Хан Кене – халық қаһарының рәмізі

Қаңтардың 10 жұлдызында халықтың тарихи жадын жаңғыртқан жазушы Ілияс Есенберлиннің туғанына 110 жыл толады.

Ұлт әдебиетінде «Көшпенділер» трилогиясы арқылы өшпес із қалдырған  жазушының бір ғана «Қаһар»  романының өзі ХІХ ғасырдағы қазақтың жағдайын айшықтап, отаршылдардың  Ұлы далаға тартқызған қасіретін  суреттейді. Роман Кенесары  хан бейнесінің  ел жадынан  өшпеуіне өлшеусіз үлес қосқан-ды.

1943 жылы жарияланған «История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней» (Под редакцией М.Абды­калыкова и А.Панкратовой) атты томда «Кенесары – государственный деятель и дипломат» (с.227-231), «Военно-полководческое искусство Кенесары» (с.232-261), «Песни о восстании Кенесары» (с.262-264) дейтін тараулар берілген. Және Абайдың: «Аблай и Кенесары – герои казахского народа. Их деяния дос­тойны восхваления, незабываемые деяния...» деген пікірі де бар.

Осы бір деректеме – нақтылы мәліметтерге қоса, оқымысты-тарихшы Ермұхан Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» (1947 жыл, орыс тілінде) монографиясында Кенесары­ның ұлт тәуелсіздігі үшін күресінің тарихы толық дәйектілікпен жазылған-ды.

Әлімсақтан бастасақ, қазақ халқының тарихында бұлағай да бұлыңғыр қасіретті дәуір ХІХ ғасырдың іші еді. Өйткені отаршылдықтың қанды қармағы, қараниеті қазақтың ұлан-ғайыр жеріне, елдің туын биікке көтерген есті ерлеріне қорғасын бұлттай үйіріліп, қорлық пен зорлықтың жан түршігерлік амал-тәсілдерін қолданды. Түпсіз қара мұхиттай ел қайғысын, замана запыранын, халық тағдырын, қоғам жайын суреткерлік қабілетімен, ойшылдық көзқараспен, ұлт тарихына жан-жақты, толық, байыпты тереңдеуімен батыл қадам жасаған әрі соншалықты үздік, озат ойлы шығарма тудырған Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» атты романы (1969) eді. Бұл туынды ұлттың ой-санасын оятты, тарихи танымымызды байытты, білігіміздің өрісін кеңейтті, ой мен тіл қазынасын көркейтті.

«Қаһар» романының әлқиссасына мән берейік: «Ай сәулесі жүдеп», «Көш жүрісі шұғыл», «Асыға қимылдаған қыруар ел», «Жау қуғандай жөңкіген жұрт». Осы бір жинақы тізбектердің өзі ел басындағы зор қасіретті елестетеді. Көштің бас иесі баянауылдық Қаржас Азнабайұлы Сейтен. Оның көкейкесті мақсаты – Қасым төре баласы Есенгелді мен Саржанға қосылу, бірігіп қимылдау. Сейтеннің қалың нөпір көшінде «сүмбілдей сәйгүлік жүйрік, шайқала ырғалған жорға» мінген «сойыл-шоқпар ұстаған жүзден артық ер-азаматтар тобы бар». Жазушы І.Есенберлиннің сипаттауынша, осынау топтың ортасында тұлғасы алтын тудай айқындалған «қайыңның безіндей берік, қазан тастай шомбал, төртпақ келген біреу ерекше көзге түседі. Астында есік пен төрдей, ақ табанды жайма жал қара көк айғыр. Тақымында келте шоқпар, қарына темір баулы қайың сойыл ілген. Үлкен өткір қара көзді, ұзын, қою қара мұртты адам. Таңмен бірге ашыла түскен қара сұр жүзі ақ сұпыдай». Бұл – ел серкесі Сейтен бейнесі. Және де осы бір үзіндіден отаршылдықтың шылауына шырмалған елдің жай-күйі, замана зобалаңы елестегендей.

Сонымен қатар «түксиген қабақты, кескен томардай келте қара сұр жігіт келеді. Сары ала қынапты қисық табан келте қылыш тағынған. Кісі өлтірген адамдай түсі зәрлі. Бұл – Қубетұлы Ожар». Жазушының баяндауынша, «бір кездегі барымтаға да, жауға да қатар шапқан Сейтеннің үзеңгілес досы. Ақмола аға сұлтаны Құдайменденің Қоңырқұлжасы­ның қасында болып, жақында ғана өз еліне қайтып келген».

Хас суреткер І.Есенберлин «Қаһар» романында қазақ еліндегі жағдаяттарды, шырғалаңдарды, дүрбелеңдерді барынша тұтастай суреттейді. Мысалы, Тіленшіұлы Жоламан батыр бастаған көштің ерекшелігі. Иә, Орынбордан қалың әскер шығуы, қазақтың жеріне, суына, нуына қоқаңдаған қожайын болуға ұмтылуы, бекіністер мен қалашықтардың орнауы, Табын руының сегіз мың шақырымдай мал жайылымынан айырылуы әңгімеленеді. «Қызыл жалқын ай», «қып-қызыл ашу шоғындай» дейтін айқындауларда күрделі сыр бар. 

1822 жылы Жоламан батыр Орынбор әскери губернаторы Эссенге мәңгілік атақонысты қайтаруды үш мәрте сұрап, хат жазған-ды. Мұнысы аяқсыз қалды. Қазақты құмға сырғытты. 1835 жылы Қараөткел мен Жайық арасында жойқын ереуіл болған-ды. 1770 жылы үш жүздің баласы Абылайды ақ киізге көтеріп, хан сайлаған. Сонда да ІІ Екатерина патша 1778 жылғы 24 мамырдағы Жарлығымен Абылайды Орта жүздің ханы етіп бекіткен. 1782 жылы хандық лауазымға Уәлиді бекітті. Ол отаршылдық саясатқа мойын­сұнды. 

Арыстан туған Қасым төре мен оның балалары Есенгелді, Саржандар «тәуелсіздік тілеген, аңсаған», алыс-жұлыстан бір күн тыйылмаған. 

Бітімі бөлек, ойы кесек «Қаһар» романында Кіші жүз руларының отаршыл­дық езгіге қарсы алапат кесек әрекеттері, Серғазы ханның Ақбөкен аруға дәмесі (әкесі Жантемірді қасына көшіріп алуы), Жоламан сарбаздарының қару түрлері, Ақбөкен арудың Жоламан батыр тобына қосылуы, Жоламанның өз жиені жас жайнақ Байтабынмен сырласуы, Хорунжий Карпов (қоржынды Қара бура) жасағының соғысы нақ-нағымен сипатталған.

Роман оқиғасы Ташкент шаһарына ойысқанда, қала құшбегі Бегдербектің «ызғары суық сырға толы» рабатында (қонақ қабылдайтын сарайында) Есенгелді, Саржан және шұбыртпалы Ағыбай батыр бастаған жиырма жігіттің тағдыры шешіледі. Құшбегінің арнайы шақыруымен «үш ақ пілге шатыр тігіп, кілең қаракөк арғымақ мінген, қасында бір топ ешік-аға, муәдзин, наиб, геджагы бар Қоқан ханы Мәделі хан (Мұғамет Әлім) келген». Өйткені, Ташкент – Қоқан хандығының қол астындағы бір уәлаяты. Оған екі жүз мың теңге салық төлеп отырады. Ал Ташкент құшбегілері қазақ ауылдарының қаққанда қанын, соққанда сөлін шығарады. Қазақтардың үрерге иті, сығарға биті жоқ. Қоқан ханы Әлімге: 

Келі түбім деп алады,

Кеусенім деп алады.

Ұтыра зекет деп алады,

Қошақ зекет деп алады. 

Арқадан келген сор Найман

Аң-таң болып қалады,

 деген  Жанкісі жыраудың зарлы толғауы қазақ еліндегі зауалды айна-қатесіз жеткізген.  

Негізінде, Есенгелді мен Саржанның көкейкесті тілегі – Құшбегі Бегдербек құзіретіндегі Сыр, Қаратау, Сайрам, Шу бойын мекендеген Қыпшақ, Қоңырат, Шымыр, Ысты, Сиқым, Сыбан, Жаныс ауылдарынан сарбаз жинауға, жерімізді қорғауға жәрдем жасауын сұрау.

Бегдербектің арам ойы: «Бас қосып, күш алса, өзіңе тарпа бас салайын деп тұрған жауды қалай босатып жіберуге болады? Жоқ, көтерілген жау – ең қауіпті жау». Немесе: «Дәмелерің алыста екен! Әрине, бар қазақтың басын қостырып қойсақ, сендерге Қоқан да, Хиуа да төтеп бере алмас. Россия айдаһары да оңайлықпен жұта алмас. Жоқ, қымбатты сұлтандарым, біз сендер ойлағандай ақымақ емеспіз. Россия да, Қоқан да, Хиуа да сендерді майшелпек етіп асай бергісі келеді. Оған қазақтың малы да, жері де жетеді. Бізге сендердің бір болғаныңнан алауыз болғаның тиімді».

Сұмырай Бегдербек Қоқан ханы Мәделіханның нәпсіқұмарлығын есептеп, өзінің тоқал шешесі «әйел жыныстының күн мен айы» Ханпадшайыммен жарасса, «бір тілсіз шаттықтың» шуағына бөленсе, ішкі бұзақы ойын іске асыруға себепші болар еді. Ойлағанындай, құпия шаруа көңілдегідей орындалып, шат-шадыман күйге ұласты. 

«Сынық тағадай «Қаратау қойнауына қоныстанған Қасым төре ауылы. Ағыбай Ташкент құшбегі қолынан «екі қолын көкке көтере, тізерлей отырып, ағыл-тегіл жылаған қалпы «Есенгелді, Саржан мен жігіттердің тегіс бауыздалғанын естіртті. Абылай хан әулеті, ырғалған қалың ел зар иледі, «Көл үстінде тып-тыныш жүзіп жүрген қаз-үйрекке ителгі тигендей әп-сәтте азан-қазан болды да қалды».

Қанды уақиғадан соң, адам дегенің ит жанды ғой, Қасым төре ойы мен бойын жинап: «Жас, есер кезімде Көкшетауды мекендеген тағы ақ бураны садақпен атып өлтірген едім. Бұл қылығымды ес­тіген аузы дуалы ақсақалдар «Шырағым, Абылайдың ақ бурасы Көкшетаудың иесі, киесі ұрып жүрмесе нетсін!» – деп еді. Көкшетауымнан айырылғанымды сол қылығымнан көруші едім. Есенгелді мен Саржанымды да сол ақ бураның киесі атты ма? Олай болса, Алла Тағала жолыңа ақсарбас айтып, мойныма бұршақ салып тілеймін: қаһарыңды, өзге балаларымнан аулақ ет!.. қыран қартайып өлмейді, қайғырып өледі, – дейтін еді Бұқар жырау».

Соңында Қасым төре күміс қынды сапысын, Абылай хан ұстаған тік киік мүйіз мосысы бар білтелі күлдірмамай мылтығын берді, алақанын жайып ақ батасын берді.

Даңқты суреткер І.Есенберлин «Қаһар» романында Қоңырқұлжа мен Қасым төре балалары арасындағы жер таласы, бақ таласы, мансапқор Қоңырқұлжаның сорақы, найсапқорлық қылықтары, Кенесарының Сарыарқаға оралып, Ақмола, Ақтау, Ортау бекіністерін алуы, сат­қын Ожардың Кенесары ауылында тыңшылық қызмет жасауы, атаман Лебедев, аға сұлтан Қоңырқұлжа мен войсковой старшина Карбышев басқарған қанды қол жасақтардың қазақ ауылдарына қырғидай тиіп, ұлардай шулатуы, қан-қасап етуі Наурызбай батырдың Ақбөкенге ғашықтық сезімі (тобық алысуы), Бопай жасағының ерлігі ерекше суреттеледі.

Хан Кене – ұлт қаһарманы, азаттық жолындағы қан майданның ту ұстаушысы. Ол 1838 жылдың мамыр айында Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков князьге «Менің айтып отырғаным мынау: біздің бабамыз хан Абылайға тиісті жерлерде сіз дуан салдырдыңыз және қазақ халқынан алым-салық аласыз, сөйтіп бізді қыспаққа салып отырсыз. Біз бұған риза емеспіз және алым-салық төлеп сіздің қарауыңызда тұра алмаймыз. Біздің басымызға туған күн Ресейдің басына туса сендер қандай күйде болар едіңіздер? Сондықтан біздің жай-күйімізбен санасуларыңыз керек. Әрине, мен Баянауыл, Қарқаралы  һәм Ақмола қазақтарын өзіме қосып алдым, әлі де болса халқымды өз жағыма қоса берем деген ниетім бар; алайда қазақ халқы бұ­рын­ғыша  өз алдына ел болып өмір сүрсе тіпті жақсы болар еді, сонда ғана сіз де, біз де тыныш өмір сүре алар едік.

...Сізбен әрқашанда достық қатынаста тұруды көздеп, мен мына төмендегілерді талап етемін:

1) Ақтау қорғанысы жойылсын;

2) Ақмола дуаны жойылсын;

3) Біздің жерімізге салынған сондай мекеме орындары тегіс жойылсын;

4) Қамауға алынған біздің адамдар һәм Қоңырқұлжа сұлтанға жіберілген екі адам босатылсын.

Ұшпыны иландырмақ үшін мен сұлтан Кенесары Қасымұғлы мөрімді бастым». 

Бұл хаттың мәтінін І.Есенберлин Қазақ ССР мұрағатынан алған (қор 82, тізбе 1, іс 169, 15-16 беттер).

Алып күштен де ар күшті, арды сақтай білу – одан да күшті. Арлы туған, шыбын жанын шүберекке түйген, жанын берсе де ар-намысын ешкімге бермейтін, есесін жібермейтін Ер Кене үш ай бойы осы хаты­на жауап ала алмағандықтан, «не май­дан ашып айқасып, күшпен өз айт­қаныма көндіру» деп бекінді. Ел ішіндегі жағдай ушығып тұрған-ды, «Россия патшалығымен шектескен жердің бәрі қазір лапылдап жанған өрт тәрізді» еді.

Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаковтың айтқаны: «Қазақ даласы Кенесары қарақшыларынан да тазар­тылады. Қоңырқұлжа 1829 жылы Омбы қаласында Тілмаштар мектебінің қырық жылдық мерекесінде салтанатты тойды князь Горчаков басқарып, сұлтандардың ішінде өзіне айрықша ықылас танытқаны бар еді. Сол жылы ғой Горчаков: «Жерінен, билігінен айрылған қазақ айтқанға көнбей қайда барады? Күшпен көндіреміз. Арқасына қамшы ойнатып, соқа жегіп, жер жыртуды үйретеміз. Қол-аяғын матап, шіркеуге кіргізіп, Иисус Христосқа шоқынуға мәжбүр етеміз», – деген-ді. 

Жазушы І.Есенберлиннің сипаттауын­ша, Кенесары «тоқсан тілектің түйінінен жаралған адам. Оның мінезі де, ішкі дүниесі де сала-сала, онда Абылайдың ақ туын құлатпай ұстайын деген арман да бар, бір руды емес, бар қазақты билесем деген баққұмарлық та мол, атадан әкеге, әкеден балаға мұра боп қалған өзге сұлтандардан алмақ кек те жүрект сақтаулы, соңынан ерген жұрттың құрметіне бөленсем деген сезім де күшті. Осының бәрі бір Кенесарының басында». 

Россия отаршылдық саясатының қысымынан Кенесары қолы Ұлытаудан Созаққа жылжуға мәжбүр болды. Екі ара алты жүз шақырым, осыны бес күнде жүріп өтті. Не деген ұшқырлық, не деген шапшаңдық! І.Есенберлин «Кенесары күшінің өзі осы шапшаңдығында, құлан киік секілді туған даласының ой-шұңқырын жақсы білетіндігінде...» деп сипаттай отырып, Бетбақдаланың «қызыл күрең жар, бір түрлі суық, сұсты» келбетін, жер-су жағдайын, аң-құстар, өсімдіктер дүниесін, Кенесары әскерінің болдырған мініс аттарына «түркімендерше қойдың құйрығын жегізгенін» әсерлі әңгімелейді.

Созақ датқасы Бабажанға бір нөкері: «Кенесары әскері келді, тұрыңыз!» десе: «Шырағым, жылағысы келген бала әкесінің сақалымен ойнайды. Ұлытауда хандығын тойлап жатқан Кенесары құс болып ұшып келмесе, қайдан келеді, ойыныңды қой!» деп, аюша ақырыпты.

Замана, халық, ұлт тағдыры мен тарихын сезімталдықпен, қырағы көрегендікпен болжайтын шешімді, өжет Кенесары: «Мен тұтас бір халық уақтанып, ер жүректігі жойылып, илеген терідей болбырап кетеді дегенге сенбеймін... Тікен шыққан жерге тікенек шығады, гүл өскен жерге гүл өседі...» Қазақта  «Алпыс күн атан болғанша, алты күн бура бол» деген мақал бар, зорлыққа мойын ұсынар жайым жоқ, өмірім жеткен жерге дейін алысып өтем» - деп шарболаттай шамырқанып ойын шарт түйеді.

«Қаһар» романында  Орынбор әскери губернаторы граф В.А.Перовский, князь Горчаков, генерал Генс секілді құзғындар­дың пиғылы...

Горчаков Перовскийге жазған хатында: «Кенесарыны Сібір шекаралығынан мүлдем алып кет, не болмаса маған оны өзінің ұясында құртуға рұқсат ет», – деп жазған.

В.А.Перовский: «Қазақ та бір, қой да бір, тек алдарына түсетін серкесі болсын!» – десе, Генс: «Жоқ, қазақ дарынды халық, батыр халық, әттең бақытсыз халық. Қия­нат көріп, қорланған жұрт қашанда болса тәуекелшіл» – дейді. 

Кенесарының ақылды қайраткер, сарабдал саясаткер екендігін мына хатынан көруге болады: «Атамыз Абылай ханнан бері біз орыс жұртымен бір туысқан адамдай тату-тәтті өмір сүріп келе жатыр едік, тек Сібір губернаторының адамдары маза бермегендіктен, амалсыз соғысуға мәжбүр болдық... Ал сіздің жеріңізге келуімізбен еш уақытта да Россияға қас болмағанымды айтқым келеді және менің осы сөзімді жоғары жаққа жеткізуіңізді өтінемін».

Россияның отаршылық саясаты Кенесары әскерін Оңтүстік пен Батыс жағынан қоршау, Батыс Сібір өлкесіне өтіп кетпеуі үшін, яғни Ұлытау, Арғынаты аймағына жылжымау үшін Омбы, Қызылжар, Қарқаралы бекіністерінен мұздай қаруланған мың мылтық асынған жасақ шығарып өз апанында тұншықтыру.

Әккі Кенесары соғыс әдісін күрт өзгертті. Ағыбай, Наурызбай, Жеке, Құдайменді, Иман, Жанайдар, Бұқарбай, Жәуке, Байтабын секілді тұйғындарына шаршата ұрысу тәсілін, сонымен қатар әскер тобының керегедей қанаттарын жая шабуыл жасауын (хуннулардың ұрыс ұйымдастыруы осылайша) қолдануын міндеттеді. 

І Николай патшаның Орынбор әскери губернаторына арнайы жасақ шығарып, Кенесарының басын әкелген адамға үш мың сом сыйақы беру туралы ұсынысы болған-ды.

1841 жылдың 7 қыркүйегінде Кенесары Алашахан мазары қасында хан сайланған-ды. Алашахан – «айбарлы мола, бір ғажайып асыл мүлік» іспетті. 

Кенесары жасақтарының бас қосар жері Алашахан бейітінің жаны. Бұл ара үш жүздің қазақтарына тең орталық. Есіл, Нұра бойын жайлаған Орта жүзге де, Елек, Жайық жағасындағы Кіші жүзге де, Балхаш пен Сыр, Жетісуды мекен еткен Ұлы жүзге де жер кіндігі. Оның үстіне Алашаханды қазақ өзінің ең алғашқы ханы деп білетін. Сол себептен Кенесары Абылай атасының сүйегі жатқан Түркістан көп руға қашық болғандықтан, еліміздің хандық туын тіккен ортасы еді ғой деп ырым көріп әдейі осы араны қалап алған». 

Жазушы І.Есенберлин Алашахан мазарының түр-сымбатын былайша өрнектейді: 

«Алашаханның моласы қазақ елінің ең алғашқы хандық туын тіккен он төртінші ғасырдың аса бір көрнекті ескерткіші. Жасыл төккен жазық далада көк отаудай алыстан көзге түседі. Бұл – тана көзденген өрмекті құмайт кірпіштен қаланған, биіктігі мен көлденеңі бірдей, зәулім төртпақ мола. Үстінде көгілдір сырмен бояған үлкен күмбезі бар. Күмбездің төрт жағында, моланың төрт бұрышына тұрғызылған ақ кірпіштен қаланған әшекейлі төрт шағын мұнара... Күмбездің астына тас баспалдақпен көтеріліп баратын кең дәліз. Ал моланың өзінің іші кең бөлме. Ортасында Алашаханның қабірі. Томпиған қабір топырағының үстіне ескі шүберектердің қиқымдары мен жылқының қуарған қу бастарын, аттың жал құйрығын үйіп тастаған. Әр жерінде ағаш найзаның ұшы көрінеді. Топырақ үстінде де бірнеше атам-заманғы қарағай найзалар жатыр. 

Алашаханның жанында тағы екі мола бар. Бірі биіктігі он құлаштай, шым кірпіштен құйған Әмбүлақ ханның моласы, одан әріректе Алашаханның моласына ұқсаған тек кішірек Жошы мазары. Бұл үшеуі де қазақтың ең алғашқы хандық құрған дәуірінің мұралары. Үшеуі жайында да сан түрлі аңыздар бар...»

Жазушы Ілияс Есенберлин ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының тыныс-тірлігін ғаламат өнерпаздықпен һәм білімпаздықпен тарихтың көркемдік философиясын жұтынтып жеткізген. «Қаһар» романының ішкі көркемдік әлемінде халықтың ой-сезімін, ақыл-парасатын, рухын байытатын ойлы-ойлы келісті суреттер жеткілікті. Көркемдік және тарихи дүниетанымы озық сөз зергері өзінің дәуірнамалық шығармасында монолог пен диалогты табиғилықпен шебер құру, ситуация мен конфликтіні қисынды орайластыру, композициялық тұтастықты мұқият ойластыру, характер сомдау, кейіпкер психологиясын терең сипаттау, оқиға дамуына орай пейзажды пайдалану, халық дәстүрлеріне, қазақша ай, жыл аттарына мән беру, шаһар сәулетін, соғыс қимылдарын айшықты бейнелеу тұрғысынан алғанда шынайылықпен көрсетілген. Бұл орайда Қасым, Кенесары, Ағыбай, Есенгелді, Саржан, Наурызбай, Жоламан, Байтабын, Масан би, Есіркеген, Сейтен, Нысанбай жыршы, Бопан, Ақбөкен ару тұлғасы. Сондай-ақ Ташкент құшбегі Бегдербек, Мәделі хан, губернатор В.А.Перовский, князь Горчаков, Қоңырқұлжа сұлтан, генерал Генс, опасыз Ожар, Зейнеп сұлу және т.с.с. Жазушы І.Есенберлин өз кейіпкерлерінің іс-әрекеттерін әңгімелеуде, суреттеуде, мінездеме беруде ұшқырлық, тапқырлық, көсемдік, зерделілік, зергерлік танытып отырады.

СЕРІК НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

 Халықаралық «Алаш» әдеби    сыйлығының лауреаты,

филология ғылымдарының докторы,

профессор