«Нұрлы жердің» сапасы көңіл көншітпейді
«Нұрлы жердің» сапасы көңіл көншітпейді
385
оқылды
Шығыс Қазақстанда соң­ғы үш жылда «Нұрлы жер» бағ­дарламасы бойынша салы­нып жатқан үй­лер­дің сапа­сы мен қарқынына «нұротан­­дықтардың» көңілі тол­май келеді. Жақында өткен об­лыстық филиалдың партия­лық бақы­лау комис­сиясы­ның отыры­сында үйлердің ин­женерлік-коммуника­циялық жүйелері мен құрылыс жұ­мыстарына қатысты біршама сын айтылды. Жиын барысында 2017-2021 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй құ­рылысы мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асы­рылу барысы талқыланды. Об­лыстық құрылыс, сәулет және қа­ла құрылысы басқармасының бас­шы­сы орынбасарының мін­детін атқару­шы Жазира Мамыр­бекованың мәлі­ме­тіне сүйенсек, тек өткен жылы атал­­­мыш бағ­дарлама аясында са­лы­­на­­­­тын үйлердің құрылысына 40,3 млрд теңге бөлінген. Бүгінде оның 99,6 па­йы­зы игерілген. Қаржы бөлін­гені­м­ен, уақытында игеріл­меген, құрылысы тұралап тұрған нысан­дар аз емес. Соның бірі – Аягөз ауданын­дағы бес қабатты 60 пәтерлік екі тұрғын үй құрылысы. Бас­қар­ма­дағылардың айтуынша, мер­дігер компанияның нысанды уақытылы аяқтамауына жұмыс күшінің тапшылығы себеп. Сондай-ақ Семей қаласының Қарағайлы тұрғын ауданындағы 72 пәтерлік тұрғын үй кешені мер­дігер компания жұмысының баяулығынан былтыр жыл соңына дейін тапсырылмады. Қазіргі күні аталмыш нысандардың құры­лысына жауапты ұйымдармен жұмыс жүргізілуде. Сонымен бірге Өскемендегі 28-шағы­науданда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан бірқабатты тұрғын үй­лердің құрылысы да 2019 жы­лы аяқ­талуы тиіс болғанымен, әзірге үй­лердің қаңқалары ғана дайын. Инже­нерлік-коммуникациялық жүйелер әлі тартылмаған. Бақылау комиссиясының мүшелері тұр­ғын үйге қажетті жер учаскесі таң­далып, іргетасы құйылғанға дейін сол аумаққа алдымен инженерлік-ком­муникациялық жүйелер тарту мә­селесі неге басты назарға алын­бағанын сауал етіп қойды. – Бұл үйлер 2017 жылы пи­лоттық жоба аясында салынуы тиіс болған. Құрылыс жұмыстарын дереу бастау қажет болды. Сол уақытта ыңғайлы жер телімдерін қарастырғанда, қаланың шыға берісіндегі «Нұрлы көш» ауылына жақын осы жер дұрыс деген ше­шім шығарылған. Бұл жерге ин­женерлік-коммуникациялық жүйе­лер торабы жақын. Оны тар­ту­да қиындықтар туындамайды деген ойдамыз, – дейді Жазира Мамырбекова. Комиссия мүшелері тұрғын­дардан үйлердің сапасына қатысты сын жиі түсіп жатқанын атап өтті. Бұл әсіресе Өскемен қаласындағы 19-шағынауданда бой көтерген көппәтерлі баспаналарға қатысты. Аталған мәселе аудандарда да бар. Естеріңізде болса, осыған дейін Үржар ауданының орталығы – Үр­жар ауылындағы көпбалалы аналарға арналған тұрғын үйдің, Зайсан ауданының орталығы – Зайсан қаласындағы және Глубокое ауданындағы сапасыз баспаналар құрылысы туралы жазған болатынбыз. – Құрылыс жұмыстары мен ма­териалдарының сапасыздығына наразы, инфрақұрылымға көңілі толмайтын тұрғындар көбейіп барады. Құрылыс басқармасы осы мәселеге назар аударса дейміз. Мұндай үйлерді қабылдаған ко­миссия мүшелерінен де жауап алынуы тиіс. Жалпы, тұрғын үй­лерді қабылдау комиссиясына пар­тиялық бақылау орнату қажет, – деді жиында партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мұхтар Төлеген. Соңғы үш жылда облыста «Нұрлы жер» бағдарламасының арқасында мыңдаған тұрғын қолжетімді баспанаға қол жет­кізген. Тек өткен жылы аталмыш бағдарлама аясында облыста 442,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 108 пайызға артық. Биыл тағы 68 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал мерді­гер­лер тарапынан жіберілген олқы­лықтар мен кемшіліктер сөзсіз түзетілуі тиіс. – Бізде бәрі керісінше. Қажетті инфрақұрылымды тартпай тұрып, геологтер, сарапшылар жер жағ­дайын зерттемей тұрып, жа­зық­қа баспана салып тастайды. Одан соң барып су, жарық және бас­қаларды тартуға кіріседі. Ны­сан­ның кестеден кешігуіне басты се­бептің бірі осы және бұл қосым­ша шығын. Қазір Өскемен мен Семейде, аудандарда құрылыс қар­қынды жүріп жатқандықтан, облыстық құрылыс басқармасына бақылауды күшейткен дұрыс. Мер­дігерлерден нысанды қабыл­дап алатын комиссияның да жұ­мы­сын жіті тексеру қажет. Мер­ді­герге орын­далған жұ­мыс­тың ғана ақысын аудару керек. Ал бізде көп ретте бір-ақ ауда­ры­лып кетеді. Бюджеттің әр тең­­гесін қа­дағалау керек. Сондық­тан пар­­­т­ияның аудандар мен қала­лар­дағы аумақтық филиал­да­рының төра­ға­лары, аудан әкім­дері «Нұрлы жер» мем­лекеттік бағ­дар­ла­масының жүзеге асуын жеке бақылауына алғаны жөн. Қажет болса, әр нысанға мәслихат де­путат­тарынан, қоғамның, партияның белсен­ділерінен және БАҚ өкілдерінен жауап­ты тұлғалар бекітуге болады, – деді Nur Otan партиясы облыстық фи­лиалы төрағасының орынбасары Серік Жеңісов. Комиссия төрағасы келесі жиын барысында жоғарыда сын ай­тылған нысандар мәселесі тағы бір мәрте кеңінен талқыла­на­тынын, кемшіліктердің түзетілуін сұрайтынын атап өтті.   Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы