Белсенді бизнес экожүйесін құрмақ

Ел тарихына жазылғандай, 2018 жылғы 14 қарашада ел Президентінің қатысуымен «Астана» қаржы орталығы ашылып, биржасында бірінші сауда-саттық рәсімі өткізілді. Бұл символға толы оқиға еді.

Біріншіден, ел басшылығы халықаралық биржамыздағы алғашқы сауда-саттық ұлттық валютамыздың 25 жылдық мерейтойына орайластырылғанын айтты. Екіншіден, әлемдік жалғыз алпауытымыз «Қазатомөнеркәсіп» сол күні тұңғыш рет ІРО-ға шықты. Символдық мәні зор өзге де жайттар жетерлік. Содан бері аттай алты жыл өтті. Не нәтиже бар? Неге АХҚО әлі күнге бюджет мойнында отыр?

Күткен үміт ақталды ма?

«Мемлекеттің мықты тірегіне айналып, бюджетті молынан тол­ық­тырады деп күтілген «Ас­тана» халықаралық қаржы орта­лығын бюд­жеттен қаржыландыру неге жал­ғасып жатыр?» деген сауал қал­ау­лы­лардың да санасына шан­шу­дай қадалып, басын қа­тырып жүр. 

Мәжіліс депутаттары бұл орталықты құрғанда, сол үшін Ата заңды өзгерткенде (АХҚО Жо­ғарғы сотқа бағынбайды әрі Қа­зақстан мен ТМД көлемінде тек соның аумағында ағылшын-сак­сондық коммерциялық құ­қық­қа құрылған бөгде юрисдик­ция қол­данылады), оның елге келтіруге тиіс пайдасы, қайтары­мы нақты жарияланғанын еске салды. 

Біріншіден, бұл орталық – ел­­ді орнықты дамытуға тиіс. Екін­­ші­ден, ол елімізге шетел­дер­дің ка­пи­талын тартудың қуатты құ­ра­лына айналып, қор нарығын жаңа даму деңгейіне шығаруға тиіс. Алайда Қазақ­станға келетін тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) көлемі төмендеп барады. 

Үкіметтің ресми дерегінше, орталық құрылғанға дейін, 2018 жылы Қазақстан 24,3 миллиард доллар ТШИ тарта алыпты, бұл ал­дыңғы жылдағыдан 15,8% көп. 2023 жылдың қорытындысында ел­ге небәрі 23,4 млрд доллар тіке­­лей шетелдік инвестиция кел­ген. 2022 жылғыдан 16,9%-ға құл­дыра­ған. Соның ішінде елге келе сала, қайта әкетілмегені, «таза тікелей шетелдік инвести­ция­лар ағыны» 2 есеге – 2022 жыл­ғы 6,5 миллиардтан 2023 жылы 3,2 мил­ли­ард долларға дей­ін құлады. 

Төмендеу жалғасты. Ұлттық банктің дерегінше, биылғы қа­зан­дағы жағдай бойынша таза тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 2024 жылдың басынан бері небәрі 1 млрд 594 млн дол­ларды құр­ады. Мұнда ІІ тоқсанда тіпті минустық көрсеткіш тіркел­ді: ел­ден әкетілген капитал елге кел­ген ТШИ-ден үш жүз мил­лион­ға асып түсті (-302 млн дол­лар). Сал­ыстырсақ, 2016 жылы елге кел­ген тікелей инвестиция­лардың таза ағынының көрсет­кіші ре­корд­тық 8 млрд 514 дол­ларға жет­­кен. Бұл кері кетулердің сұ­ра­уы кімнен болады?

Ел басшылығы «Астана» қар­жы орталығын – өңірдің басты қаржы хабына айналдыру мінде­тін де қойды. Ол неге орындал­мады? Бұған халықаралық санк­циялардың өңірдегі АХҚО-ның бақталасын – «Мәскеу хал­ықара­лық қаржы орталығын» күй­ретуі де көмектеспепті.

Салыстырсақ, Дубай халық­-ара­лық қаржы орталығы (DIFC) 2004 жылғы қыркүйекте құрыл­ды. Содан бері DIFC-дің елдің ішкі жал­пы өніміне қосқан үлесі 8%-ға жеткен! Яғни, осы орталық ел экономикасының сегіз пайыз­ын бір өзі беріп отыр. 

Мәжіліс депутаты Ирина Смир­нованың айтуынша, Қаржы министрлігі «Астана» қаржы ор­та­лығын қаржыландыруға ақша сұрап, Парламентке тағы жүгінді. Ол ақша 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюд­жет­­тің «Астана» халықаралық қар­­жы орталығының әкімшілігі» АҚ-ына нысаналы аударым» ат­ал­а­тын 099-шы бюджеттік бағ­дар­ламасы аясында бөлінді. Де­пут­ат бұл орталықтың «тәбеті», бюд­жетке артқан шығындары жыл сайын азаймай жатқанына назар аудартты. Мысалы, 2024 жылы аталған 099-шы бюджеттік бағдарлама аясында АХҚО-ға 8 млрд 910 млн теңге берілді. Ал ал­дағы үш жылдық шығысы 21 мил­лиардтан асып кетпек.

– Қаржы орталығы 6 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы жыл­дар бойы республикалық бюджет оны ұстап тұру үшін қып-қызыл шығынға батты. Ор­талық­тың қаптаған ұйымдары мен ор­ган­дарын ұстап тұру, олар­дағы жоғары жалақылы қызмет­керлер мен бастықтардың еңбек­ақысын, сыйлықақысын, бас­қа­сын төлеу өте ауқымды соманы талап етеді. Меніңше, мемле­кеттік қаржы­лан­дыру АХҚО-ның бастапқы кезеңде ол еңсесін тіктеп, төрт аяққа тең тұрып кетуі үшін қажет болды. Оның бүкіл инфра­құрыл­ымын мемлекет өзі құрды. Тех­но­­логияларының дамуына жағ­дай жасады. Дүние­жүзінен бі­лікті мамандарды тартуына мүм­кін­дік берді, – деді И.Смирнова.

Мемлекет халықаралық қар­жы орталығы үшін елдегіден қатты ерекшеленетін төл заңна­ма­сын түзіп берді. Бүгінде АХҚО Парламенттен сұрамай, өз заң­дар­ын өзі жазады. 

«Алайда қабылданған алдағы үш жылдық бюджетке сәйкес, «Ас­тана» халықаралық қаржы ор­та­лығын республикалық бюд­жет­тен қаржыландыру кейінгі 3 жыл бойы әрі жалғаспақ. Осы мақ­сатта шамамен 21,7 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Осы­дан сұрақ туады: неге АХҚО-ны бюд­жеттен қаржыландыру жал­ғасып жатыр? Ол әлдеқашан өзін-өзі ақтауға көшуі керек еді», – деді Мәжіліс депутаты.

Бірқатар сарапшы АХҚО-ны «Астана ортасындағы оффшор» деп атап жүр. Олардың айтуын­ша, негізгі табысын Қазақстанда та­ба­тын компаниялардың да АХ­ҚО-да тіркелуі оларға салық­тан жалтаруға мүмкіндік беріп, мем­ле­кет­тік бюджетті елеулі түсімнен айырады. Өйткені АХҚО-да тір­келген ұйымдар біраз салықтан босатылады.

АХҚО неге танымал?

«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ре­нат Бектұров халықаралық нар­ыққа шыққысы келетін ком­пания­лар бизнесін тіркеу үшін орталықтың юрисдикциясын таңдайтынын айтады.

– Бұл – әркімнің өз таңдауы. Ұлттық заңнама ешкімді АХҚО-да тіркелуге міндеттемейді. Мы­салы, Қазақстан аумағында ғана бизнес жүргізетін компания қа­зақ­стандық юрисдикцияда қала алады. Егер Қазақстанмен шек­телмей, сондай-ақ Орталық Азия елдерінде жұмыс істегісі келсе, таңдауы кеңейеді. Мысалы, әл­ем­нің бірнеше елінде әрекет ете­тін жаһандық бизнес көп нұсқаны қарастырады, Синга­пур, Дубай, Гонконг және басқа ірі қаржы ор­та­лықтарында тір­келеді, – деді Р.Бектұров.

Ол өзінің мақсаты – елде бел­сенді бизнес-экожүйесін құру екенін нықтады. Бұған АХҚО юрис­дикциясын таңдаған ком­пания­лардың санын арттыру ар­қылы да қол жеткізбек. АХҚО бас­қарушысы өз бизнесін осы орталықта тіркеуді таңдаған ком­­паниялардың саны 3 500-ге жу­ық­тап қалғанын мәлімдеді. 

– Былтыр бізде рекордтық өсім болды: АХҚО-ға бірден 672 компания қосылды. Биыл бұл рек­ордты жаңарттық. 1,1 мыңнан ас­там компания тіркелді. Қаржы орталығында қаржы компания­лары ғана емес, сондай-ақ тау-кен өндіру, сауда, ІТ, ауыл шаруа­шылығы сияқты басқа да са­ла­лар­дың бизнестері қаптап тіркел­іп жатыр. Бұл бізге әр алуан және кешенді экожүйені құруға мүм­кіндік береді. Оларда әртүрлі салалар өзара ықпалдасып, бірге дами алады, – деді Ренат Бек­тұров. 

Орталықта 85 елдің, соның ішінде Қазақстан, АҚШ, Ұлы­бри­тания, Қытай, Түркия, Син­гапур және басқасының ком­пания­лары тіркелді. 2024 жылы тіркелген компаниялар арасында қаржы компанияларының үлесі 36%-ды құрады. Ақпарат және байланыс саласының еншісі – 10%, кәсіби, ғылыми және тех­ни­калық қызмет – 8%, тау-кен өнер­кәсібі – 8%, қосалқы қызмет көр­сетушілер – 1%, көтерме және бөлшек сауда компания­лары – 18%. 19%-ы өзге қаржы­лық емес секторларға тиесілі.

Ал Қаржы министрі Мәди Такиев АХҚО-ны бюджеттен қар­жы­ландыру жалғасып жат­қанын жасырмады.

– Шынында, бүгінде оның басқарушы компаниясының ең­бек­ақы төлеу қорын толығымен республикалық бюджеттен төлеп отырмыз. Оның құрамында АХ­ҚО Соты, АХҚО Халықаралық төрелік орталығы, Жасыл қаржы орталығы бар. Бұл органдар өз бетінше табыс таба алмайды. Сондықтан оларды республика­лық бюджеттен ұстап тұруға тура келеді. Негізі, халықаралық тәжі­рибе де соған ұқсас. Ел үкіметтері мұндай үлкен орталықтардың опер­ациялық шығыстарын ел қар­жысынан өтейді, – деді елі­міз­­дің бас қаржыгері. Бірақ қан­дай хал­ықаралық қаржы орталы­ғында солай екенін нақтылап жатпады.

Министр АХҚО шығынын азай­туға уәде етті: «2025 жылға 8,9 миллиард теңге бөлуді жос­парладық. Биылғы жыл қоры­тын­дысында орталыққа тіркел­ген компаниялар 50 миллиард теңге­ден астам салық төлейді деп кү-т­іл­еді. АХҚО құрылғалы бері оның қатысушылары салықтар түрінде 115 миллиард теңге түсім түсірді. Ал біз АХҚО-ны ұстап тұруға осы жылдары бюджеттен 107 мил­лиард теңге шығындадық. Тір­келген компаниялардың бел­гілі бір пулына қол жеткізілсе, орта­лық өзін-өзі қаржыландыра ала­тын дәрежеге жетуі мүмкін. Бірақ ол жағдайда да еңбекақы төлеу қорын бәрібір бюджет көтереді», – деді Қаржы министрі Мәди Такиев. Ендеше бұл орта­лық бюджет мойнынан ешқашан түспейтінге ұқсайды.

Он мыңдай адам не бітіріп жүр?

АХҚО басқарушысы Ренат Бектұровтың мәліметінше, жұ­мыс істеген барлық кезең – 6 жыл ішінде АХҚО елге жалпы көл­емі 14 миллиард доллар ғана инвес­тиция тарта алған. Алайда оның 6,7 миллиард доллары – Astana International Exchange биржа­сындағы портфельдік ин­вести­ция­лар, акциялар ғана. Қалған 7,3 млрд доллары – АХҚО қаты­су­шыларының ин­вес­тициясы. 

– Қаржы орталығы ашылғалы ол өңірге инвестициялар тартуға жәрдемдесу үшін қажетті жағдай­лар мен инфрақұрылымның, сон­­дай-ақ инвесторлар үшін қол­­айлы әрі түсінікті ортаның қал­ып­тасуына берік негіз жаса­ды. Биыл назарымызды бұрын құр­ыл­ған платформаларды тиім­ді дамытуға аудардық. AIX-те сауда-сат­тық көлемі 2 есе өсті. Юрис­дик­циямызға ірі ком­пания­лар келді. Алғаш рет жергі­лікті сукук листингтен өтті. Ин­вестициялық қорлардың көлемі өсті. Бірнеше криптобиржа тол­ық реттеуші режимге шықты. Орталықтың құ­қықтық базасы жетілдірілді. Биылғы жыл нәти­же­лері елдің қаржы саласын одан әрі дамыту­дың іргетасын қалады, – деген сенімде Р.Бектұров.

АХҚО баспасөз хатшысы Ай­нұр Исабаеваның мәліметінше, 2024 жылы «Астана» халықа­ралық қаржы орталығы арқылы 3,1 млрд доллар инвестиция тар­тылды. Бірақ соның ішінде бас­ым бөлігі, 2,1 млрд доллары – Astana International Exchange биржасындағы портфельдік инвестициялар. Қал­ған 1 мил­лиарды ғана – АХ­ҚО қатысу­шыларының инвес­тициясы. 

Айта кету керек, «Global Fin­ancial Centres Index36» рей­тингіне сәйкес, бүгінде АХҚО бар­лық қар­жы орталығының ара­сында 62-ші орында тұр.

Орталықтың дерегінше, би­ы­лғы жылдың ІІІ тоқсаны қоры­тын­дысында АХҚО қатысушы­лары Қазақстан бюджетіне 41,3 млрд теңге салық төледі, бұл өт­кен жылмен салыстырғанда 4,3 млрд теңгеге артық. Қаржы орта­лығы қызметінің бүкіл кезеңінде 126,5 млрд теңге салық төленді. Сонымен қатар АХҚО экожүйе­сінде 2 353 жұмыс орны құрылды. Бұл орталықта жалпы саны 9 600 адам жұмыс істейді.

Бұл сандар АХҚО-дан азды-көпті қайтарым барын аңғартады. Тек сарапшылар дабыл қаға ай­тып жүрген проблемалар шеші­мін тапса, құба-құп.

Елдос СЕНБАЙ