Сағат доспен сырласу
Сағат доспен сырласу
420
оқылды
Осы уақытқа дейін  көзімізге түспеген, нақ сол өмір сәттерінде бізбен бірге отырып қымыз ішпе­ген жаңа бір жұмбақ Сағат бар, Әшімбаев әлемі бар. Енді осы Сағатпен, Әшімбаев әлемі­мен жақын жүздессек, ақын  Абай­дың мына бір жолда­ры­ның алды­мызды кес-кестері бар: – Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла. Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма. Біздіңше, осы шумақта айтылған, Абай басынан өткерген ахуал Сағатқа да ор­­тақ. Абай аузынан шыққан бұл сөздерді Әшім­баев айтса да артық емес-ау... Біз «Шығармалардың» үшінші то­мын­дағы Сағаттың жаңа жазбаларын: мар­жан ой үзіктерін, мыңдаған гүлдерге қо­нып, нәр жинаған арадай бал-білім тү­зіктерін көріп, көп тұстарда-ақ «ортаға тартылған» жұмбақ жүрек сырын, жыл­дар өтуіне орай өзгеріп-өсіп отырған жан диалектикасын тап басамыз. Осы жазбалардың жариялануына тікелей септескен Дүйсен Мүсірәліұлы былай деп орынды айтады: «Ол соңында әрқайсысы кемі 100 беттен 250 бетке дейін баратын бастан-аяқ Сәкеңнің өз қолымен жазған жазуға толы 45 қалың дәптер қалдырған. Орта есеппен алғанда жалпы саны 8 000-9 000 беттен асатын бұл дәптерлерде не жазылған сонда? 1974 жылдан басталып 1991 жылдың тамызына дейін жүргізілген бұл жазбаларды күнделік деуге келе қоймас. Күнделік – жеке адамның күнде немесе анда-санда көрген-білгенін, өзінің көңіл күйі мен белгілі бір оқиғаларға қатысты ой-пікірін жазып жүретін дүниесі ғой. Ал Сағат ағаның бұл жазбаларын «жұмыс дәптерлері немесе шығармашылық лаборатория, шеберлік мектебі» десек те бол­ғандай. Себебі ол кісі өзі оқыған кітаптарының ертең өзіме қажет болады-ау деген тұстарын жазып алып, сол кітаптың атын, авторын, бетін, жазып алған күнін көрсетіп отырған...». Бұлар да – қыруар құнды мұра, әрине мемуар – күнделіктер емес, десек те мұнда да «ет пен сүйектен жаралған» Са­ғат жанының сәулелері, тура 17 жылға созыл­ған ой дорбалап, білім қордалап, білік ұштау жолындағы «әурелері» бар. Ара-арасында әлгі сәулелер ұшқындап, шырақ болып жануға ұласып, қуатты еңбектер, шуақты эсселер түзсе, әлгі «әурелер» жаңа тірек-тұғырлар тұрғызып, авторын – Сағат Әшімбаевты өмірлік жаңа бел-белестерге шығарып отырған. Келесі жаңа биікке көте­рілген Сағат, әрине енді бұрын­ғыдан да зәулім шыңдарға көз тастап, те­­реңірек көреді, алысырақты байқайды. Қоғам өміріндегі алалықты, шалалықты түсініп, елдің ақыл-ойы саналар зиялылар көңіліндегі даналыққа қоса «балалықты», тұлғалық зорлылық пен сорлылықты сезіп, бас шайқайды. Осылайша, өсіп-өрлеген Сағат тікелей әдебиет мәселелерін қаузаудан асып, қоғамдық-елдік осалдық-олқылықтарды сынап, ұлттық-азаматтық сананы оятуға, яғни ұлыстық-әлеуметтік мәселелерді қозғауға көшеді. 1974 жылдан басталған алғашқы дәп­терлерде, әрине әдебиеттік елеулі дерек­тер мен сыншы-қаламгерге керектер басым: «Уәли сөз – әулие сөз, пайғамбардың сөзі дегенді білдіреді екен. Абайда бар, «Өлең – сөздің патшасы...» деген өлеңін қараңыз. Уәжді – уәли». «Л.Толстой 34 жасында үйленген. Ол 1970 жылы бірінші Петр туралы роман жазуға отырған...». «Л.Толстойдың әйелі 15 бала көте­ріп­ті». «Л.Толстой «Детствоны» 24 жасында жазған». «Л.Толстой А.А.Феттің үйінде (1861 жыл­дың көктемінде) отырып И.С.Турге­нев­пен ұрсысып қалып, оны дуэльге шақырыпты. Содан екеуі 1878 жылы қайта тату­ласқан». «В.Г.Белинский «Горе от ума­ны» дра­ма­лық шығарма ретінде мойын­да­ма­ған». «Н.В.Гоголь «Өлі жандарын» 17 жыл жаз­ған». «С.Есенин 1921 жылы Айседора Дун­канмен (Американың бишісі) танысады. Екі жыл бірге болады. Дункан 1927 жылы өлген. Есенин 1925 жылы 30 жасында Ле­нин­градта қайтыс болады». «А.Горький 34 жасында «академик российской словесности» болған. Бірақ пат­ша өкіметі бұл атағын қайтарып алған. Ол 38 жасында Америкаға барғанда 70 жастағы М.Твен Горькийді құрметті қонақ ретінде қарсы алу жөніндегі комиссияның төрағасы болады». («Бірінші дәптерден», 1974 жыл) «Шәкәрім Құдайбердиев Лев Николае­вич­пен хат жазысқан екен. 8.06.1975 ж. «Ғабдулла Тоқай 27 жасында дүниеден өткен. Осы жасына қарамастан татар әде­биетінің ұлы ақыны, классик дәреже­сіне ие болған». «1941 жылы 24 июньде Л.Н.Толстой И.В.Сталинге хат жазып, И.А.Бунин тура­лы өте жақсы пікірлер айтқан». «Л.Н.Толстой Шекспирді, оның пьеса­ла­рын ұнатпағаны мәлім. Ал Ф.М.Дос­то­ев­ский керісінше, Шекспирге қатты та­бынып, былай деген екен: «Шекспир – это пророк, посланный богом, чтобы воз­вестить нам тайну, о человеке, души чело­веческой...» 26.10.1976 ж. «М.Шолохов 1923 жылдан бастап жаза бастаған. 1924 жылы алғашқы әңгімелері жарияланған. Сонда 21 жасында роман жазуды бастаған. 29 жасында 4 кітап (эпо­пея) жазып бітірген. Білімі – мужской гимназияда ғана оқы­ған. 8 түрлі мамандықта жұмыс істе­ген. Статистник, мұғалім, грузчик, прод.инспектор, каменщик, счетовод, кан­целяр­ским работником, журналист – 8 түр­лі мамандық». Л.Толстой қайтыс болғанда Англияның «Таймс» газеті «Мир потерял точку опоры» деп жазған екен. 24.05.1976 ж. («Екінші дәптерден», 1975-1976 жыл­дар). Байқайсыз ба, көбінесе әдеби деректер. Ұлы орыс әдебиеті мен туысқан кеңес орыс әдебиеті тұлғаларының көбірек наза­рында болуы – түсінікті. Бірақ тал­ғам қандай: кілең алыптар, ұлы ақын-жазушылар. Оның ішінде де Лев Толстой алғаш­қы орында болса, одан кейін В.Г.Белинский, Н.В.Гоголь, С.Есенин, А.Горький қамтылып жатса, бұл Сағаттың осы уақытта-ақ Лев Толстойды қызығып та, қадірлеп те оқығанын, орыстың ұлы сыншысы мен Сергей Есенин, Максим Горький сияқты толағай тұлғаларын қатты қадірлегенін білдіреді. Бірінші дәптерде қалай болғанда да Абайдан бастап, екінші дәптерде-ақ ағылшынның алыбы Уильям Шекспирді елеп жатқанына разы болдым. Ал оның 1975 жылғы 8 маусымда сол кезде­рі тыйым салынған, оқуға да рұқсат жоқ Шәкәрім Құдайбердіұлын ескеруі тіпті ғажап емес пе?!    width= Екінші дәптерді оқыған соң еске түседі, біздің жас кезімізде татардың Ғабдолла Тоқайы тым мәшһүр еді. Жырларын жұрт жаппай оқыған-ды. Тәуелсіздігіміз нығая бастаған бүгінгі күні ше? Сол Тоқайды мүлдем ұмыттық қой... Сағаттың жазбаларымен танысқан соң еріксіз салыстырасың: біз қазір наданырақпыз ба, әлде 1975-1976 жылдары адамырақпыз ба? Әрине, әдебиетті оқу жөнінен. Сондай-ақ 1900 жылдарғы АҚШ пен Батыс кешегі Қазақ КСР-ін айтпағанда «ең оқырманы көп ел» Кеңес Одағынан да мәдениеттірек елдер болған сықылды. Әйтпесе, орыс жазу­шысы Максим Горькийді 1906 жылы АҚШ-қа барғанда арнайы комиссия құрып, 70-тегі Марк Твен құрметтеп қарсы ала ма, әйгілі Лев Толстой қайтыс болғанда Ұлыбританияның атақты басылымы «Әлем тірегінен айырылды» деп жазар ма? Иә, Арыстың Толстойдың қазір де төрткүл дүниенің бір Тірегі, әдебиеттің барлық халықтардың Жүрегі екені ақиқат. Сағат Әшімбаев осы уақыттан бастап-ақ кемеңгерлер мен кемелдердің өз көңілін тербеткен озық ойларын орыс­ша­дан қаз-қалпында көшіріп алып, авто­рын, кітабын, жылын, беттерін көрсетіп жазып қана қоймай, осындай оқу үстінде туындаған өз ойларын да қойын дәптерлеріне түсіре бастапты. Осы ретте ІІІ томдықты құрастырушының 45 дәптердің кейбір беттерін суретке түсіріп, ұсынулары да орынды болған. «Сонда да солардың бар таңдамасы» дегендей, көңілімізге ерекше қонған кейбіреулерін ұсынсақ, талай ордалы ойларға, небір келісті пікірлерге ұшырасамыз: «Нет национальной таблицы умножения», стр. 153, т.17, А.П.Чехов; «Какое наслаждение уважать людей», стр. 41, т.17. А.П.Чехов; «Соз­нание есть знание», стр. 266. Т.3., Гоголь, «Энц. филос. н/к», «Тот, кто при­над­лежит всем, не принадлежит себе» [.... ]; «Мудрость есть не что иное, как просвещение, рассуждение. Но мудрость – это не наука. Мудрость есть возвы­ше­ние души...», Гегель, «Работы раз­ных лет».т.1, стр. 62; «Психология, как изу­чение человеческой души, является тео­ретической основой для искусства жизни и достижения счастья», З.Фрейд, из книги «Сумерки богов», стр. 147; «Стра­шны не сами ошибки, опасно отсутствие выводов», Л.Н.Игнатов, «КП», 15.07.89. «Человек скрывает три вещи: – недостаток ума, – избыток денег, – камень за пазухой», Вольтер; «Язык создает че­ловека», «Бог раскрывается внутри тво­рения», Мартин Хайдеггер; «Слова сделало нас людьми», И.П.Павлов, т. ІІ. стр. 568-569; «Слово существенно для сознания именно в силу того, что в нем откладываются, объективируются и че­рез него актуализуются знания, пос­редс­твом которых человек осознает дей­стви­тель­ность», С.Л.Рубинштейн. стр. 174, т.1, стр. 174». Сағаттың мұндай жазбаларын сәл зейін қойып оқысақ, оның терең мағынасы ащы да тәтті өмір шындығын, адам қоғамының даму заңдылықтарын тосын қырынан түсіндіре түседі, бәрін келтіре бергің келеді. Өйткені әрбір дәйексөз (цитата) үкілі үзінді – бір қаралық. Мәселен, әйгілі неміс философы Гегельдің «Сана дегеніміз – білім», кеңес адамдары үшін құбыжық етіп көрсетілген Зигмунд Фрейдтің: «Пси­хология ... бақытқа жетудің негізі», орыс­тың жүйкетанушы ғалымы атақты Иван Павловтың: «Бізді адам еткен – сөз», «Комсомольская правда» газетінен алынған белгісіз біреу Л.Н.Игнатовтың қате­лікке қатысты лебізі таңдандырумен бірге тәнті де етпей ме?! Қош, осымен қанағаттанайық. Құныққыларыңыз келсе, Сағаттың осы үшінші томдығын алып, өздеріңіз жалғастыра оқырсыздар. Біз енді Сағаттың тікелей өзінің мар­жан ойының бірсыпырасын алға тар­тайық: «Адам жанындағы астарлы сезімдерді бүк­песіз көрсету керек». «Роман – әдебиеттің симфониялық ор­кестрі». «Ағашты шапқан балтаның сабы да ағаш». (Бірінші дәптерден) «Адамның ең жақын досы – уақыт. Уақыт – досты сыйлау өзіңді сыйлау деген сөз. Алайда уақыттың аздығы – достың аздығы емес». «Ненің жазылып, ненің жазылмағанын білу үшін де білім керек». (Екінші дәптерден) «Әр дәуір әдебиетінің өз міндеттері болған ХІХ ғасыр әдебиетінде жаман­дық­­ты әшкерелеу басым болса, ХХ ға­сыр, бүгінгі совет әдебиетінде өмірдегі жаңа­лық­ты (көрдіңіз бе, жақсылықты емес – Б.С.) марапаттау басты бағыт болуға тиіс. 18.02.1977 ж. «Тақырып жанрға тәуелді немесе бі­рін­ші­сі екіншісін таңдайды. 23.04.1977 ж. (Үшінші дәптерден) «Өзіңнің қанатың болмаса, өзгенің қа­наты көтермейді». «Жақсылықтан басқа жамандық жаса­мап­­пыз». «Ерін бөлген ел оңбас, Елін бөлген ер маубас». «Бүгінгі кемшілік – кешегі кемшіліктің жалғасы; ендігі міндет – кешегі мен бүгінгі келешекте жалғаспауы керек». «Сөзін тыңдап өзін танитын, өзіне қарап жазғанын жазбай танитын дәрежеге жеттік». «Елді ел теңгермейді, елді ер теңгереді». «Тамшы тас теседі, сөз бас кеседі. 12.12.1978 ж. (Төртінші дәптерден) «Кішкененің үлкен ойы үлкеннің кіш­кене ойына қозғау салады».  12.06.1978 ж. «Жеке адам – жалқы, халық – қашанда талқы. 25.10.1978 ж. «Шекспирдің ұлылығы бір ғана Гамлет образын жасаудан көрінеді».  

Екінші дәптерді оқыған соң еске түседі, біздің жас кезімізде татардың Ғабдолла Тоқайы тым мәшһүр еді. Жырларын жұрт жаппай оқыған-ды. Тәуелсіздігіміз нығая бастаған бүгінгі күні ше? Сол Тоқайды мүлдем ұмыттық қой... Сағаттың жазбаларымен танысқан соң еріксіз салыстырасың: біз қазір наданырақпыз ба, әлде 1975-1976 жылдары адамырақпыз ба? Әрине, әдебиетті оқу жөнінен.

  «...Тарихты білу өте қажет. Тарихтағы үлкенді-кішілі оқиғалар жердің білінбей ай­налатыны сияқты басқа формада қайта­ла­нып келіп отырады».  5.10.1978 ж. «Сыншы – жеке адамның творчество­лық құпиясын ашып қоюшы ғана емес, ең бастысы, бүкіл әдебиеттің дамуына жол ашушы адам».  10.04.1980 ж. «Адал жүріп, әділ сөйлесең, қор бол­май­сың». «Көркем шығармадағы азаматтық пафос – суреткердің биік азаматтық тұл­­ға­сы мен терең парасаттың нәтижесі. 28.06.1979 ж. «Ақиқатты айтқан адам айыпты емес, ақи­қатты көріп тұрып көзін жұмған адам қауіпті». «Сын әдебиет арқылы туады, ал әде­биет сын арқылы дамиды. 21.02.1980 ж. «Біліп тұрып айтпаған біліксіздік бол­са, көріп тұрып айтпаған көргенсіздік еке­ні анық». «Ақиқат – адамның еркінен тыс нәр­се. Сондықтан да оны айтпау, болмаса ая­қасты ету мүмкін емес. 8.08.1981 ж. «Жас жазушы көп те, жаңа жазушы аз болып жүр. Сол сияқты ескі тақырыпты жаңаша жаза алмайтындардың саны жаңа тақырыпты ескіше жазатындардың саны­нан кем түспейді... 5.12.1981 ж. «Жақсының жақсылығын айтпау – ездікке пара-пар, Жаманның жамандығын айту – ерлік­ке пара-пар». «Қазақтың ең данышпан сыншысы – Абай»» Абайды өлең оқу үшін оқудың қажеті жоқ, оны ойлану үшін оқу керек». 21.09.1982 ж. «Қазақты түсіну үшін Абайды оқу қажет! Ал Абайды түсіну үшін азамат болу шарт. 9.03.1984 ж. «Бірін-бірі сыйламаған елдің баласын бірде-бір ел сыйламайды. Москва. 16.09.1984 ж. «Өлең оқу оны жазудан оңай емес. Демек, жазу қандай қиын болса, оқу да оған пара-пар. 15.12.1984 ж. «Талант дегеніміз – адамгершілік! 15.03.1985 ж. «Азаматтардың аздығынан азап шегіп ке­ле жатқан елдің баласымыз. 24.12.1987 ж. «Бұл дүниенің азабын азаматтар көріп, рақатын рақымсыз жандар көреді екен». «Тайпалық тар сезімнен, рулық улы сезімнен арылуымыз керек те, ұлттық ұлы сезімді алға қоюымыз керек». «Тәрбие жоқ жерде тәртіп жоқ, ал тәр­тіп жоқ жерде Тәңірі жоқ. Қасірет осы­дан келіп шығады. 21.06.1991 ж. «Дүниеге келу – бір парыз, ал лайықты өмір сүру – мың парыз». (Қалған дәптерлерден) Шынымды айтсам, Сағаттың 45 дәп­те­рінде осындай маржан ойлар көп. Жүре­гің­­ді тебірентіп, биікке бойлар пікірлер жет­кілікті. Десек те, көлем деген кедергі бар. Сондықтан сол інжу-гауһарлардың бәрін де түгел келтіре алмаймыз. Соған орай бейнелеп айтсақ, көлем мазмұн – адамның киімі іспетті. Ал кейінгі уақытта бізде ойға, оқиғаға, образдарға бағынып, соларға қарап көлем беру – киім тігу емес, киімге, яғни берілген көлемге қа­рап оқиғаны, образдарды өлшеп кесіп шұн­титу, ойды зорлап сыйдырып, құнтиту салтқа айналып кеткен. Рас, қампиғанмен шарқы оқиғалар да, шала образдар да, шағын ойлар да әдебиетімізде жеткілікті. Сондықтан да барлық гәп, мәселенің мәні нысана – шығармаға нақ, шақ көлем еншілетуге саяды. Міне, осыдан шығарып айтарым – Сағаттың оймақтай болғанмен орам­ды да озық ойларын мақала көле­мі кө­термейтіндіктен, амалсыздан қыс­қар­тып, тек нұсқа беруге мәжбүрмін. Соның өзінде де сыншы, ойшыл, философ, ғұла­ма, азамат Сағаттың бәзбір ойлары өз орын­дарына әрең сыйып, өз көйлектерін сөгіп жіберердей нығыздық сездіреді. Дені – асыл да Алаштық ойлар. Дені – Ал­матыда тұрып-ақ астанамыздан асып, Қытайға қадам басып, Ресей мен АҚШ-қа да жетіп, көрінетін бойлар. Сағаттың өзі «Әрбір творчество адамның өз ренессанс дәуірі болады» (10-дәптер) дегендей, мақаламды өз әдетіме бағып кейіпкерімнің ой-жүзіктеріне арналған қайырымдарын бір лебіз-тұжырымымен тиянақтауға кел­генде қатты қиналғанымды жасырғым жоқ. Сағаттың осынау сан алуан сыр-тұжы­рым, қилы-қилы ой-жүзіктері өмірі­нің соңына қарай бірінен-бірі асып салмақтана түсіп, түйіндеуге мен, мен, мен лайықпын дегендей сымбат-сыңай танытты. Мәселен, оның «Қазақты түсіну үшін Абайды оқу қажет! Ал Абайды түсіну үшін азамат болу шарт» деген тұжырымы ол тұсау кескен 1984 жылдан бері ескірмегенін, есті, сесті, десті бола түскенін былай қойғанда, биыл Абайдың 175 жылдығы болғандықтан, қалайша тия­нақ-түйін болуға жарамайды?! Алай­да адамдығы селдіреген, азаматтығы сетіне­ген қазіргі қазағымызға ақын Абайдың ақылынан гөрі әдебиеті ерекше ескертпе, халықтық абай болуын (абайлауын) ұқтырар «Азаматтардың аздығынан азап шегіп келе жатқан елдің баласымыз» деген нұран сөз «Тайпалық тар сезімнен, рулық улы сезімнен арылуымыз керек те, ұлттық ұлы сезімді алға қоюымыз керек!» деген ұран сөз немесе «Тәрбие жоқ жерде тәртіп жоқ, ал тәртіп жоқ жерде Тәңірі жоқ...» деген Құран сөз көбірек керек шығар. Осылай толғана келе мен таңдауды оқырманның өзіне қалдыруды жөн көрдім. Өйткені оқырман болу да «шындыққа сүйіс­пеншіліктен туады» (Жиырма төртін­ші дәптерден). Қай-қайсысымызға да «дүние­ге келу – бір парыз, ал лайықты өмір сүру – мың парыз» (Қырық бесінші дәп­терден). Біз Сағат Әшімбаевтың шы­ғар­­маларының үшінші томына енген төл оймақтай ойларын, кемеңгерлерден қо­тарып әкеліп бізге де ұсынған небір па­расатты пікірлерін оқу арқылы көзі ашық көпшілігіміз адам болып лайықты өмір сүруіміздің бір парызын орындайық та.   Бақыт САРБАЛАҰЛЫ