2025 жылдан бастап 2039 жылға дейін дүниеге келетін ұрпақ бета буынның өкілдері деп аталады.
Бета ұрпақ: жаңа дәуір балалары кім?
1,059
оқылды

Америкалық әлеуметтанушы және футуролог Марк Маккриндлдің пікірінше, бета балалар (Generation Beta) толығымен цифрлы әлемде өмір сүреді, ақылды құрылғылар олардың тұрмыс-тіршілігінің бөлінбес бөлшегі болады және олар – адамзаттың тағдырын шешетін буын. Сондай-ақ бета ұрпақ үшін дәстүрлі өмір сүру құндылықтары сакральды саналмауы да мүмкін. Біз осы орайда Л.Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушысы, психология ғылымдарының кандидаты Мәйрә Құнанбаевамен әңгімелескен едік.

– Ресми мәліметтерге сәйкес, Жаңа жыл түнінде елімізде 181 сәби дүниеге келіпті. Ұрпақ теориясы тұжырымдамасына сүйенсек, бұл балалар – бета буын балалары. Сіздіңше, бұл ұрпақтың ерекшеліктері қандай болуы мүмкін?

– Ұрпақтар теориясын алғаш рет ғы­лымда мажар әлеуметтанушысы Карл Маннгейм 1928 жылы жарық көрген эссесінде тұжырымдаған. Мангеймнің пікірінше, адамдардың жастық шағы өткен әлеуметтік-тарихи орта қоғамға және келесі ұрпақ қалыптастыруға айтарлықтай әсер етеді. Сондай-ақ ұрпақтарды жіктеу теориясын Уильям Штраус пен Нил Хау секілді ғалымдардың еңбектерінен табуға болады. Олардың еңбегін академиялық ортада бір тарап «батыл әрі ерекше тұжырым» деп қабылдаса, екіншілері эмпирикалық мәліметі аз әрі ұрпақтар арасындағы ерек­шелік туралы асыра сілтеу бар деп сынға алған. Дегенмен әлеуметтанушылар әр ұрпақ 25 жылда жаңарып отыратынын мойындайды, себебі адамзат ұрпағы тарихи-мәдени жағдаятқа, технологияның дамуына қарай ауысып отырады. Олардың өмірге көзқарасы мен құндылықтары да соған сәйкес қалыптасады.

Ал ежелден қазақ халқында 12-13 жаста бір кезең өтіп, мүшел деген. Атам қазақ жастық дағдарысты да сол кезден анықтап, оның қауіптерін білген және балалардың дамуында ескеріп отырған. Бірақ Штраус пен Хоув айтуы бойынша, ұрпақтар айналып келіп бір-біріне ұқсайтын көрінеді. Сон­дықтан мұны бір спираль ретінде қарастыру керек. Сонда бета ұрпақ дегеніміз – алдын­дағы ата-бабаларының өзгешелігімен бірге жаңа бір өзгешеліктерге ие болады. Ол, әрине замануи технологиялардың дамуына, тарихи жағдайға да байланысты, себебі әр жеке тұлға – ол ата-анасымен бірге сол заманның баласы екенін мойындауымыз керек. Егер Х пен У ұрпақ интернетсіз, ком­пьютерсіз және ұялы телефонсыз қа­лып­тасқан болса және өмірді қабылдағанда әлемнің бейнесін түсіндіретін сол заманға сай білімдер арқылы қабылдайтын болса, кейінгі ұрпақ зумерлер мен альфалар тек интернет пен гаджеттерде берілетін мәлімет арқылы әлемнің бейнесін қалыптастырды. 

Қазір кез келген бала ғаламтордан түрлі мәлімет ала алады. Мысалы, бір бала ғаламтордан бас алмай ойындарға көңіл бөлсе, басқасы ғарыш пен жұлдыздар туралы мәліметтерге қызығуы мүмкін. Әрине, отбасылық тәрбие мен ата-ананың ықпалы бұл жерде үлкен. Бала айтқанды емес, ата-ананың істегеніне еліктейді. Гаджетке құ­марлықты, содан барып тәуелділікті бала, әрине ата-анасынан үйренеді. Бұл жерде еліктеу – ол жеке тұлғаны қалыптастыратын табиғи заңдылық орын алады. Ашулану, ыза немесе өмірге қанағаттану бәрі де әке-шешесінен, не үлкендерден келетін нәрселер. Заман өзгерсе де, психикалық құбы­лыс­тардың (қабылдау, есте сақтау, ойлау және тағы басқа) заңдылықтары әлі де сол қалпында қала береді.

Бета ұрпақ өзгеше адамдар болып жаратылған жоқ. Ал жаңа технологиялар адам психологиясын толығымен өзгертпейді, олар тек ойлаудың және мәліметті өңдеудің жаңа құралдарын ұсынады. Тапқырлық пен шығармашылыққа келетін болсақ, ол әлі де он баланың ішінде біреуінде ғана кездесетін дарын. Бірақ ойлаудың тежелуі мен балалардың тұйықталуы, сонымен қатар ауытқушылықтардың көбейіп бара жатқанын барлық мемлекеттің сарапшылары мойындайды. Сондай-ақ балалардың сөйлеу қабілетінің төмендеуі мен бұзылыстарының көбеюін қазақстандық мамандар да жасырмай айтып жүр. Қазір жаңа туған балалардың үштен бірі арнайы мамандарды (логопед, дефектолог, психоневролог, психолог) қажет ететіні баршаға мәлім. Яғни, бала­бақшалар мен мектептерде арнайы мамандар жетіспей жатыр. Бұрынғыдай алғыр балалар бар, бірақ олар өте сирек кездеседі. Қазақстан мектептерін алатын болсақ, бір сыныптағы 30 шақты баланың 2-3-еуінде ауытқуы, яғни ерекше қажеттілігі бар болып келеді (одан бөлек, анықталмаған тағы да 2-3 бала болуы мүмкін). Дені сау және толық жетілген балалар өте аз.

Бета ұрпақ жасанды интеллектіні игеріп, сонымен тікелей жұмыс істейтіндіктен, жеке тұлғалық болмысы қалай қалыптасса оны солай пайдаланады. Ал «мен» сезімін алға қойған менменшіл бала, әрине тек өз пайдасын ойлайды. Мәселен, «Неліктен алаяқтар көбейіп кетті?» деген сұраққа «ашық ауыз», сенгіш адамдар бар деген жауап берілуі мүмкін. Яғни, «алаяқтар біреудің хақын жеушілер, ұрылар көбейді» деген жауап болмайды. 

Елімізде бета балалар әлеуметтік өзгерістер заманында қалыптасады, олар Х ұрпаққа ұқсайды. Үлкендердің жасаған қателіктерінен сабақ алып, сыни ойлауға көп мән береді. Олар миллиениалдар мен зумерлердің баласы болғандықтан, оларға ата-анасы көп уақыт бөлмеген, қараусыз қалған ұрпақ екені сөзсіз. Сондықтан өз бетімен өскен балалар деуге болады. Оларға отбасы маңызды емес. Олар жұмысқа, мансапқа мән береді. Себебі ата-анасынан алмаған мейірімді басқа жерден іздейді.

– Бұл буынның цифрлы технологияларға тәуелділігі қандай артықшылықтар мен қауіптер әкелуі мүмкін? Ал жасанды интеллект мен ақылды құрылғылардың бета ұрпақ тәрбиесіне әсері қандай болмақ?

– Бета балалардың тілі кеш шығуы мүмкін. Мысалы, 80-90-жылдары туған балалар ата-аналарымен көбірек сөй­лескендіктен олардың тілі ерте шықты. Олар қарым-қатынаска тез түсе алатын. Ал беталар сөйлесуге келгенде комму­никативті қабілеттері төмен болуы мүмкін. Сондықтан логопедттер мен тілін дамытатын мамандар керек болады. Бала тәрбиесіне ата-ана ғана емес, отбасымен жұмыс істейтін психологтер, дәрігерлер және педагогтердің араласуы қалыпты саналады.

Жасанды интеллект ол құрал, ал оны жақсылыққа да, жамандыққа да жұмсауға болады. Сондықтан бәрі де ерте жастан басталады. «Шыбықты қалай исең, солай өседі» дегендей, егер адамгершілік, ұлт­жандылық және азаматтық құндылықтарын қалыптастырсақ – онда прогресс болады, олай болмаса «злой гений» дегендей, қыл­мыстарға, зорлық-зомбылыққа интел­лек­туалды және физикалық күштер жұмсалуы мүмкін.

– Экологиялық және жаһандық мәсе­лелерді шешуде бета ұрпақ қандай рөл атқара алады?

– Бұл балалар есейгенде өз пайдасын ойлайды. Егер оған пайдалы болса жасайды, пайдалы болмаса уақытын, күшін және білімін зая кетірмейді. Сондықтан Үкімет бұл балалардың дамуына қаншалықты ықпал етсе, соншалықты олар да мемлекетке пайдасын тигізеді. «Жалаң энтузиазм» деген болмайды. Пайда көріп тұрмаса, ерік­тілер қатарына қосылмайды.

– Сонда бұл балалардың өмірге көзқарасы мен құндылықтары қалай қалыптасады? Алдыңғы буын жаңа буынға қандай үлгі немесе тәжірибе ұсына алады?

– Глобализация, миграция, әлеуметтік дағдарыстар оларға әсер етпей қоймайды. Олар алдағанды тез сезіп қояды да, алдағанға берілмейді, романтизмнен аулақ болады. Алаяқтық, коррупция мен уәде берумен олар келіспейді. Бар не жоқ деп, қысқа және тура болуды қалайды. Алдындағы ұрпақтардың қателіктерін сыни талдап және сабақ алып өскен ұрпақ болғандықтан, өтірікке иммунитеті мықты. Көзбояу­шы­лыққа алданбайды. Нақты дәлелденбеген, толық көз жетпеген іске кіріспейді. Бұл балаларда патриотизм деген мүлдем болмауы мүмкін.

Миллиениалдар мен зумерлердің баласы альфа ұрпақтан өздерін кем деп санамайды. Оларға ешкім де үлгі емес. Олар нақты тәжірибемен өмір сүреді. Оларды біреуге теңеу немесе салыстыру – бос әурешілік дер едім. Беталар тек өздерінің жетістік­терімен мақтана алады. Ол да бір шетінен дұрыс деп санаймын, себебі әр адам өзінше дара тұлға. Мысалы, біздер өз заманымызда өмір сүрдік және біздің ақылымыз немесе өмірден алған ой тұжырымдарымыз жаңа дәуірдің баласына сабақ болмайды.

– Цифрлы қоғамда өскен балалардың әлеуметтік қарым-қатынастары қалай өзгереді? Олар қоғамның дамуына қандай әсер тигізуі мүмкін? Психологиялық денсаулығы қалай қалыптасады?

– Психикалық денсаулыққа, әрине қарым-қатынастар үлкен әсерін тигізеді. Сондықтан бета балалардың эмоциялық жетілуіне көп мән беру қажет. Мысалы, біздің көркем киноларымыз бен қазіргі киноларды салыстырсақ, өткен дәуірдің киносында психологиялық мәні мен ішкі күйзелістерді ашып көрсету мақсат болды. Мәдени туындылар сол заманның дүниетанымын білдірді емес пе?! Ал қазіргі кинофильмдерде арнайы эффектілер мен әсерленуге негізгі назар қойылады. Жаңа дәуірдің балалары ішкі жан дүниені қазбалаудан қашады, себебі өмірді күрделендіргілері келмейді. Тез және оңай жол табуға ұмтылады. Мысалы, қазір ажырасу мәселе болмай қалды, тіпті жиілеп кетті. Себебі жаңа дәуір балалары отбасылық қиындықтарға көп уақыт жоғалтқанша, ажырасқан оңай деп есептейді. Басқа адам­ды тану, өзгерту немесе тәрбиелеу мүмкін емес деп ойлайды. Сондықтан сезім қарым-қатынастарына берік немесе тұрақты болмауы мүмкін.

– Сіздің ойыңызша, бүгінгі білім беру жүйесі бета ұрпақтың талаптарын қанағат­тандыра ала ма?

– Меніңше, жылдан-жылға жаңа кітаптарды басып шығара бермей, білім беру тәртібін өзгерту қажет. Көзбояу­шылықтарды жойып, шынайы іске көшетін болсақ, бета балаларды сендіре аламыз. Әйтпесе, нәтиже болмайды. Өзіңіз де байқайтын шығарсыз, қазір балалар мек­тептен тез жалығады және мектепте оқығысы келмейтіндер қатары көбейді. Оларды күшпен оқыта алмаймыз. Сондықтан балаға деген шынайы сүйіспеншілігі мол, өз пәнін толық меңгерген ұстаздар мектепке келмейінше, тәрбие де білім беру де нәтижелі болмайды. Бүгінгі білім беру жүйесі ұстаз­дарды менеджер деп атайды, ол тек ұйым­дастырушы, ал білімді бала өз бетімен алу қажет дейді. Сөйтіп, бар ауыртпалық ата-аналарға жүктелді. Ата-анасы баламен үйде дайындалуға уақыты жоқ, сондықтан қосымша білім алуға баратын оқушылар саны артты. Бұл ата-ана үшін де, бала үшін де тиімсіз, артық жүктеме екені даусыз. Басқасын айтпай-ақ Финляндияның білім беру жүйесінің негізгі қағидаттарының біріне тоқталар болсам, ол елде мектеп білім береді, ал бала үйде демалады. Ата-аналары баланың бос уақытын әр баланың қызығушылығына қарай икемдеп, қабілеттерін дамытуға арнайды.

– Бета ұрпақ экологиялық проблемалар ушыққан және технология мейілінше дамыған қоғамда өмір сүреді десек, олардың тамақтану мәзірі өзгеше болу керек пе? Мәселен, тез дайындалатын тағамдар заманында олар қалай тамақтанғаны дұрыс? Ал глютенсіз тамақтану мәзірі жаңа дәуір балаларының дастарқаны үшін қолжетімді бола ала ма?

– Бәрі де әлеуметтік жағдайларға байланысты деп білемін. Нақтылыққа бейімделе алсақ, сана да өзгереді. Әлеуметтену дегенге назар қою керек. Бала қоғамға қаншалықты тез сіңіп кете алады? Орта жағымды және қолайлы болса, әрине әлеуметтену де, даму да сәтті жүреді. Ал орта жығымсыз құбылыстарға тәуелді болса, мысалы буллингке, көреалмаушылыққа, бәсекелестікке, қызғанышқа, тіпті зорлық-зомбылыққа (физикалық, эмоциялық, сексуалды, материалдық) бейім болса, әрине ондай қоғамнан бала бас тартады да, суицидке барады. Өзім суицидті демонстративті бас тарту (протест) деп түсінемін. Бала мұндай қоғамда өмір сүргісі келмейді және өзінің қабілеттерін жүзеге асырғысы келмейді. Әр бала осы дүниеге келгенде бойында өзінің потенциалымен, миссиясымен және дарынымен келеді. Суицидтердің себептерінің бірі – ол жүзеге аспаған потенциалдар да болуы мүмкін. Мәселен, қоғамда өзінің қабілеттерін көрсете алмаған балаға өмір сүру қызық болмай кетеді. 

Ал тамақтануға келсек, мысалы, таза бал мен өтірік балды (немесе зәйтүн майын) ажыратудың ең қарапайым тәсілі – балды теріге жағып, оның сіңуін бақылау арқылы анықтау тәсілі. Егер бірер минутта бал сіңіп кетсе, ол таза бал екенін білесіз. Егер сіңбей қойса, ол таза емес. Сол сияқты балаға таза тамақ беретін болсақ, олар сіңімді, құнарлы ас арқылы дені сау болып өседі. Баланы жастайынан таза тамақты ажыратуға үйрету маңызды, өйткені үлкендер өмір бақи қасында жүрмейді ғой. Сондықтан дастарқанға келетін азықтарды қадағалау және отандық табиғи өнімдерді шығаруды дамыту – бұл болашағымызды жоспарлаумен пара-пар ұғым. Алдымен отандық тамақ өндірісін дамытуға, ГМО-сыз, глютенге бай азық өндіруге назар аудару керек деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ