«Емшіге, қасиетті жерлерге бардық»: жұлдызды жұп ұлының сырқаты жайлы айтты

Емханада екпе алған соң тромбоцитопения деген дертке шалдыққан.

Актер Рүстем Жаныаманов пен актриса Жанаргүл Жаныаманова журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында ұлының сырқаты туралы айтты, – деп жазды Aikyn.kz.  

Айтуынша, ұлы емханада екпе алған соң тромбоцитопения деген жазылмайтын дертке шалдыққан.

“Театрға жаңадан кірген кезім еді. Мансап қудық, жұмысбасты болып кеттік. Қойылымдар көп болды. Ауруханадан мейіргер күнде хабарласып, балаға екпе жасатыңдар дейді. Сол кезде бала ауырып тұрған соң екпені кейінге қалдырып жүрдік. Бірде балам апасымен қалғанда домофоннан қоңырау түскен. Апасы “шақырып жатыр, не істеймін” деп маған хабарласты. Мен жұмыста жүріп, “салдыра салыңыз” дей салдым. Кешке келсем балам екпесі ісіп кеткен, аяғын баса алмай отыр екен. Дәрігерлер баланы тексермеген екен. Бізге тромбоцитопения жазылмайтын ауру, бала ұзақ өмір сүрмейді деп айтты. Бірақ әлемде осындай дерті бар адамдардың 3%-ы ғана өмір сүріп кетеді екен. Олар үнемі гормон салып жүруге мәжбүр. Біздің баламыз да гормон алды. 3 жастағы баламыз толып кетті. Шөп дәрі ішті, емшілерге бардық. Кейін медицина да көмектесе алмайтынын көрдім. Сонда ішкі дауыс “Құдай ғана көмектесе алады” деді”, – деді актриса Жанаргүл Жаныаманова.

Ол бұл жағдай үлкен сабақ болғанын жеткізді.

“Көп кітап оқыдық, бір-бірімізді біле бастадық, ішкі жан дүниемізді түсіндік. Рүстем қолымда баладағы ауруды тартып алатын магнит болса деп армандаса, мен жолдан барлық ауруды жазатын бір дәрі тауып алсам деп ойлайтынмын. Содан біраз дәрумендер іштік, емшілерге, қасиетті жерлерге бардық, өзімізді зерттедік, Құдаймен сырластық. Оның қайсысы көмектескенін білмеймін. Қазір баламыз аман-есен, ауруынан жазылды”, – дейді актриса.