Соның аясында, мысалы, мемлекет пилоттық жоба аясында ЖСО-ларды біртіндеп роботпен алмастырып жатыр. Болашақта бұл қызметті жасанды интеллект орындауы мүмкін. Ал робот жалақы қажет етпейтіні белгілі. Оған дейін биыл жауапты ведомство «қудалаушылар» қызметінің тарифін түсіруге ниетті.
Шағымдар легі толастар емес
Былтыр бір топ депутат ЖСО-лардың қызметін реформалау аясында «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» 2010 жылғы 2 сәуірдегі заңына өзгерістер енгізуге бастамашы болды. Басты идея – ЖСО-ларға қатысты дауларды сот емес, Әділет министрлігі қарауы керек. Қалаулылардың заңнамалық түзетулерін Мәжіліс «Кейбір заңнамалық актілерге сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасына қосты.
«AMANAT» фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ мұны сот орындаушысының әрекеттеріне шағымдануға байланысты істердің көптігімен түсіндірді. Атқарушылық іс жүргізу туралы заң сот орындаушысының әрбір әрекетіне шағымдану құқығын береді.
– Бұл құқығын жанжалқор борышкерлер кейде асыра пайдаланады. Мысалы, ол сот орындаушысының бағалаушыны тағайындау және тарту жөніндегі әрекеттеріне дау айтады. Бағалау туралы есептің өзін де даулайды. Мүлікті сауда-саттыққа беру жөніндегі іс-әрекеттерге, содан кейін сатудың өзіне, сауда-саттық хаттамасына және тағы басқа атқарушылық іс жүргізу бойынша сот орындаушысының іс-әрекеттеріне бөлек-бөлек, қаптатып шағым жасайды. Сөйтіп, сот шешімін орындау бірнеше жылға кешіктіріледі, – деді Ү.Шапақ.
Жоғарғы соттың мәліметінше, сот орындаушылары қозғаған істердің көпшілігі, 55%-дан астамы олардың заңсыз әрекеттерінің расталуымен аяқталады. Сондықтан бастамашыл депутаттар, бір жағынан, судьялардың жүктемесін жеңілдетіп, екінші жағынан, әділет органдарының рөлін күшейтіп, оларға сот орындаушыларының қаулыларының күшін жою құқығын беруді орынды деп тапты.
Бірақ бұл түзетулерге депутаттардың бір бөлігі қарсы шықты. Себебі осының кесірінен азаматтар ЖСО-лардың қаулыларына қарсы тікелей сотқа шағымдану мүмкіндігінен айырылуы мүмкін. Олар Әділет департаменттеріне арыздануға мәжбүрленеді. Ал дауласушы тараптарға әділ төрелік айтып, би болатындай шенеуніктердің тиісті біліктілігі жоқ. Мұның сыртында, сот орындаушылары осы органға қарайтындықтан, оның шенеуніктері бұра тартуы да мүмкін.
«AMANAT» фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Дмитрий Колоданың түсіндіруінше, қазіргі кезде ЖСО-лардың әрекеттеріне қатысты барлық шағымды сот қарайды.
– Жыл сайын әкімшілік сот өндірісі осындай шамамен 8 мың істі қарайды. Ұсынылған заң жобасында мұндай шағымдарды қараудың «міндетті соттан тыс тәртібін» енгізуге талпыныс жасалды. Оған сәйкес, борышкерлер мен өндірушілер өз шағымын өңірлік Әділет департаменттеріне бағыттауға міндеттелмек. Қарау қорытындысында білікті судья емес, Әділет департаментінің қатардағы қызметкері адам тағдырын шешетін шешім қабылдайды. Яғни, сот орындаушысының қаулысының күшін жояды немесе жоюдан бас тартады, – деді депутат.
Ол сұрақты төтесінен қойды: маман жетіспей жататын аймақтық Әділет департаменттерінде ЖСО әрекетінің заңды не заңсыздығын айқындауға жергілікті білікті кадрлар, сондай-ақ материалдық ресурс жеткілікті ме? Бұл – үлкен мәселе. Сонымен бірге бұл өзгеріс Ата Заңға қайшы болуы мүмкін. Өйткені Конституцияның 13-бабының 2-бөлімінде: «Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар» деп қадап айтылған. Ал әділет шенеунігі сот емес.
Ақыры, ел Президенті 2024 жылғы 21 қарашада «Кейбір заңнамалық актілерге сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының соңғы, түпкілікті нұсқасына қол қойды. Онда сот орындаушыларына қатысты пікірталас тудырған түзетулер блогы жоқ, оны Парламенттің өзі тұтасымен алып тастаған екен.
ҚР Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекованың айтуынша, сот орындаушыларына қатысты жыл сайын әділет органдарына түсетін шағымдардың саны 35-40 мыңға жетті. Әділет ведомствосы азаматтар арыздарын қарай келе, оның кейбірі бойынша мемлекеттік және жеке сот орындаушыларына төл шешімін қайта қарауға тек ұсыныс жасай алады. Олардың әділетсіз қаулысының күшін жоятын құзыры жоқ.
ЖСО тарифі төмендетілмек
Кеңседе отырып, компьютердің пернетақтасын бір-екі шерту арқылы адам тағдырын шешіп тастайтын жеке сот орындаушыларының қымбат делдалдық ақысы халық пен бизнесті қан-қақсатып бітті. ЖСО-лар ештеңе бітірмей, ешқандай өнім шығармай-ақ, әрбір істен 2 миллион 359,2 мың теңгеге (биылғы ең жоғарғы шегі) дейін табыс таба алады.
Елдің жанайқайы жауапты шенділерге жеткенге ұқсайды. Әділет министрлігі былтырғы 2024 жылдың соңында «Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлерін бекіту туралы» Әділет министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы №416 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрық жобасын дайындады.
«Бұл түзетулер жеке сот орындаушыларының қызметіне ақы төлеуде халыққа түсетін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жеке сот орындаушысының қызметінің ақысы оның өндіріп алатын сомасының 3%-дан 25%-ға дейінгісін құрайды. ЖСО қызметіне ақы төлеу борышкер үшін қосымша шығын. Және ЖСО-ның ақысы негізгі борышын да өтей алмай жүрген азаматтарға үлкен қаржылық жүктемеге айналды», – деді Әділет ведомствосы өз түсініктемесінде.
Мысалы, қолданыстағы бұйрыққа сәйкес, мүліктік, ақшалай сипаттағы атқарушылық құжаттар үшін борышкерлер ЖСО-ларға келесідей ақы төлейді: 60 АЕК-ке дейін болса, өндіріп алу сомасының 25%-ы мөлшерінде. 60-тан 300 АЕК-ке дейін: өндіріп алу сомасының 20%-ы. 300-1 000 АЕК-ке дейін: 15%-ы. 1 000-5 000 АЕК-ке дейін: 10%-ы. 5 000-10 000 АЕК-ке дейін: 8%-ы. 10 000-20 000 АЕК-ке дейін: 5%-ы. 20 000 АЕК-тен жоғары болса, өндіріп алу сомасының 3%-ы мөлшерінде.
Жаңа бұйрық жобасына сай, мүліктік және ақшалай сипаттағы атқарушылық құжаттардың сомасы 10 АЕК-ке (2025 жылы 39 320 теңгеге) дейін болса ғана өндіріп алу сомасы ең жоғарғы 25% мөлшерінде болады. 10 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейінгі аралықта 22%-ға дейін төмендетілді. 50 АЕК-тен 150 АЕК-ке дейін ЖСО ақысы өндіріп алу сомасының 20%-ын құрамақ.
150 АЕК-тен 300 АЕК-ке дейін: 18%-ы. 300-1 000 АЕК-ке дейін: 15%-ы. 1 000-5 000 АЕК-ке дейін: 10%-ы. 5 000-10 000 АЕК-ке дейін: 8%-ы. 10 000-20 000 АЕК-ке дейін: 5%-ы. 20 000 АЕК-тен жоғары болса, өндіріп алу сомасының 3%-ы. Қорыта айтқанда, ЖСО-лардың 1 мәміледен 2 миллион 359,2 мың теңгеге дейін ақы алу мүмкіндігі сақталады. Бірақ өндіріп алу сомасы 20 мың АЕК-тен (2025 жылы 78 миллион 640 мың теңгеден) асатын ондай атқарушылық істердің үлесі көп емес көрінеді.
Ресми статистикаға сәйкес, орындауда жатқан барлық атқарушылық құжат ішінде өндіру сомасы 60 АЕК-тен (биыл 235 920 теңгеден) аспайтынының үлесі 82,9%-ға жеткен! Олар негізінен, жол жүрісі ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдар, әкімшілік істер аясында салынған айыппұлдар, төленбеген салықтар болып келеді. Соның арасында өндіру сомасы 10 АЕК-ке (39 320 теңгеге) жетпейтінінің үлесі – 46,8%.
«10 АЕК-ке дейінгі атқарушылық құжаттардың басым бөлігін әкімшілік айыппұлдар мен салық бұйрықтары құрайды. Яғни, олар ақпараттық жүйеде автоматтандырылған түрде орындалады. Осыған байланысты, елде оңайлатылған өндіріс енгізілгенін ескерсек, 25%-дық ақы мөлшерін тек 10 АЕК-ке дейінгі құжаттар бойынша қалдыру керек деп есептейміз», – деді Әділет министрлігінің сарапшылары.
Бұл ретте 10 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейінгі өндіру сомасы аралығында ЖСО ақысын 3%-ға – қолданыстағы 25%-дан 22%-ға дейін түсіру жоспарланған. Өйткені ЖСО істерінің 33%-ы осы санатқа жатады. 50-ден 60 АЕК-ке дейінгі істер бойынша жиналатын ақы 5%-ға кемітіледі, бұл санатқа істердің тек 3,1%-ы кіреді екен. 150-ден 300 АЕК-ке дейінгі істер бойынша ақы 2%-ға төмендемек: үлесі 3,4% ғана.
Министрлік мамандарының айтуынша, ЖСО тарифтік ставкаларын бұлайша азайту олардың кеңсені жалға алу, коммуналдық қызметтер төлемін төлеу, шығыс материалдарын сатып алу, салықтары, көмекшілерінің жалақысы және басқа шығыстарын ескереді. Ендеше тариф түсірілген соң көптеген сот орындаушысы түңіліп, банкрот болып, кәсібін тәрк етеді деп алаңдаудың қажеті жоқ.
Құлтемір емес, тегін көмекші
Тіпті, ЖСО-лардың көбі кәсібінен жерісе, жасанды интеллект оларды жоқтатпайды. Бір жыл бұрын, 2024 жылғы қаңтарда Қазақстанда пилоттық режимде «робот сот орындаушысы» іске қосылды. Республикалық ЖСО палатасымен бірлесіп, Әділет министрлігі оңайлатылған атқарушылық іс жүргізуді алдымен Тараз қаласында енгізді. Қазіргі кезде жоба бүкіл Қазақстан аумағында қолжетімді.
«Азаматтар өзіне салынған айыппұлды уақытында өтей алмаса, атқару құжаты ЖСО-ларға көшеді. Салдарынан, халыққа айыппұлына қоса, оның 25%-ға дейінгі сомасын ЖСО-ға төлеуге тура келеді. Енді бұл қызметті робот тегін атқарады. Жаңа жобаның арқасында ел азаматтары миллиардтаған теңгесін үнемдей алады», – деді Әділет министрлігі.
Ведомствоның түсіндіруінше, бұл жүйенің жұмыс істеу алгоритмі келесідей: бірінші қадамда Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті әкімшілік құқықбұзушылық үшін 50 күн ішінде төленбеген айыппұл сомасын өндіріп алу туралы ұйғарым жібереді. Екінші қадам: ол келіп түскен соң «робот-ЖСО» 5 күнтізбелік күн ішінде талапты орындау қажеттілігі туралы айыпты адамға SMS хабарлама жібереді. Үшінші қадам: айыппұл бойынша ерікті түрде төлем жасалмаса, жүйе мәжбүрлеп орындатуы үшін атқару парағын жеке сот орындаушысына ұсынады. Егер осы кезде уақтылы төлем жасалса, онда атқарушылық іс жүргізу артық шығынсыз тоқтатылады.
Министрліктің болжамынша, «робот сот орындаушы» жыл сайын қазақстандықтардың 5 миллиард теңгеге жуық қаржысын үнемдей алады. Пилоттық жоба аясында, жарты жылдай мерзім ішінде ол 1,2 миллиард теңгенің өндіріп алуды қарастыратын 60 мыңнан астам атқарушылық іс қозғады. Осының нәтижесінде ел азаматтары ЖСО-лар қызметіне ақы төлеуден босатылып, 300 миллион теңгесін үнемдеді.
– Бұрындары хабарлама уақытылы келмегендіктен азаматтар өзіне айыппұл салынғанын білмей қалатыны жиі кездесетін. Қарыз уақытында өтелмесе, ЖСО-ға айыппұл сомасының 25 пайызына дейін қосымша ақы төлеуге мәжбүр болады. Енді қазақстандықтар бұл шығындардан және сот орындаушыларға барудан босатылып, уақыты мен қаржысын біршама үнемдей алады, – деді Әділет министрі Азамат Есқараев.
Бірақ әзірге «робот-ЖСО» қызметінде шектеу бар. Ол 2024 жылғы 19 маусымда қабылданған жаңа заңға сәйкес, 20 АЕК-ке (78 640 теңгеге) дейінгі сомадан аспайтын атқарушылық құжаттарды ғана қамтиды. Робот оңайлатылған іс жүргізуді қозғағаннан кейін азаматтарға іс туралы 1414 нөмірінен SMS-хабарлама, eGov Mobile қосымшасы арқылы толық ақпараты бар push-хабарлама жіберіледі. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін қарызды онлайн төлеу мүмкіндігі енгізілді. Осы арқылы адами факторлар жойылып, оның орнына толығымен робот жұмыс істейді.
Қалай болғанда, талай жыл жайлаған былықтан арыла алмаған жеке сот орындаушылар институты жетілдіруді қажет етеді. Мысалы, прокуратура ЖСО-лардың алиментшілермен ауыз жаласу деректерін анықтады. Салдарынан, жалғыз қалған аналар мен балалар заңмен тиесілі төлемін ала алмайды. Абай облысында сот орындаушылары алимент бойынша қарызы 2 миллион теңгеден асып кеткен борышкерлердің 3 қымбат автокөлігіне салынған бұғатты заңсыз алып тастаған.
Мұны облыстық прокурорлар әшкереледі. Бүгінде ЖСО-лардың үстінен сотқа дейінгі тергеу басталды. 2023 жылдың 2 мамырынан бері сот орындаушылары бірнеше минутта, онлайн түрде автокөлікке тыйым салып немесе оны алып тастау мүмкіндігін иеленген еді.
Бұған қоса, прокуратура алиментшілердің қарызын өтеу үшін дүние-мүлкін сатуға қою бойынша ЖСО-лардың шара қабылдамайтынын анықтады. Мысалы, бір ғана осы облыста бұғатталған 11 машина, 12 пәтер, жер телімдері сол бойы өткізілмеген.
Бұған дейін Бас прокуратура Алматы, СҚО, БҚО, Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстарындағы тексеріс нәтижесінде ЖСО-лардың 1,1 миллиард теңгені ұрлауының 660 фактісін анықтады. Олар қаражатты өндіріп алған, бірақ өндірушілердің шотына аудармай, өздері иеленіп кеткен. Ал астаналық сот орындаушысы жеке тұлғаға өмірде жоқ алимент қарызын жүктеп, оның банктік шотынан 289 миллион теңге шешіп алған. ЖСО ол қаржыны Астананың сот актілерін орындау департаментінің экс-бастығына аударған және осы қызметі үшін 10 млн теңге сыйақы алыпты.
Алматыда ЖСО өз депозитін борышкерлердің банктік шотындағы қаржы есебінен толтырып отырған және олардан 84 миллион теңгені заңсыз алған. Қарағандылық 7 ЖСО борышкерлердің 110 миллион теңге жеке қаржысын өз қажеттіліктеріне жұмсап келген, тұрғын үй, көліктер алған. Батыс Қазақстан облысының ЖСО-лары борышкерлерден өндірген қаржыны әйелдеріне, туыстарына аударған. Осы және басқа да төбе шашты тік тұрғызар сорақы тірліктер салада кең ауқымды өзгерістердің қажеттілігін дәлелдей түседі.
Елдос СЕНБАЙ