Жұмысшының өлімі: құрылыс компаниясының басшысы кінәлі деп танылды

Қостанай облысында екі жұмысшының өліміне себепкер болған құрылыс компаниясының директоры сотталды.

Соттың мәліметінше, қайғылы оқиға Қарабалық ауылындағы хоккей кортының құрылысы кезінде болған.

2024 жылдың шілде айында жауапкер өзінің қарамағындағы жұмысшылар Н. және К.-ға тәжірибелі маманның қадағалауынсыз құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуді тапсырған.  Олар техникалық жағдайы тексерілмеген “HPLift 15T” маркалы телескопиялық тіркеме көтергішті пайдаланған.

"Салдарынан Н. және К. жерден 10-11 метр биіктікте орналасқан көтергіш платформасынан құлаған. Олар алған дене жарақаттарынан көз жұмды", – делінген сот хабарламасында. 

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған қылмысына өкінетінін жеткізген. Ал жәбірленуші тарап сотталушыны бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Сот сотталушыны 3 жыл мерзімге сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, төрт жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды.