Соның ішінде қазақтан шыққан тұңғыш инженер, азаттық күрескері, ел ертеңі үшін аянбай еңбек еткен тұлғаның бірі де бірегейі Мұхамеджан Тынышбаевтың күрішті өлкеде тұрмыс кешкенін көпшілік білмес бәлкім.
Азаттық таңын аңсаған тарихи тұлғаның өлшеусіз еңбегі халық жадынан өшпек емес. Жетісу өңірінен шығып, Алаш қозғалысының негізін қалаушылардың бірі ретінде танылған қайраткердің өз заманында Қазақстан–Сібір темір жолын салудағы еңбегі көпке мәлім.
Негізінен, Мұхамеджан Тынышбайұлының саналы ғұмыры XIX ғасырдың аяғы-ХХ ғасырдың І жартысындағы буырқанған тарихи оқиғалар аясында өтті. Дейтұрғанмен, ұлы қайраткердің тұлғалық ғұмырнамалық шежіресі әлі күнге дейін толық анықталып, нақты сипатқа ие болды деп айту қиын. Яғни, жаппай хатқа түсіп, жария болған емес. Тек мұрағатта сақталған баспасөз материалдары мен деректері негізінде ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде тың мәліметтер анықтала түсті.
«Мұхамеджан Тынышбаев сияқты дара тұлғаның ғұмырнамалық шежіресін зерттеу арқылы тұтас өңірдің, яғни Жетісудың, Қазақстанның, Орталық Азияның толыққанды тарихи парақтарын жүйелеуге болады. Тұңғыш инженердің өмірдерегін зерделей отырып, қазақ халқының ХХ ғасырда басынан кешкен қасіретті оқиғалары – 1916 жылғы көтеріліс, бірінші дүниежүзілік соғыс, азамат соғысы, ашаршылық кезеңі, босқыншылық пен үркіншілік, бай-ауқаттылардың мал-мүлкін тәркілеу, ұжымдастыруға қарсы халықтық қарсылық қозғалыстары, толқын-толқын болып жүргізілген саяси қуғын-сүргін мен «Үлкен террор» сияқты тарихи оқиғалармен астасып жатқанын аңғарасыз. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архиві қорынан табылған маңызды мәліметтер мен мерзімді баспасөзден табылған тың құжаттар тұлға өмірінің Қызылорда қаласындағы кезеңі туралы, бүгінге дейін беймәлім болып келген Кеңестік Қазақстан астанасының құрылысы бойынша жауапкершілікке тартылуы туралы мағлұмат береді. Мұрағаттан тұңғыш инженердің Ресейдегі қос революция мен азаматтық қарсы тұру кезеңін толысқан саяси қайраткер ретінде қабылдағанын, Қазақстанға билік жүргізген құрылымдардың бәріне ел жағдайын баяндап, хат жолдағанынан көруге болады», – деп түсіндірді бұл жайында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау.
Тұңғыш инженердің Сыр өңіріндегі өмір тарихы сан тарауға толы болған деп айтуға негіз бар. Мұрағат деректеріне сүйенсек, Тынышбаевтың тынымсыз мемлекеттік қызметі аясында 1924 жылдың 2-7 сәуір күндері Жетісу облысы жер комиссарлығының уәкілі ретінде жұмыс істеген.
Кейіннен, 1925 жылдың 9 ақпанында Қазақ АССР астанасы Орынбордан Ақмешіт (Қызылорда) қаласына ауыстыру туралы Қазақ орталық атқару комитетінің қаулысы қабылданады. Қаулыны жүзеге асыру Қазақ АССР халық комиссарлар кеңесіне тапсырылған. Соған орай ВКП (б) Қазақ өлкелік комитеті қаулысымен үкімет жанынан Техникалық комиссия құру туралы шешім шығарылған. Техникалық комиссия төрағалығына Аспандияр Кенжин тағайындалыпты. Сол 1925 жылдың 19 маусымында Қызылорда қаласының құрылысына басшылық жасау үшін Халық комиссарлар кеңесі жанынан Құрылыс комиеті құрылады. Комитет төрағасы болып Абылай Серғазиев тағайындалып, оның техникалық жағынан орынбасары қызметіне инженер Мұхамеджан Тынышбаев бекітілген.
Біршама уақыттан кейін құрылыс комитеті мәжілісінде М.Тынышбаевтың ұсынысымен Орталық атқару кеңесі, Халық комиссарлар кеңесі, аупартком сияқты үкіметтік мекемелер құрылысының іргетасын құю туралы қаулы қабылданады. Техникалық комитет төрағасы А.Серғазиевтің 1925 жылдың 10 тамызындағы қызметтік хатында М.Тынышбаевтың осы жылдың 20 шілдесінен бастап Қызылорда қаласын салу туралы Құрылыс комитеті төрағасының техникалық мәселелер жөніндегі орынбасары және Құрылыс комитетінің бас инженері болып тағайындалғаны, оған 350 сом жалақы белгіленгені баяндалады.
Ғылыми хатшының айтуынша, тұңғыш инженердің Қызылордадағы тұрғылықты мекенжайы мұрағат құжаттарынан табылып отыр. Онда Тынышбаев сол кезеңде Қызылорда қаласындағы Шумиловская көшесіндегі 20-үйде тұрады деп көрсетілген.
«Мұрағат құжаттарын зерделеу барысында Тынышбаевтың Сыр өңіріндегі өмір жолдары мен тұрғылықты мекенжайын да таптық. Құжатта көрсетілген мекенжай бойынша арнайы зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Нәтижесінде, құжатта баяндалған бұрынғы Шумиловская көшесі, қазіргі Қазантаев көшесімен тұспа-тұс келеді. Бұрын ол орында ескі әскери ко-миссариат ғимараты орналасқаны мәлім. Алайда бүгінде аталмыш жерде көне Қызылордадан сақталған бірде-бір ғимарат жоқ. Тұңғыш инженердің үйі де бұзылып кеткен. Әрине, тарихи орынды сақтап қала алмағанымыз өкінішті. Тек қайраткердің тұрғылықты же-рін ғана құжат жүзінде дәлелдеуге мүмкіндік алып отырмыз», – дейді музей қызметкері.
Негізінен, М.Тынышбаевтың есептеулерінде, Қызылорда қаласының құрылысы бойынша ғана емес, үкіметтік мекемелердің қалаға көшіп келуіне байланысты национализацияланған ғимараттарды жөндеу жұмыстары да бар. Сөзімізге дәлел ретінде айтар болсақ, 1925 жылдың 12-26 тамыз аралығында Есқараевтың комиссиясы қабылдаған национализацияланған үйлерді жөндеуге қанша қаражат кететінін осы М.Тынышбаев есептеп шығарған. Ал 1925 жылдың күз айларында құрылысты қабылдап алу актілерінен М.Тынышбаев пен А.Будассидің қолын көруге болады.
Жалпы, тарихи тұлға Қызылорда қаласының құрылысына қатысты күрделі әрі жауапты қызметтер атқарғаны жайында сарғайған парақтар сыр ақтарады. Кейіннен, Қызылорда қаласының құрылысындағы кінәраттары үшін инженерлерге түрлі айыптар тағылды. Оның қатарында халық комиссарлар кеңесі жанындағы құрылыс комитетінің бас инженері М.Тынышбаев та болды. Уақыт өте келе, құрылыс сапасыздығы салдарынан ол шартты негізге сотталып, кейіннен ақталады. Бірақ Жетісу қайраткерінің басына үйірілген қара бұлт «Инженерлер ісімен» толастамады. Соның салдарынан 1930 жылы 3 тамыз күні ОГПУ-дің Қазақстандағы тұрақты өкілдігі қаулысына сәйкес қайта тұтқындалады. Бұл жолы Мұхамеджан Тынышбаевқа қылмыстық кодекстің 58-7, 58-11 және 59-3 баптары бойынша іс қозғалады.
Жалпы, тұңғыш инженердің қилы тағдыры жайында тың деректер сарғайған парақтарда көптеп кездеседі. Онда қайраткердің ғұмырының соңғы сәттері көне Қызылордамен тікелей байланысты болғаны баяндалады.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы