Мемлекеттік қызметкер 700 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын ұрлаған. Шымкент қаласындағы аудан әкімі аппаратының басшысы, өзінің қызметтік лауазымын пайдаланып, ЖШС директорымен және құрылтайшысымен алдын ала сөз байласу арқылы бюджет қаражатын жымқыру әрекетіне барған.
Күдіктілер қоқыс жәшіктері, әткеншектер, ойын және спорт алаңдары секілді тұрғын үй ауласын абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін материалдардың құнын көтеріп, сметалық құжаттар жасаған. Осы іс-әрекеттердің салдарынан 700 млн теңгеге жуық мемлекеттік мүлік талан-таражға түскен. Серіктестік директоры мен құрылтайшысы декларацияларға жалған мәліметтер енгізу арқылы салық төлеуден жалтарған. Қабылданған шаралар нәтижесінде 194 млн теңгеден астам салық берешегі толық өтелді. Әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сонымен қатар үшінші мегаполисте Шымкент қаласы Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының орынбасары Рүстем Танабаев 2024 жылы тіркелген ең ірі пара көлемін атады. Былтыр 10 млн теңгені құрайтын параны Түркістан облысы Цифрландыру департаменті басшысының міндетін атқарушы мемлекеттік сатып алу келісімшарттарын бекітіп, орындалған жұмыстар актісіне кедергісіз қол қою үшін мердігер ұйымдардан алған.
Рүстем Танабаев қылмыс Шымкент қаласында жасалғандықтан бұл іс жергілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің назарында болғанын айтады. Тергеу барысында пара сомасы 10 млн теңгені құрап, ал қызмет көрсету келісімшартының жалпы құны шамамен 280 млн теңге болған. Сот шешімімен шенеунік кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылған.
Департамент басшылығының мәлімдеуінше, 2024 жылдың 11 айында 108 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Оның 52-сі – парақорлық, 32-сі – ұрлық, қалғандары – алаяқтық пен қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану деректері. Жалпы, былтыр сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін 71 адам сотталған, олардың 49-ы – мемлекеттік орган қызметкерлері.
«Сыбайлас жемқорлық бойынша ең көп тіркелген салалар қатарында көлік бақылауы, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдары, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету, спорт, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, цифрландыру, салық, экология, жер мәселелері, мәдениет және құрылыс салалары бар», – дейді Рүстем Танабаев.
Айта кетейік, мемлекеттік сатып алуларды тексеру барысында департамент қызметкерлері былтыр 6 млрд теңгеден астам қаржы үнемдеген.
Сонымен бірге, Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит басқармасында жүргізілген тексеру барысында жалпы қолданыстағы заңнама нормаларын бұзудың 59 дерегі, оның ішінде мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін құқықбұзушылық белгілері бар 52 бұзушылық дерегі белгілі болған.
Заңбұзушылықтар қатарында қаралып жатқан арыз-шағымдар бойынша шешім қабылдау кезінде жекелеген әлеуетті өнім берушілерге артықшылық беру, келісімшарттарды бір көзден алу тәсілімен негізсіз бекіту, тексеру барысында анықталған бұзушылықтар бойынша шаралар қолданбау фактілері бар. Сонымен бірге, хабарламаларды орындамау бойынша шаралар қабылдамау деректері де кездеседі.
Шымкент қалалық Прокуратурасының баспасөз қызметі мәліметінше, ішкі аудит басқармасы жүргізген тексеруде прокурорлық қадағалау актісін қарау қорытындысы бойынша 6 лауазымды тұлға, оның ішінде департамент басшысының орынбасары да тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы