"Майлы, әсіресе қой етінен жасалған ыстық тағамнан бас тартқан жөн" – диетолог

Жаңажылдық дастарханнан жеуге болатын тағамдар аталды. Әсіресе, қант диабетіне шалдыққан жандар осыны сақтағаны дұрыс.

"Салауатты тамақтану" ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары, диетолог Алексей Кабанов қант диабетімен ауыратын жандар үшін жаңажылдық дастарханнан жеуге болатын тағамдарды атады, – деп хабарлайды Аikyn.kz Massaget.kz сілтеме жасап. 

Диетолог жаңажылдық ас мәзірін жасағанда шөптер, көкөністер, теңіз өнімдері мен авокадо қосылған салаттарға көбірек назар аудару керегін айтты. Ал тұздық ретінде өсімдік майларын қолдануға кеңес берді. Бұл ретте ол шұжық пен ет қосылған салаттан бас тартқанды дұрыс санайды. 

"Майлы еттен жасалған ыстық тағамдар, әсіресе қой немесе шошқа еті сөзсіз қант диабеті бар жандар үшін жарамайды. Жалпы бұл тағамдарды тек жаңа жыл күні емес, үнемі қаперде ұстаған жөн. Ал жаңажылдық дастарханға күркетауық, тауықтың төс еті, майсыз сиыр еті немесе балық пісіруге кеңес беремін. Гарнирге пісірілген картоп, булгур немесе қарақұмық сияқты жарма және бұршақ дақылдары таптырмас тағам болар еді", – дейді ол.

Кабановтың сөзінше, жаңажылдық дастарханда қант диабеті бар жандар алкоголь ретінде құрғақ шараптарды таңдап, оларды қалыпты мөлшерде ішкені дұрыс. Әсіресе бір адам 200 мл-ден асырмай ішкені абзал. Оған қоса, диабетке шалдыққан адам мерекеде тәтті тағамдардан мүлдем бас тартуы керек.