Демек, оларды дайындайтын арнаулы спорт орталықтарының жай-күйі, техникалық жарақтандырылуы, тиісті кадрлармен қамтылуы секілді мәселелер саланың өркен жаюында аса маңызды. Осы тұста біз бүгінде еліміздегі спорт мамандарын даярлайтын орталықтардың ахуалын сұрастырып көрген едік.
Данияр ҚАСҚАРАУОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты:
Спортшылар интеллектуалдық жағынан да шыңдалуға тиіс
Мен өзім спорт колледжінде білім алдым. Ол жерде спортқа ерекше көңіл бөлінді. Бірнеше жыл бойы бізге салмақ қуалау, дұрыс демалу, психологиялық сынбау секілді маңызды әдістерді үйретті. Алайда бұл оқыту жүйесі шетелдегідей заманауи технологиялар мен толыққанды әдістемелерге негізделмеген еді. Қазір спорт мамандарын даярлайтын мектептер мен орталықтардың жағдайы қалыптасу кезеңінде деп айтуға болады. Кеңес дәуірінде спорт мамандары үшін жоғары сапалы оқулықтар мен нұсқаулықтар жасалып, сол кездегі білгір спортшылар ғылыми кітаптар деңгейіндегі құнды әдістемелер қалдырған болатұғын. Өкінішке қарай, бүгінде мұндай ресурстардың көпшілігі қолжетімсіз, ал шетелмен салыстырғанда маман даярлау ісінде біршама артта қалып отырмыз.
Өзімнің он жылдық спорттық тәжірибемде шетелдердің тәжірибелік және теориялық әдістерін көріп, таңғалатынмын. Бұл әдістер сол елдердің жүйелі әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған жүйесінің жемісі еді. Біздің елімізде де көптеген бапкер мен жаттықтырушы бар, бірақ олардың білімін толыққанды іске асыру жағы ақсап тұр. Әсіресе, ауылдық орталықтардан бастап республикалық деңгейдегі мамандарды даярлау орындарында білім беру сапасын арттыруға бағытталған семинарлар мен форумдарды көбейту қажет.
Қазіргі заман – ғылым мен білімнің заманы. Сондықтан спортшыларымыз тек физикалық тұрғыда емес, интеллектуалдық жағынан да шыңдалуға тиіс. Спорттық интеллект жоғары деңгейде болуы қажет деп санаймын. Егер біз осы принциптерді негізге алсақ, елімізге қажетті кәсіби мамандарды даярлай аламыз. Бұл – қазақ спортының болашағын айқындайтын маңызды қадам.
Амалбек ТШАНОВ,
қоғам қайраткері:
Мардымсыз жалақы мотивация бермейді
Менің пайымдауымша, спорт мамандарын даярлайтын орталықтардың болашағы тікелей мемлекеттің қолдауына байланысты. Егер мемлекет бұл орталықтарға қажетті деңгейде қаржы бөлмесе, жер телімдерін қарастырмаса және инфрақұрылымды жаңартуға жағдай жасамаса, олардың қызметі құлдырауы мүмкін. Мұндай қолдаудың болмауы бірнеше нақты мәселелерді туындатары анық.
Бірінші мәселе, орталықтардың материалдық-техникалық базасы ескіріп, заманауи жабдықтар мен технологиялардың жетіспеушілігінде жатыр. Бұл спорт мамандарын даярлау сапасының төмендеуіне әкеледі. Екінші мәселе – қаржылық қиындықтарға байланысты кәсіби оқытушылар мен жаттықтырушылар жалақысының аздығы. Бұл олардың шетелге жаппай кетуіне әсер етеді. Соңында мұндай орталықтар қажетті кеңістіктер мен инфрақұрылымға ие болмаса, жас спортшыларды даярлау үдерісі шектеліп, спорт түрлерін дамыту тежеледі.
Тағы бір айта кететін тұсы, мемлекет бұл орталықтарға ерекше көңіл бөліп, тұрақты қаржыландыру жүйесін қамтамасыз етуге тиіс. Мемлекеттің мұндай қолдауы ел спортының сапалы дамуына және халықаралық аренадағы беделін арттыруға негіз болар еді.
Қыдырбек РЫСБЕК,
журналист:
Спорт орталықтарына зертханалар қажет
Қазір спорт мамандарын дайындайтын орталықтардың ахуалы қиын дер едім. Еліміздегі бапкерлердің 90 пайызы оқу-жаттығу жоспарларын құрастыруда білімі мен тәжірибесі жеткіліксіз көрінеді. Бұл мамандардың кәсіби деңгейінің төмендеуіне және олардың халықаралық стандарттарға сай болмауына әкеледі. Қазір нақты білікті мамандар даярлайтын жүйелі жұмыс істейтін мекеме жоқ деп айтуға негіз бар. Кеңес заманында бапкерлердің жұмысы жүйелі жолға қойылған еді. Сол кезеңде мамандарды ағзаның физиологиясы мен анатомиясын терең зерттеуге мүмкіндік беретін зертханаларға апарып, тәжірибелік сабақтар арқылы олардың білімін жетілдіретін. Ал бүгінде мұндай толыққанды зертханалары бар оқу орталықтары мүлде жетіспейді.
Әрбір оқу орны өз бағдарламаларын әзірлеуде бірізділікке сүйенсе, міне, нағыз жүйе деп соны айтады. Оның көмегімен мамандардың дайындық сапасы өте жоғары нәтижені көрсететін еді. Басқа да айтылмай жатқан мамандардың заманауи оқуға бейімдеу, халықаралық ынтымақтастық сынды мәселелердің барлығы осы жүйеге келіп тіреледі.
Егер бұл мәселелер уақытылы шешілмесе, спорт саласындағы мамандардың тапшылығы мен олардың кәсіби деңгейінің төмендеуі ел спортының дамуына үлкен қауіп төндірері сөзсіз. Жүйелі түрде қаражат бөлу, инновациялық шешімдерді енгізу және салаға жан-жақты қолдау көрсету еліміздің спорттық жетістіктерін қамтамасыз етудің басты кепілі болмақ.
Әсет ҚАЛИ