Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті мобильді аударымдарға лимит бойынша енгізілетін жаңа талаптар туралы айтып берді.
Қазір банктер үш ай ішінде әртүрлі тұлғалардан 100-ден астам аударым алған қазақстандықтар туралы мәліметтерді салық органдарына беруге міндетті. Мұндай кәсіпкерлер тауар немесе қызмет үшін заңсыз төлем алған болып саналады. Сол себепті Мемлекеттік кірістер комитеті тексеру критерийлері енді өзгеруі мүмкіндігін жеткізді. Түзетуді Ұлттық банк бекітіп жатыр.
"Бір жеке тұлғаның банк шотына қатарынан 3 ай ішінде 100 және одан да көп түрлі тұлғалардан жалпы сомасы 3 айлық жалақы мөлшерінен, яғни 225 мың теңгеден, асатын аударым қабылдаған тұлғаны тексеруді енгізу қарастырылуда”, – делінген ақпаратта.
Осылайша, жаңа түзетулер күшіне енгеннен кейін қазақстандықтардың үш айдағы мобильді аударымның саны 100-ден асса ғана жеке тұлғалардың мобильді аударымдары тексеріледі. Түскен ақшаның жалпы сомасы 255 мың теңгеден аспауы керек.
Айта кету керек, екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлік қызметтен кіріс алу критерийлеріне жататын жеке тұлғалар туралы ақпарат беруге міндетті. Оның үстіне банктер операцияларды есепке алуды және олар белгіленген өлшемдерге сәйкес келетін болса, мемлекеттік кірістер органдарына мәліметтерді ұсынуға міндетті.
Заңға сәйкес, кәсіпкерлік қызметпен тіркеусіз айналысатын барлық жеке тұлғалар жазаланады. Айыппұл 15 АЕК (2024 ж. 55 380 теңге), бір жыл ішінде қайталап бұзу 30 АЕК (110 760 теңге) мөлшерінде.
Қазақстанда мобильді аударым арқылы қанша кәсіпкердің салықтан жалтарғаны әзірге белгісіз. Мемлекеттік кірістер комитеті бұл ақпаратты банктерден 2025 жылы алатынын атап өтті.