Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовтің бапкері Ғалымжан Жылгелдиев шәкіртінің алдағы жоспарлары туралы айтты.
Оның айтуынша, Елдос Англияға кеткелі жатыр.
– Елдос 4 айға Англияға тіл үйрену курсына кетіп бара жатыр. Қайда тұрады, қайда оқиды – бәрі шешіліп қойған. Өзім Қазақстанда боламын, Елдостан бөлек те шәкірттерім бар, соларды жаттықтырамын. Ғалымжан Қырықбай, Алтынбек Қонысбай деген балалар тәп-тәуір өнер көрсетіп жүр", – деді ол.
Сондай-ақ баскер Елдостың алдағы Лос-Анджелестегі аламанда тағы бір рет топ жаруын қалайтынын да жоққа шығармады.
– Біраз уақыт өтсе де, әлі күнге дейін іштей қуаныш бар. Қазір түс сияқты. Парижде сезіне алған жоқпыз, ал елге келгенде жұрт аяғымызды жерге тигізбей, жан-жақтан құттықтап жатты. Сөйте тұра Елдос енді 2028 жылы Олимпиадада топ жарса, Париждегі жетістігін қайталаса екен деген арман-тілегіміз бар", – дейді ол.