Ол мас күйінде көлік жүргізді деп айыпталып, 15 күнге қамалған болатын.
"Полицейлер ақша алғысы келген": отандық әнші 15 күнге не үшін қамалғанын айтты
3,184
оқылды

Танымал әнші Арман Сейтжаппаров (ARO) оқиғаның қалай болғанын Zamandas подкастына берген сұхбатында айтып берді. 

Оның айтуынша, рөлге мас күйінде отырмаған. Ол өзінің сыра ішкенін мойындады, бірақ көлікті ағасы жүргізген екен. 

"Сол күні келіншегім екеуіміз "Қазақстан" қонақүйінің жанындағы тамақтанатын орында тамақ іштік. Сонда бір-екі стақан сыра ішкенім рас. Бірақ қайтарда жұмысында сап-сау отырған ағамды шақырдым. Үйге жеткізіп тастауын сұрадым. Ол жұмысынан келіп, бізді алып кетті. Келіншегімді жолдан үйге апардық. Одан менің жұмысыммен концерттің дайындығына бара жатқанбыз. Жолдан патруль қызметкерлері тоқтатып алды. Рөлдегі ағамды тергеді. Сақтандыру құжаты болмағаны рас. Айыппұл жазып беруін өтіндік. Олар ағамды алкотестерден өткізді. Тап-таза шықса да, сендер бірдеңе қабылдағансыңдар деп шүйлігіп алды", – дейді ол. 

Әнші сол сәтте патруль қызметкерлерімен барынша әділетті түрде сөйлесіп, артық ештеңе ұсынбағанын айтты. Оның сөзінше, полицейлер әншіден бір нәрсе дәметкен. 

"Көлігім жаңа еді. Өзім де шапан киіп, әдемі болып отырғанмын. Бай біреу деп ойлаған болу керек. Барынша ақша сындырып алғысы келгенін түсіндім. Әдейі қасарыстым. Келісейік деуге де болар еді. Әдейі бермедім. Сол қасарысқаныма олар да қасарысып, ақыры СИЗО-ға алып кетті. Екі күн сол жерде болдық. Сөйтіп 15 күнге қамалдым", – деді әнші. 

Арман Сейтжаппаров – шығармашылық ортада ARO лақап атымен танымал. Қазақ альтернативті поп-музыкасының жарқын өкілі. Әншінің "Бейтаныс әуен", "Қимастық жыры", "S.Ö.Sení" деген әндері бар. 

Еске салайық, әнші 4 желтоқсан күні мас күйінде көлік жүргізді деген айыппен 15 күнге қамауға алынған болатын.