Қытаймен шекара жабылса
Қытаймен шекара жабылса
440
оқылды
Ақпанның үшінен бастап Қы­таймен шекара іс жүзінде жабыл­ды. Бұл туралы Бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин мә­лім етті. Көрші елмен көлік, те­міржол, әуебайланысы арқылы жолау­шы­лар тасымалы тоқта­тыл­ды. Қытай­мен шекарадан тек ресми деле­га­циялар мен ше­неу­ніктер өтеді. Мұның бәрі – ко­ронавирустың әсері.  

Тауар тапшылығы болмайды

Екі ел арасында жүк тасымалына ешқандай шектеу қойылмаған. Яғни, ешқандай тауар тапшылығы болмауы керек. Бірақ шекараны сылтауратып бағаны аспандатып жіберген саудагерлер де бар екен. Бұл туралы  Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Facebook парақшасы арқылы халыққа үндеу тастады: – «Шекараның жабылуы» сылтауы­мен тауарлар құнының негізсіз өсу фак­тілері – тек бизнестің жосықсыз әреке­ті, бұл себепті бағаны көтеруге қолда­нады, – деді министр. Ол сондай-ақ осындай жағдайдың куәгері болған адам Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің «жедел желісіне» хабарласуын өтінді. Ми­нистр­ліктің мәліметінше, биылғы жылдың қаң­тар айында маусымдық баға 0,3 па­йызға өскен. Бұл өткен жылғы қаңтарға қарағанда екі есе төмен көрсеткіш. Яғни, ауыз толтырып айтарлықтай қымбат­шы­лық әзірге жоқ. Ал сарапшылар корона­вирус тудырған осындай әбігерді алаяқтар пайдаланып кетпеуі үшін қатаң бақылау керек деп санайды.  

Қытайдағы төтенше жағдай Қазақстанға тікелей әсер етеді

Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2019 жылдың 11 айында 12,8 млрд долларды құраған. Импорт 5,6 млрд болса, экспорт 7,3 млрд-ты көрсетіп отыр. Яғни, Пекин – біздің маңызды сауда серіктесіміздің бірі. Оны алдымен Қы­тайдан тауар әкелетін кәсіпкерлер сезінді. Олар «Қорғас» халықаралық сауда орталы­ғының 15 ақпанға дейін жабы­луынан саудасы тоқтағалы тұрғанын айта­ды. 2019 жылы аталмыш еркін эконо­микалық аймақта бір күнде шамамен 418,92 мың доллардың тауары айналымға түседі екен. Оның 0,994 мыңы ғана экс­порт. Қара­пайым арифметикаға сүйенсек, 22 қаңтар мен 15 ақпан аралығында келетін шығын 10 млн доллардан асады. Бұрын шекара 2 ақпанға дейін ғана жабылып келген. Биыл ол уақыт бәрімізге белгілі себеппен ұзарып отыр. Бірақ Қытайдағы індеттің шын әсері басқада болып шықты. «Бір айдың өзінде Brent маркалы мұнай 55 долларға дейін түсіп кетті. Ал металл бағасы 7,1 пайызға төмендегенін байқап отырмыз. Бірден айту керек, Қа­зақстан экспортының негізін салушы осы мұнай мен металл. Егер оның бағасы күрт төмендейтін болса, ел экономи­ка­сына кері әсер ететінін есте ұстаған жөн», – дейді экономист Мақсат Халықов. Экономистің сөзін статистикамен нақтыласақ. Былтыр Қытайға шыққан экспорттың 20,8 пайызын табиғи газ, 19,3 пайызын мыс пен мыс катоды, 15 пайы­зын шикі мұнай құраған. Ал Энергетика ми­нистрлігінің былтыр Қазақстан 90,4 млн тонна мұнай өндіргенін айтады. Оның 80 пайызын экспортқа шығарамыз. Ай са­йын 20-30 мың тонна мұнай шекара аса­ды. Сондай-ақ еліміздің ЖІӨ-нің 17 пайызын да осы сала қамтамасыз етіп отыр. Яғни, Қытайдағы өндірістің шай­қалмауы біз үшін маңызды. Біз үшін ғана емес, әлем экономикасына да онда тұрақтылық орнағаны керек.  

Коронавирус әлемдік балансты өзгертуі мүмкін

Өйткені Қытай экономикасының на­шарлауы әлем экономикасын тежеуі мүм­кін. Мысалы, өткен жылғы АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының өзі әлемдік экономиканы 0,8 пайызға тө­мендетті. Moody's және Fitch сынды белді агенттіктердің болжауынша, корона­ви­рус­тың залалы 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысынан да үлкен болуы мүмкін. Қытай экономикасының әлемдік сауда нарығына қалай әсер етуі мүмкін екенін сарапшымыз былай түсіндіріп берді: «Олар шекараны жабатын болса экспортқа шығаратын тауарлардың үлесі де қысқарады ғой. Нәтижесінде, энер­ге­тикалық ресурстарға деген сұраныс қатты азаяды. Бұдан бірінші кезекте мұнайлы елдер зардап шегеді. Жалпы, Қытай әлем­дік экономикадағы ірі ойыншы. Қазірдің өзінде металл баға­сының 7,1 пайызға құлдырап кетуі ме­тал­ға деген сұраныстың әлемде төмен­деуін көрсетеді». Әлемдік экономистер бұл эпидемия­ның пайда болуын «қара аққуға» теңеп отыр. Бұл термин «күтпеген жағдай» де­генді білдіреді. Төтеннен пайда болған дерт­тен адам шығыны күн санап артып келеді. Соңғы ақпаратқа сенсек, корона­ви­рус құрбандарының саны 400-ден асқан. Осыған ұқсас жағдай Қытайда 2002-2003 жылдары орын алғаны белгілі. Ол кезде SARS коронавирусы әлемнің 25 еліне тарап, 800-ге жуық адам қаза болды. Әлемдік экономика бұл панде­мия­дан 40 млрд доллар шығын шеккені айтылып жүр. Бірақ ол кезде Қытайдың жалпы ішкі өнімі жылына 1,7 трлн доллар болатын. Қазір бұл көрсеткіш 15 трлн-ға жетіп отыр. Әлемдік экономикадағы үлесі 4 па­йыздан 17 пайызға дейін өскен. Яғни, биылғы індеттің зардабы да ауқым­дырақ болмақ. Дегенмен жыл басында Қытай жаңа жыл мерекесін тойлап, үзіліс жариялауы үйреншікті жағдай болғандықтан, эко­номикалық зардап азаюы да мүмкін. Бұл ауру аз уақытта ауыздықталса, шығын аса байқалмайды деген сөз. Бірақ ірі қала­ларда орналасқан өндіріс ошақта­рының жұмысшылары алыс өңірлерге демалысқа кеткенін ескерсек, олардың қайта оралуы екіталай екені де анық. Өз кезегінде Қы­тай тарабы өндірісті тоқтатпауға, сұра­ныс­ты қанағаттандыруға уәде беріп отыр. Бұл қаншалықты орындаларын уақыт көрсетеді. Қалай болғанда да, коронави­рустан ең көп зардап шегетін Қытайдың өзі екені белгілі.    width=Серік СЕЛЕУБАЙҰЛЫ