Оның төсектен тұруына ақын Мұқағали Мақатаевтың аян беруі себеп болыпты.
"Төсекке таңылып, үш ай жаттым": Айжан Нұрмағамбетова өміріндегі қиын жағдайды еске алды
1,430
оқылды

Танымал әнші Айжан Нұрмағамбетова өмірін өзгерткен оқиғаны еске алды. Ол бұл жайында Дина Төлепбергеннің DIN DINA SHOW подкастында берген сұхбатында бөліскен.

Әншінің айтуынша,  40 жасында жол апатына түскен. Түнгі үш кезінде ауруханаға жеткізіліп, ота жасалған екен.

–  Сол кезде мен “Тездетіп бітіре салыңыздар, ертең концертім” деп айттым. Алда мені не күтіп тұрғанын білген жоқпын. Оң аяғымның еті жыртылып кеткен. Төсекке танылып, үш ай жаттым. Операциядан кейін тағы үш ай күтінуге тура келді. Қазір есептесем, екі жылдай оңалуға уақыт кетіпті. Тіл-көз де болған шығар. Сол кезде көп дүниенің қадірін білдім. Өмірге қайта келгендей болдым. Бұрын ешкімді жамандамай, дұшпанымды жауға қалдырмайтын адам едім. Одан кейін тіпті періштеге айналдым. Осы күнге дейін ешкімге ауыр сөйлеп, қарғап көрмедім. “Бақыт” деген әнімнің мағынасын сезіндім. Өз бетіңше бет жуып, тамақ ішу – бақыт екен”, – деді әнші. 

Сондай-ақ өнер иесінің төсектен тұруына ақын Мұқағали Мақатаевтың аян бергені себеп болған. 

“Жол апатына дейін “Мен деп ойла” мен “Бақыт деген...” әндерді жарыққа шығарып үлгердім. Екеуі де – Мұқағалидікі. Ақтөбелік талантты композитор Бақтығали Жұмалин Алматыға келіп, эстрада әншілерімен жолыққысы келді. 30-ға жуық әншілер ұсыныстан бас тартты. Мен ғана жеті әнін таңдап алдым. Бірі – Мұқағали атамыздың “Бақыт деген...” әні болды. Бұл – тегін емес. Аурухана төсегінде жатқанда Мұқағали атамыз менің маңдайымнан сипап, “Тұра ғой, әніңді шырқа” дегендей аян берді. Сол кезде халыққа екі ән де кеңінен таралып жатқан еді”, – деді ол.