Жақында Ұлттық музейде Қолөнершілер одағының мүшесі, этнодизайнер Тілек Сұлтанның «Киелі кимешек» көрмесі өтті. Онда қолөнершінің өзі тіккен және жинақтаған түпнұсқа 30 кимешегі көпшілік назарына ұсынылды.
Кимешек киген  қандай-ды!
340
оқылды

Кимешек бүгінге қазақ халқы­ның ұлттық бас киімі есебінде ғана жетті. Алайда оның тарихы терең, бағзыда кимешек әсемдік пен мәдениеттің үлгісі ғана емес, көшпелі халықтың әлеуметтік және философиялық астарға толы элементі болған. Еліміздің әр өңірінің табиғатына, салт-дәс­түріне қатысты, сондай-ақ үш жүздің өзіне ғана тән кимешектері болған.Ұлттық қолөнерді зерт­теуші Тілек Сұлтанның қорында қазақ­тың әр руының бірнеше кимешегі бар. Ол көне, стилі ерек­ше кимешек көрсе, коллекциясына қосып, түпнұсқаға ұқсатып кесте­лейді екен. Бүгінге дейін 30 киме­шек­тің түпнұсқасын жинақтай алған. 

«Қазақтың этнографиялық киімдерін қалпына келтіріп, қайта жаңғыртумен айналысамын. Кө­біне бізкесте техникасымен жұмыс істеймін, негізгі тақырыбым – ұлттық киімдер. Қазақтың XVIII–XIX ғасырда киген байырғы этно­графиялық киімдеріне ерекше қызығамын. Ал кимешек жинауға және тігуге ықыласым сағыныш­тан туды десем болады. Әжемнің қолында өскен баламын. Бала күнімізден әжем киетін кимешек­тің түр-сипатын көріп өстік. 8-9 жасымда ол кісі дүние салды, со­дан бері жүрегімде кимешек киген әжеге деген сағынышым қалып қойды. Кимешектегі шешей көрсем көзіме оттай басылатын. Әжемнің ақ кимешегін шешеміз бертінге дейін сақтады, кейін киім тігумен айналысып жүрген уақытта өзіме берді. Бұл уақытта ішіне картон салып тігетін сапасыз және этно­графиялық мәнін жоғалтқан киме­к­шектер қара базарда саты­латын еді әрі оны Наурыз сынды қазақы мерекелерде ғана елеп-ескеріп жататынбыз. Бір жағы қазақтың киелі бас киімінің мұндай сапасыз күйге түскеніне қарным ашқаннан, енді бір жағы, ақ кимешекке деген сағынышым оның астарлы тарихын қайта зерттеуге, жаңғыртуға жетеледі», – дейді қолөнерші. 

Шын мәнінде, қазақ этно­графиясы өте бай, киім тігу, кестелеу һәм зерделеу ісіне айрық­ша көңіл бөлген. Әсіресе, қыз ғұмырының әр кезеңіне тиесілі үкілі тақиядан бастап, сәукеле, кимешек сынды бас киімдер мен оны әшекейлеп тігудің маңызы зор болған. Қолөнершілер киелі бас киімдерді безендіру ісінде кестелі өнерден кенде болмаған, алтын-күміс, жауһар-маржан­дармен көмкерілген кимешек­тердің құны бірнеше жылқы­ның құнына татитын. 

«Қазақ әйелдері тұңғы­шын босанғаннан кейін кимешек кие бастаған. Кимешекке қарап-ақ қай елдің анасы екенін, оның жас мөл­шерін, тұрмыс-жайын, тіпті жүріс-тұрысына дейін анық ажыратып отырған. Мә­селен, жақ кестесі түрлі-түсті жіппен оюланған, моншақ-күміспен сәнделген ки­мешекті көбіне жас келін­дер киген. Балалары есейіп, келін түсірген аналарымыз ки­мешек­терінің жақ кестесіне сары түсті зер қосқан, қазақ шығарма­ларында 40-50 жастан асқан әйелдерді «сары жақ» деп сипат­тайтыны осыдан. Жесір әйел кимешектің жағын сәндемей, тек сырып тігетін, «ақ жақ» болған. Сондай-ақ дін ықпалды өңірлерде кимешектің кестесі «жұтаңдау» келеді, молдалар әсіре безендіруге, көз тартатын әшекей-бұйымдарға  тиым салған. Мұндай өңірлерде кимешекті бірыңғай ақ матадан тігіп, жақтың айналасына бір жолақты иекше таспа тартқан, бұлар иекшенің түсімен ғана ерек­шеленген.  Қазақтың данышпан­дығы сонда әр жастың өзіне тән стилі бар және сұрамай-ақ жағда­йын біліп отырған. Сондықтан аналарымыз ақ кимешегін кір шал­дырмай қадірлеген. Үй шаруа­сында жүрген кезде негізі киме­шектің өзін ғана киіп, үстінен кішігірім орамалдар тартқан. Ал енді салтанаттарда сәндік үшін күндік ораған», – дейді Тілек Сұлтан. 

Көрмеде еліміздің әр руының кимешектері көпшілік назарына ұсынылды. Шебердің айтуынша, кимешектің әр руда өзіндік ерекшелігінің болуы – бөлініс емес, керісінше, этнографиялық мұрамызды байытуға ықпал еткен. Мәселен, Жетісу өңірін мекен еткен рулардың кимешек жағын­дағы ою-өрнектері гүл, өсімдікті болып келсе, орта жүз руларының кимешектері қошқар мүйіз, арқар мүйіз сияқты өр­нектермен безендірілген. Оның үстіне, көшпелі қазақ халқының этно­графиялық киім-кешегі оның құжаты іс­петтес болған. Ерлер­дің тыма­ғына, бел­беуіне қарап, ал әйелдің киме­шегіне қарап оның қай рудан еке­­нін айқындай алған. Бағзы қол­өнершілеріміз киме­шекті зер кесте, жібек­пен оқалап кестелеу, бас­па кесте, кейіннен XIX ғасырда айқыш кестелеу сынды түрлі техникамен әрлейтін болған. Айқыш тех­никасының қиындығы соншалық, бөз мата­ның әр үш көзін санап отырып кестелеген, майдалығы сондай, көз­дің нұрын жейтін еңбек. Сөйт­се де, ең аяулы, нәзік кестелерді кимешектің жағына салатын болған. 

 

«Тіптен, ұлы жүз руларының кимешектерінің өзі формасы жағынан бір-біріне ұқсас болғаны­мен, үстінен орайтын күндіктері әртүрлі болған. Күндіктің өлшемі 7-8 метрден бастап кей өңірде тіптен 40 метрге дейін созылатын бөз матадан оралатын болған. Әйтсе де, оның ортақ өлшемі – 26 метр, өйткені әйел адамның кебіні осы өлшемге сай келеді. Көшпелі халық үшін күндік тұрмысқа қолайлы болған. Мәселен, көш барысында оқыстан біреу жарақат алса, жарасын таңатын байлау ретінде, яки ай-күні жетіп қалған әйел босанып қалса – жөргек, тіптен ажалы жетіп, біреу жаза­тайым дүние салғанда осы күндікті кебін есебінде іске жарат­қан. Күндікті орау формасының да әр өңірде, әр руда ерекшелігі болған, өкінішке қарай, бұл этно­графиялық жәдігердің бәрі бір­ден бүгінге жете қоймады. Біз тек екі-үш түрін ғана қалпына келтіріп, халыққа насихаттап жүрміз, соның бірі – Әулие ата өңіріне тән дулаттардың күндігі. Архивтерде шетелдік фотограф­тардың қазақ даласына таспалаған суреттері бар. Соның бірінен ат үстінде отырған кимешекті әжей­дің суретін байқап қалғанбыз, сипатында – «Әулие ата уезі» делінген екен. Осында ескі сурет­терді зерттей жүріп, дулаттардың күндігін қайта қалпына келтірген жайымыз бар. Албан руының кимешектерінің төбелдірілігіне дейін маржандап, түрлі тастармен көмкерілетін болған. Бұл руға тән кимешек түрлері әртүрлі бейне таспаланып, ол мұрағаттар бізге дейін жеткен. Сол нұсқаларға қарап, біз көшірмесін тігіп, наси­хаттап жүрміз. Орта жүз руларында кимешек және сыртқы орамасы – шылауыш болады, кей өңірде оны «зере жаулық» деп те атайды. Бұл ұғым орта жүздегі керей, найман, арғын, уақ сынды руларға тән. Орта жүздің коңырат сынды кей рулары ұлы жүз тайпаларына жақын өмір сүргендіктен, киме­шек үлгісі де ұқсас болған. Орта жүз рулары шылауыш орайтын болғандықтан, кимешектің төбесі қарапайым тігілген, өйткені бұл өңірде төбел­діріктің шашағына моншақ тігіп, оны шылауыштың үстінен киетін болған. Ал кіші жүз руларында киме­шекті көбіне жаулық деп атаған. Менің жинағымда бұл жүзге тән екі түрлі кимешек бар – сұлама (сәукелеге ұқсас келген) және адайдың жаулығы. Айта берсең, әр рудың өзіне тән осындай ерекшеліктері көп», – дейді этнодизайнер.  

Безендіруінен бөлек, киме­шек­тің пішілу формасынан-ақ оның қай руға тән екенін айқын­дауға болады. Сондай-ақ киме­шектің жақ кестелері, сырулар, таңдай кестесінің саны сияқты майда детальдарына қарап әйелдің шыққан тегі, қоғамдық статусы, әлеуметтік жағдайы жайлы ақпарат алып отырған .Мысалы, кимешекте қос сыру болса – тұр­мыста, жалаң сыру болса – жесір әйел дегенді білдірген. Қол­өнершінің айтуын­ша, өкінішке қарай, осыншалық мән-мағынаға ие жәдіргеріміз бүгінгі ұрпаққа бар­лық сән-салтанатымен жете алған жоқ. 

«Бізге дейін көп кимешектің үлгісі жеткен жоқ, өте кеш қимыл­дадық. 60-70-жылдары кимешек тақырыбын қолға алып, деректі дүние жасап, сол уақыттағы әже­лердің айтқанын таспалап, аль­бом-кітап қылып қалдырған бол­са, қазіргі зерттеушілер мұншалық қиындық көрмес едік. Тоқсанын­шы жылдары кимешек киген әжелердің соңғы буыны дүниеден өтіп кетті. Бұдан кейін жаңа буын, жаңа ұрпақ келді де, кимешектерді шын мәнінде жоғалтып алдық. Қазір кимешектің қалыбын бұзбай сақтап киіп жүрген көбіне Қытай, Моңғолия жеріндегі қазақтар. Ал еліміздің ұлан байтақ жеріндегі әр руға тән алуантүрлі кимешек үлгілерін қайта жаңғырту өте күрделі еңбек. Мұрағаттардағы тарихи суреттерге зер салсақ, кимешектер мен күндіктердің сантүрлілігіне, сән-салтанатына таңырқайсың. Бүгінде солардың үлгілері түгілі, кимешек жайын білетін адам таба алмайсың. Көне суреттерге қарап, кимешектерді соларға ұқсатып жаңғыртып қана амалдап жүрміз», – дейді зерттеу­ші.

Көрмеде халықаралық ЮНЕСКО сапа белгісінің иегері, этнодизайнер Тілек Сұлтанның шеберлігінен туған ұлттық киімдер дефилесі өтті, оны этнодизайнер­дің анасы Жібек Әділханқызы бастап шықты. Қолөнерші жи­налған қауымға кимешек киюдің философиялық астарын ақтара отырып, оны тағу мен шылауыш ораудың үлгілерін де көрсетті. 

Айдана НҰРМҰХАН