2024 жылдың ең басты спорттық шарасы Париждегі олимпиада ойындары болды. Тартысты спорт додасында 205 ел бақ сынап, 93 елдің өкілі жеңіспен оралды. Қазақстан жалпыкомандалық есепте 43-орынға жайғасты. Еліміз бір алтын, 3 күміс, 3 қола медальді місе тұтты. Жалпы, ел тарихында құрамамыздың басты жетістігі – дзюдошы Елдос Сметовтің триумфын айтпасқа болмас. Белгілі спортшы 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде оза шауып, дзюдодан Қазақстан тарихындағы алғашқы Олимпиада алтынын еншіледі. Айта кетсек, Елдос Сметов өз мансабында үшінші рет Олимпиада жүлдесін алды. 2016 жылы Рио олимпиадасында күміс медальді жеңіп алса, 2020 жылы Токиода қола жүлдені қанағат етіп еді. Тағы бір дзюдошымыз Париж астанасында Ғұсман Қырғызбаев та көзге түсті. Ол 66 келіге дейінгі салмақта үшінші нәтиже көрсетті. Қола медаль үшін өткен жекпе-жекте Ғұсман сербиялық Страхиня Бунчичтен басым түсті.
Сондай-ақ Парижде гимнаст Нариман Құрбанов тарихи күміс медальді жеңіп алды. Бұған дейін Қазақстанда спорттық гимнастикадан Олимпиада жүлдегерлері болмаған. Нариман ат үстіндегі жаттығуда ерекше көзге түсті.
Тағы да бір тарихи жетістіктердің бірі – Демеу Жадраев Франция астанасында грек-рим күресінде финалға шығып, күмісті қанжығалады. Ол 20 жыл ішінде Олимпиада финалына шыққан алғашқы қазақстандық атанды.
Ал нысана көздеуде Александр Ле мен Ислам Сәтпаев қола жүлде жеңіп алды. Нысана көздеуден Қазақстан құрамасы 28 жыл бойы Олимпиададан мүлде жүлде алып көрмеген еді.
Париж олимпиадасында бокстан Нұрбек Оралбай (80 келіге дейін) күміс медаль жеңіп алды. Үшінші орынға Назым Қызайбай (бокс, 50 келіге дейін) және дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев көтерілді.
Олимпиададағы жетістіктерден бөлек, Қазақстан құрамасының спортшылары ересектер арасындағы әлем чемпионаттарында да көзге түсті. Денис Никиша шорт-тректен әлем чемпионатында екінші орынға ие болды. Ол бұл спорт түрінен ересектер арасындағы әлем біріншілігінде медаль алған алғашқы қазақстандық ретінде тарихқа енді.
Араға көп үзіліс салып құрамамыздың ауыр атлетикадан бағы жанды. Жақында өткен әлем чемпионатында біздің зілтеміршілер екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алды. Алтын жүлдені Нұрғиса Әділетұлы (96 келіге дейін) және Артем Антропов (102 келіге дейін) иеленсе, Алексей Чуркин (81 келіге дейін) күміс жүлде жеңіп алды. Медальдар санында Қазақстан 76 елдің арасында үшінші орынға ие болды. Алда тек Солтүстік Корея мен Қытай тұр. Өткен әлем чемпионатында Қазақстан медальдардан айырылған еді. Сондықтан қазіргі нәтиже – бұл құраманың нағыз жетістігі, ал болашақта атлеттерден одан да үлкен жетістіктер күтуге болады.
Жеңіл атлетикадан да отандастарымыз жеңіс тұғырынан көрінді. Асан Сәлімов пен Дарья Ясинская FIG World Challenge Cup 2024 турнирінің жеңімпаздары атанды. Спорттық гимнастикадан Венгрияның Сомбатхей қаласында өткен Challenge Cup жарысында Қазақстан құрамасы екі алтын медаль иеленді.
Сондай-ақ әртістік жүзуден Қазақстан құрамасының спортшылары Эдуард Ким мен Наргиза Болатова аралас жұп (техникалық бағдарлама) бойынша әлем чем пиондары атанды. Бұл – еліміз үшін тарихи жеңіс.
Тарихи жеңістердің қатарына Ризабек Айтмұханның да есімі бар. Ол еркін күрестен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанды. 92 келіде сайысқа шығып финалда әзербайжандық Осман Нурмагомедовті жеңді. Еркін күресте қазақтан шыққан әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасов болса, егемен ел тарихында Ризабек – тұңғыш алтын иегері. Осылайша, Ризабек 3 түрлі жас санатында әлем чемпионатында алтын алған тұңғыш қазақ балуанына айналды. Еске сала кетейік, Ризабек былтыр Белградта ересектер арасында (92 келіге дейінгі салмақ), ал биыл Понтеведра қаласында 20 жасқа дейінгі балуандар арасында әлем чемпионы (97 келіге дейінгі салмақ) атанған. Сонымен қатар еркін күрестен Нұрқожа Қайпанов әлем чемпионы атанды. Ол олимпиадалық емес салмақ дәрежелерінде өткен әлем біріншілігінде 70 келіге дейінгі салмақта үздік шықты.
Боксшыларымыз осы жылдың ең ірі турнирінде жақсы нәтиже көрсетті. Тайландта өткен Азия чемпионатында отандастарымыз 10 алтын, 4 күміс және 6 қоланы жеңіп алып, жалпы есепте 1-орынға табан тіреді. Өзбектермен шайқасқа түскен финалдық бәсекелер өте тартысты әрі қызық өтті. Одан бөлек Қазақстан чемпионатында Назым Қызайбай мен Төрехан Сабырхан ең үздік деп танылып, марапатқа ие болды.
Әлемдік аренада ең танымал UFC турнирінде өнер көрсетіп, жеңіске жеткен отандастарымыз аз емес. Олардың арасында ең танымалы – 19 рет жеңіске жеткен Шавкат Рахмонов. Биыл оның жеңісі қазақстандықтарға ерекше қуаныш сыйлады. Тартысты жекпе-жекте жеңіліс көрмеген қазақстандық, UFC файтері Шавкат Рахмонов ирландиялық Ян Гарримен жұдырықтасты. 5 раундқа жалғасқан жекпе-жекте төрешілердің отандасымызға жақтасты. Осылайша, Шавкат Рахмонов UFC-тің мықты жауынгері екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Былғары доптан да құрамамыздың белестері де биік. Футзалдан оныншы әлем чемпионаты Өзбекстанда өткен еді. Чемпионатта Қазақстан құрамасының өнер көрсеткені жанкүйердің есінде қалып, ұмытылмас эмоция сыйлады. Футзалдан Қазақстанның ерлер командасы 1/8 финалында жеңіске жетіп, 1/4 ойынында біздің команда Португалиядан келген қазіргі әлем чемпиондарына қарсы ойнады. Қызығы мен шыжығы бірге жүрген ойында жеңіс біздің жігіттерге бұйырды. Осылайша, Қазақстан әлем чемпионатының ширек финалына шығып, сол жерден жарыс жолын аяқтады.
Осы жылдың қыркүйек айында Астанамызда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында апта бойы 21 спорт түрінен әртүрлі жарыстар өтті. Дүбірлі додаға 89 мемлекеттен 2 500-ге жуық спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы барлығы 114 медаль олжалады: 44 алтын, 33 күміс, 37 қола медаль алған еліміз командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Қоржынында 64 медалі бар Қырғызстан (18 алтын, 21 күміс, 25 қола) екінші орын, 34 медалі бар Өзбекстан (11 алтын, 12 күміс, 11 қола) үшінші орынға жайғасты.
Спортпен қатар қазақстандық жастарымыздың интеллектуалдық әлеуеті де жоғары екендігі дәлелденіп келе жатыр. Әлем біріншілігінде жас шахматшыларымыз керемет нәтиже тіркеді. Рапид және блиц бойынша жастар арасындағы әлем чемпионатында біздің қыз-жігіттеріміз жүлделі 10 медальді қоржынға салды. Мажарстанда өткен Олимпиадада тамаша өнер көрсеткен шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасының мүшелері қыздар арасындағы әлемдік топ-100 рейтингісінде өз позицияларын жақсартты.
Жеңісті күндеріміз жаңа жылда да жалғасын тапқай!
Әсет ҚАЛИ