдайларын және экологиялық ахуалды жақсарту бағыттары бо­йынша жүйелі жұмыстар жүргізді. 

Нәтижесінде, өңірімізде «Жай­лы мектеп» ұлттық жобасы бо­­йынша салынған алғашқы ны­сандар, жаңа мектептер, ме­ди­­­­ци­­налық пункттер мен амбул­а­то­рия­лар, оңалту орталығы, спорт кешендері, өрт сөндіру және по­лиция бекеттері, мәдениет үйлері ел игілігіне пайдалануға берілді. Ауызсу, газ, электр жарығы бо­йын­­ша да қарқынды жұмыстар ат­қарылды. Ауыл шаруашылығы, инвестициялық жобалар, құры­лыс саласы, жаңа жұмыс орын­дарын құру бастамалары бойынша индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы қамтамасыз етілді.

Партияның беделіне айналған «Жер аманаты» жобасы аясында, 50,4 мың гектар жерді ортақ жа­йы­лымға қайтару жоспарланса, нақтылы 62,8 мың гектардан ас­там жайылым жер қоғам игілігіне қайтарылып, жоспар 124,7%-ға орындалды. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 14 мыңнан астам азамат отбасылық табысты бас­қару негіздері бойынша білім алып, тұрғындардың қаржылық сауаттылығын көтеруге арналған жоспар 135,6%-ға орындалды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында, 2023 жылы берілген несиелердің қайтарымы 1,6 млрд теңгені құра­ды. Оның 1,1 млрд теңгесіне 142 жоба қайта қаржыландырылды. Жобаны жалғастыруға 62 ауыл­дық округ және 62 кооператив белгіленді.

«Таза Қазақстан» жалпы­ұлт­тық экологиялық акциясы шең­беріндегі «AMANAT» партия­сы­ның «Таза бейсенбі» апталығы об­лысымыздың барлық айма­ғын­да өтіп, оған 19 мыңға жуық адам қатысты, өзен, көлдер жағалаула­рынан, тау бөктерінен, тарихи және киелі орындардан, көпші­лік­тің демалыс орындары болып түзілген аймақтардан 275 тон­на­дан астам қоқыс шығарылды. Күзгі мезгілде қарқынды жүрген тал егу жұмыстарына аманаттық өкілдер елеулі үлестерін қосты.

Бұл бастаманың маңызын арт­тыруда партияның Түркістан об­лыс­тық филиалы экологиялық тазалық жұмыстарын көпшілік қадір тұтатын, киелі жер деп ба­йыптап, қасиетті орынға балай­тын аумақтарда өткізуді дәстүрге айналдырды. Партияласта­рымыз­дың ұйытқы болуымен осы маз­мұндағы ізгілікті істеріміз Қожа Ахмет Ясауи, Ақбура әулие, Ға­йып Ерен Қырық Шілтен, Кеме­қалған, Гауһар ана, Домалақ ана, Мұңлық-Зарлық, Жаныс баба, Түр­кібасы әулие, Баба түкті Шаш­ты Әзиз, Бәйдібек баба, тағы бас­қа көптеген қасиетті орында өтті.

«Кедергісіз келешек» жобасы аясында Сауран ауданында 200 орындық ересектерге арналған са­уықтыру орталығы ашылса, мүм­кін­дігі шектеулі балалар ара­сын­да «Тең мүмкіндіктер» спорт­тық фес­тивалі өтті. Ал «Арда­гер­лерді ар­дақтайық!», «Ұлттық мұ­ра» жо­ба­ла­ры шеңберінде өмір жасы 100-ден асқан қарияларға құрмет көрсетіліп, барлық аудан-қала­лар­да және облыстық дең­гейде «Ба­тагөй қария» байқаулары болып өтті.

Партия филиалы ұйтқы бол­ған, қоғамды топтастырған іс-ша­ра­лардың қатарында бастауыш пар­тия ұйымдарының, ауыл әкім­­­­­дері­­нің, депутаттардың, Әйел­дер қа­­­­на­ты мүшелерінің форум­да­­­рын атап өтуге болады. «Кітап – AMANAT» ор­талықта­­рын Же­ті­­­сай­дың ізімен Түлкі­баста, Мақта­рал­да ашуға ұйытқы болдық. Пар­­тия­ның об­лыс­тық филиалы Әйел­дер қана­тының баста­масы­мен Түркістан қала­сында Әйелдер қанатының ме­диация орталы­ғында қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды. 

Партия филиалына қарасты қоғамдық қабылдау бөлмелері 18 мыңнан астам азаматтың шағым­дарын тыңдады, оның 63 пайыз­дан астамы оң шешім тапқанын баршамыз атқарып отырған жұ­мыстың оң нәтижесі деп білеміз. «Құқықтық көмек» жобасы нағыз халықтық бастамаға айналып, шалғай елді мекендерде біз өткіз­ген 264 мобильді көшпелі қо­ғамдық қабылдаулар тұрғындар­дың ең жоғары бағалауына ие болып отыр.

Депутаттық корпуспен де жұ­мысты жүйелеуді нәтижелі іске асырып келеміз. Бұл бағытта фракция мүшелерінің жұмысын бағалау жүйесін енгізіп, олардың қорытындыларын Саяси кеңес бюросы мен фракция отырыс­та­рында қарау тәжірибесін енгіздік. Республика өңірлерінің ішінде Түркістан облысы екінші жыл қа­тарынан облыстық мәслихат де­путаттарының және аудандық, қалалық мәслихаттар төрағала­рының қатысуымен брифингтер өткізуді қолға алды.

Партиямыздың жастар буыны еліміздегі көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен аймақтар­дың тұрғындарына гуманитарлық көмек жөнелту ісімен белсене шұ­ғылданды. Бұл жұмыстарға ама­наттық депутаттар, Әйелдер қа­наты да үлестерін қосып, табиғи апат болған аймақтарға алғаш­қылардың бірі боп жетті.

Облыстық «Жастар Рухы» жастар қанаты «Ақылман» ойын­дарының іріктеу кезеңдері мен облыстық байқауын өткізді, өңі­ріміздегі саяси партиялар ара­сында «Мәслихат Cup» футболдан жарыс ұйымдастырды тағы да басқа қоғамды топтастыратын маңызды іс-шараларды, патриот­тық акцияларды ұтымды атқара білді. Осы жұмыстардың нәти­жесінде партиямыздың «Жастар Рухы» жастар қанатының Түркіс­тан облыстық филиалы респуб­ликада ең үздік аумақтық филиал деп танылса, осы құрылымның консультанты, жас белсенді Ер­кебұлан Мадиярұлы Түркістан облысының үздік волонтері деп танылып, түркістандық қоғам­дастықтың ыстық ықыласына бөленді.

Ортақ іске бірлесе жұмылып, жанашырлықпен атқарған істе­ріміз бізді осындай бедел биігіне, үстем абыройға жеткізіп отыр. Ұжыммен келген еңбектің тәтті жемісін көруді – үлкен бақыт деп білемін. Жылды табысты аяқтауға көмекші болған, жүктелген іске аса жауапкершілікпен қараған әріптестерім, партия, белсен­ді­лері, бастауыш ұйымдардың өкіл­дері бүгін партияның «Бел­сенді қызметі үшін» қоғамдық награ­дасымен, «Түркістан об­лысына сіңірген еңбегі үшін» төсбел­гі­сімен, Түркістан облысы әкімінің Алғыс хатымен және Түркістан облыстық мәслиха­тының Грамо­тасымен марапат­талды. Қоғам мен билік ара­сын­дағы алтын көпір миссиясын ат­қарып жүрген бар­лық партия­ластарыма шына­йы ризашы­лы­ғымды білдіріп, алғы­сымды жет­кіземін!

Партияның Түркістан облыс­тық филиалы алдағы 2025 жылы да белсенді ұстанымда болып, жұмыс қарқынын еселей түседі деген сенімдемін. Бұл жұмыстар­дың барлығының басы-қасында еліне адал қызмет ететін, еңбек­қор, болашаққа нық қадам баса білетін өздеріңіз секілді партия­ластарымыз жүр деп білемін!

Кіріп келе жатқан 2025 жыл­дың алтын арайлы мекенімізге төгетін шапағаты көп болғай! Әр­бір қазақстандық отбасы бақыт шуағына бөленіп, ырыс-несібесі молынан болсын! Еліміз дәулетті, мемлекет қуатын арттыруға арна­ған жұмыстарымыз жемісті бола берсін!

Алтынсары ҮМБЕТӘЛИЕВ,

«AMANAT» партиясы Түркістан

облыстық филиалының төрағасы