Сайын шырақшының шамы сөнді

Қазақ руханияты тағы да қара жамылды. Алыптар көшіп барады. Абайтанушы, бауыржантанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлына да уақыт жетіпті. Ғұмырын ғылым жолына арнап, ғақылы ғасыр­ға жүк болатын дүниелер жазып, өшпес мұра қалдырған ғалымның қазасы қазақ жұртының қабырғасын қайыстырды.

1930 жылы 9 мамырда Түркістан облысы Түлкібас ауданы Майтөбе ауылында туған ғалымның балалық шағы алапат ашаршылық заманымен тұспа-тұс келді. Бауырларынан, әке-шешеден ерте айырылған қазақтың қайсар ұлы ерте жастан білімге зейін қойды. 1948 жылы қазіргі Тұрар Рысқұлов ауы­лындағы Абай атындағы қазақ орта мектебін бітірді. 1953 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін, 1964 жылы аспирантурасын бітірген. 1965 жылы академик Қажым Жұ­малиевтің жетекшілігімен «Абай Құнан­баевтың әдеби мұрасын зерттеу» тақыры­бында кандидаттық диссертация қорғаған. 1989 жылы «Мұхтар Әуезов және абайтану ғылымы мәселелері» атты тақырыпта док­торлық диссертациясын жазған. Ол абайтану ғылымына көп үлес қосқан ғалым ретінде танылған. Ол сонымен бірге қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының өмірін де зерттеп, бауыржантану ғылыми орта­лығына жетекшілік еткен. Ашық дерек­көздерге сүйенсек, Мекемтас Мырзахметұлы совет дәуірінде Ресейдің Қазақстанда жүргізген саясатын әшкерелеп, («Қазақ қалай орыстандырылды», 1993) қазақ жеріндегі топонимдер мен антропонимдердің саяси-әлеуметтік сырларын ашып, қоғамдық ой-санаға ықпал еткен. Абай шығармала­рын жаңа қырынан талдап, ондағы айтыл­май келген шығыстық мәселелер мен таныл­май келген ойларды, шығыстық термин сөздерді бүгінгі күн талабы тұрғы­сынан жаңаша қорытып, ғылыми айналымға түсірген. «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деп жазған Абай жұмбағының жауабын тапсам деген жолда Мекемтас Мырзахметов 60 жыл ізденіс жасап, 90 жасқа келгенде Абай армандаған «толық адам» формуласын түзді. 

«Толық адам» ілімі арқылы жастарды тәрбиелей аламыз. Алланың бойындағы сегіз сипат адамда да бар, бірақ Алладағыдай толық емес. Сондықтан бойымыздағы сегіз сипатты Аллаға еліктей отырып күрделен­діріп, жөндеуіміз керек. Соған ұмтылуымыз керек. «Толық адам» ілімі содан барып шы­ғады», – деген еді Мекемтас Мырза­хмет­ұлы. Осылайша, ғалым Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында әрқайсысы 400 беттен тұратын Абай туралы еңбегінің он томдығын шығарды.

Осындай өнегелі ғұмыр кешіп, мол мұра қалдырған Мекемтас Мырзахметұлы марапаттан кенде болмады. Оған 1989 жылы филология ғылымдарының докторы, 1995 жылы профессор құрметті атағы берілді. 1996 жылы ғылым саласындағы ерен еңбектері үшін Қа­зақстанның Мем­лекеттік сыйлығын алды. 2001 жылы «Құр­мет» орденімен мара­патталды. 2003 жылы «Түркі әлеміне сіңірген еңбекгі үшін» халықаралық сыйлығының лауреа­ты атанды. Бауыржан Момышұлының атындағы «Құрмет белгісі», «Парасат» ордені берілді. 2019 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев І дә­режелі «Барыс» орденін табыстады. «Толық ілімді» тәпсірлеп, толағайдай ұлт руханиятын биікке көтерген, тоқтаусыз толайым шы­ғармалар жазған ғалымның аты өшпек емес, хаты өлмек емес. Себебі «ғалымның хаты өлмейді».

Абайтанудың абыз ақсақалы

Абайтанудың абыз ақсақалы, қазақтың азат рухының қайраткері, «ақырын жүріп, анық басатын» Мекемтас аға тоқсанды алқымдап, артына қаратаудай мұра қалдырып дүниеден озды. Ғасыр жасаған ғұмырында «жай­наған туы жығылмай» кетті. Күні кешеге дейін санасы сергек, әдетінше Абайды жатқа оқып, оның «мораль философиясын» тәптіштеп, қазақтың ұлттық намысын түрткілейтін тәмсілдер айтудан жалыққан емес. Қаламын да қолынан түсірмеді. Өткен жылдың қара күзінде ғана «Абайдың шығыстық әлемі» деп аталатын көлемі 55 табақтан тұратын монографиясын әкеліп, институтқа табыс­тап кетіп еді. Бұл – абайтанудың абыз ақсақалына айнал­ған ғұлама ғалымның кеңестік дәуірде қақпай көрген «Абайдың Батысынан көрі басым – Шығыс әлемін» ұзақ жылдар зерделеген қыртысты тақырыптың толғамды қорытындысы болатын. Осы арқылы тәуелсіз санаға серпіліс беретін келешегі кең даңғыл жолдың көкжиегін кеңітіп еді...

«Мен Абайға «мәңгүрт» болып келдім. Алғашында түсінбедім. Кейіннен қорықтым. Қайталап оқып жүріп, қалай кіріп кеткенімді өзім де білмей қалдым...», – деп бастайтын абайтануға қалай келгені жөніндегі әңгімені. «Менің түсінбегенім сол – кеңестік ғалымдардың Абайдан атеист, коммунист жасағандары еді. Соны айтам деп басым бәлеге қалды!» – деп сырбаз жалғастырушы еді әңгімесін. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас...», «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деп жырлаған ақынды қалай атеист, коммунист деуге болады?...» «Ақыры, олар мені қорғатпайтын болды, содан мен Мұхаңның ығын паналадым. Сөйтіп, диссертация тақырыбын «М.Әуезов және абайтану проблемалары» деп алдым да, Мұ­хаңның салып кеткен сүрлеуін кеңейтуге тырыс­тым», – дейтін. Ол Абай мен Мұхтарды құныға оқыған сайын, «мәңгүрт» санасына жарық сәуле дарып, көкірек көзінің ашыла түскенін айтудан жалықпайтын. Қандай тақырыпты қозғамасын барлығына ұлы Абайдан тиянақ табатын, онысын айналдырып әкеліп Әуезов пайымымен астарлап дә­йектейтін. Өзі жазғандай, ол Абайтанудың «М.Әуезов дәуірінен кейінгі» ең ірі қайраткеріне айналды. «Абайдың ақындық кітапханасы», «Абайдың Шығысы», «Абайдың исламиятқа қатысы», «Абай­дың мораль философиясы», «Абай шығармаларының текстологиясы», «Ақынның «өзі алған нәрлері», «өзгеге берген нәрі» деген сияқты соқталы тақырыптарды аңдуы мен қақпайы көп кеңес дәуірінің өзінде қаймықпай көтеріп, арналы зерттеу нысанасына айналдырған ұлағатты ғалым болды. Сол көп жылғы еңбектің қорытындысы Абайдың «Толық адам» ілімі – жаңа таным жолы» деген тұжырымдамаға айналды. Сөйтіп, 10 томдық еңбегін жарыққа шығарып, абайтанушыларға бағдаршам боларлық мұнара тұрғызып кетті. Осылайша, ол Абай тағлымы арқылы ұлт рухының ХХ ғасырдың екінші жартысындағы ту ұстау­шыларының бірегей тұлғасына айналды. 

Сонау жетпісінші жылдардың өзінде Абай атындағы Қазақ педагогика институтында (ол кезде солай аталатын) дәріс оқып жүрген кезінің өзінде ол кісі бүкіл жан дүниесімен «ұлтшыл» еді. Бізге «Ежелгі дәуір әдебиеті» мен «Абайтанудан» дәріс оқыды. Біз мектепте атын естімеген «тасқа қашалған көне түркі жазба ескерткіштері», «Оғызнаме», «Махмұт Қашқари», «Құдатқу білік», «Кодекс-Куманикус», «Қорқыт ата» «Рабғузи» сияқты ежелгі дәуірден бастап, Абайға дейінгі әдебиеттің тарихи кезеңдерін өзінің байыпты, сырлы дауысымен сары ауыз балапандардың көкейіне қондыра жеткізуші еді. Әсіресе, Дулат Бабатайұлына келгенде шабыттанып, шамырқанып кететін. Өйткені Дулат – қазақ қоғамының отаршылдыққа қарсы соңғы тұяқ серпер дауылпаз үні еді. Ол жөнінде өзінің досы Құлмат Өмірәлиевтің әйгілі еңбегін көлденең тарта сөйлейтін. Ұстаздың бүкіл дәрістерінен отаршылдыққа қарсы ұлттық рух есіп тұратын. Сондықтан ол кісінің дәрісін тыңдағандардың ішінде ұлтшылдық «дертіне» шалдықпағаны жоқ шығар. Тәуелсіздік дәуірінде Мекемтас аға ерекше құлшыныспен жұмыс жасады. Түркістанда, Таразда көп жылдар өнімді еңбек етіп, жүздеген шәкірт тәрбиелеп, ұлттық әдебиетті, тарих пен мәдениетті қадірлейтін, елі мен жерін сүйетін аймақтардағы жаңа толқынның тың армия­сын жасақтады. Осы жылдары ғалымның шабыттана, жанын сала тер төккені сонша, қазақ әдебиетінің мұрағатта жатқан мұраларын 500 кітапқа жүк етіп жарыққа шығарған екен. 

Ол кісінің «Қазақтар қалай орыстанды?» деген шағын кітапшасының өзі қоғамдық ойға алапат қозғау салды. Ұйқыдағы сананы дүр сілкіндірді, тарихқа тәуелсіз көзқарас керек екендігін «қағынан жеріген» жұртына түйсіндірді. «Ұлтшыл» деген сөзден үрікпей, өз ұлтыңды қастерлеу – азаматтық асыл қасиет екендігін алғаш айтқандардың бірі болды. Осы орайда даңқты батыр Бауыржан Момышұлының отыз томдық еңбектерін жарыққа шығаруы да ұлтқа қызмет етудің бір парасы еді. 

Ғұлама ғалым өзінің кемеліне келіп, толысқан саналы ғұмырының жемісті жылдарын М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жанындағы «М.Әуезовтің музей үйі» ғылыми орталығының қабырғасында өткізді. Ұлы Абайдың ең толымды ғылыми жинағын шығаруға, М.Әуезовтің 50 томдық шығармалар жинағын дайындауға белсене араласты. Бұрын жарияланбаған қаншама мұрағаттық жазбаларды жарияға шығарды. Осы Институт қабырғасында ғылыми дәрежелер қорғады. Ең сүбелі деген еңбектерін жазды. Қай жерде жүрмесін Мекемтас аға киелі шаңыраққа бір соқпай кетпейтін. Өмірінің соңына дейін институтпен араластығын үзген жоқ. Жасының ұлғайғанына қарамастан, айына бір рет телефон шалып хабарласып отыратын. Енді сіздің сол сазды дауысыңызды сағынатын болдық, ұлы ұстаз! 

Бақұл болыңыз, ардақты аға! Өзіңіз жан дүниеңізбен сүйген, қапысыз қызмет еткен қазақ халқы аман тұрғанда Сіз мәңгі жасайсыз. Азат саналы азаматтардың Сізді есінен шығармайтынына, дұғасынан тас­тамайтынына біз, шәкірттеріңіз кәміл сенеміз. Туған жеріңізден бұйырған топырағыңыз торқа болсын! Абай атаңыздың рухы желеп-жебеп, Алла нұр жүзіңізді пейіште шалқытсын! 

Кенжехан МАТЫЖАНОВ, 

М.Әуезов атындағы Әдебиет және 

өнер институтының бас директоры,

ф.ғ.д., ҚР ҰҒА академигі

Мәңгілік өмірі басталды

Абайтанушы, мұхтартанушы, көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының мәңгілік өмірі енді басталды.

Батыр Бауыржанның бауырында жүріп, батырлықтың бар сырын ұққан, елі мен ұлты үшін құрбандыққа шалынудың үлкен үлгісін көрсеткен, өзінен кейінгі белгілі-белгісіз жастар академик атанып жатқанда жанталасып атақ-даңққа ұмтылмай, өзінің өмір бойы жинаған абыройы­на дақ түсірмей, Абайдың айтып кеткен өсиеттеріне адалдық танытып, дала данышпа­нының дәрістерін дәріптеп, Мұхтар кешкен мех­натты тағдырды бастан кешуге бел шешіп мойынсұнып, ауырсынбай, ағысқа қарсы жүзе білуді берік ұстанған ұлы тұлға Мекемтас Мыр­захметұлы өмірден өтті дегенде өкініштен өзге сезімді бастан кешірмедік. Өйткені онсызда алдыңғы буын ағаларымыздың қатары сиреген сайын жаның жүдеп, көшбасшысынан айрылған көштей көңілің құлазып жүрген шақта тағы бір арқасү­йер ағамыз, бағыт берер баталы абыз ата­мыздан айрылу қазақ халқы үшін оңай соқпаған сыңайлы. Жасы жүзге таяп, өмірдің ащы мен тұщысын теңдей тартып, ешкімге, ұрпағына артық салмақ түсірмей кетті деп, «тәубәшілік» етсек те, ондай тұлғаларымыз тапшы екенін мойындамасқа болмас.

Бүкіл түркі әлеміне ортақ әдеби, ғылыми мұралары көзі барда жүйеленіп, жинақталып, жарияланып, жазылып үлгергенімен әлі халыққа берері, қуаты жет­кенде, қаламын қолынан түсірмей жазары көп еді ол кісінің. Өзі еңбек еткен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің шығармашылық мұрасын мұқият жинап, жариялауда талай еңбек етсе де әлі зерттелуге тиіс тақырыптар туралы түрлі жиындарда, ғылыми мінбелерде айтып жүретін еді. Алайда «алтынның қолда барда қадірі жоқ» дегендей, қасымызда жүргенде ол кісілер бейне бір мәңгі өмір сүретіндей сұхбаттасуға, сол жазылмай жатқан жайларды, айтылмай қалған ақиқаттарды естуге енжармыз ғой. Абай атамыз айтқандай, «қолымызды мерзімінен кеш серме­генімізді» кейін түсініп жататынымыз өкінішті. Ендігі ұрпақ көрнекті ғалым, абайтанушы, мұх­тар­танушы Мекемтас Мырзахметұлының орындал­май кеткен арман­дарын, жаза алмай кеткен тақырыптарын зерттеуге мүдделі деп ойлаймыз, үміттенеміз. Сондай-ақ оның топонимика, оно­мастика саласындағы атқарған қыруар ең­бек­тері де арнайы зерттеуді қажет етеді. Оларды жиі-жиі жаңғыртып, жариялап отыру арқылы біз өз ұрпағымыздың төл тарихын тануға деген құш­тар­лығын оятарымыз хақ.

Бүгінгі мұхтартанудың өзекті мәселеле­рі енді мекемтастанумен де тығыз байла­ныста зерттелері ғылыми заңдылық болса керек.

Қазақ халқының ұлттық құндылықтарын зерттеуге бүкіл сналаы ғұмырын арнаған ғалымның ендігі ғұмыры да ғибратты болғай, жатқан жері жәннәт, иманы саламат болсын дейміз.

Гүлзия ПІРӘЛИЕВА,

ғалым, профессор

Жол сілтеуші

Мұқым қазақ еліне һәм жалпақ түрік жұртына, дүйім шығыс дүниесіне қайғырып көңіл айтамыз. Мекемтас Мырзахметұлы сияқты алып тұлға дүниеден озды. 

Мекемтас ағайдың ұлтшылдығы тығыз түрік әлемімен, шығыстың шексіз байтағымен байланысты еді. Оған себеб ол кісі қазақ елінің хал-тағдырын жеке дара оқшаулап қарастырған жоқ. Оны ол түрік, шығыс ауқымында көрді. Содан болар, ол кісінің сонау кеңестік дәуірде қорықпай, Алып Ер Тоңаны еске алуы, Жүсіп Баласағұнды жоқтауы. Ал ақиқатында, кеңестік дәуірде шығысты зерттеуге тыйым салынған еді. Бұл жабық тақырып еді. Себебі қазақтың тамыры тереңде, ой-санасы ғарышпен ұштасқан ұлт болатын. Сол терең тамырды қиып, биік ой-өрісті пәсейткісі келген еді кейбіреулер. 

Ол кісі осындай шексіз әлемге құлаш ұрды. Оны ол қайдан алды? Мұхтар Әуезовтен, хакім Абайдан алды. Абайды Мұх­тар таныды. Мұхтарды Мекемтас аңдады. Себебі Әуезов «Абайдың шығысы батысынан басым еді» деді. Және «Абайдың шығыстан алған ең басты нәрсесі – Ислам» деді. Сөйтіп, ол кісі өзінің ғылыми кредосын М.Әуезовтің мұражай үйіндегі шаң басқан архив материалдарынан тапты. Осы идеяға, ғылыми мұратқа ол кісі жүз жыл бойы адал қызмет етті. Дүниеге мойын бұрмады. Яғни, ғарышты лашыққа айырбастамады. Қанша адам, әйтпесе сол кезде көк тәңірді көк есекпен шатастырып алғандай еді. Енді бізде, кейінгі буын тарылмай, тұншықпай ағайдың кең даңғыл жолы сияқты баратын, жүретін жолымызды тауып алуымыз керек. Әйтеуір, жүру мақсат емес, баратын мәреңді тауып алып жүру – мақсат. Одан соң сол мақсатқа соңына дейін қалтқысыз, айнымай қызмет ету. Міне, кредоның кредо­сы – осы. Мұхтар Әуезов өзінің басты еңбегіне бекерге «Абай жолы» деп ат қой­ған жоқ. Ол бізге айтылған емеурін, көрсетілген белгі. Абайдың жолы – бізді ұлы мұратқа жетелейтін, ақиқатқа бастайтын ишара жол. Абай, Мұхтар, Мекемтас – бұлар ұлы жол сілтеушілер. Оны ұғатын ұлт ба­рын біліп айтқан олар. Дана халқымыз «Ымға түсінбеген дымға түсінбейді» дейді. Біз ақ пен қараны әлдеқашан ажыратқан халықпыз. Енді тек соны шатастырып алмау – басты парыз. 

Ақжол ҚАЛШАБЕК,

профессор, Мекемтас Мырзахметұлының шәкірті

Әдебиеттану ғылымының мэтрі

ХХІ ғасырдағы алыптардың алыбы, даналардың жұрнағы, ұлылардың ізбасары сөзсіз Мекемтас Мырзахметұлы атамыз еді. Ол кісімен менің таныстығыма биыл 11 жыл толыпты. Бажайлағанға бірде аз уақыт, бірде осал еместей көрінер. Мектепті бітіре сала Мекемтас атамен таныс­ты­ғым басталды. Айбарлы тұлға бұл кезде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Абайтану» орталығының директоры болып қызмет атқаратын. Бұл кезде аталған оқу ордасының филология факультетінің 1-курс студенті едім. Әуелгіде телефон арқылы байланыстық. Көңілде қобалжу. Жолыққым келетінін айттым. Бұрындары Мекемтас атаның Социалистік Еңбек ері, нағашым Егемқұл Тасанбаевпен тығыз байланыста болғанын естуші едім. Өзінен сұрап едім, рас болып шықты. Араларында ерекше байланыс болып, рухани көпір орнаған екен. Содан Мекемтас атамен алғаш кездесудің сәті түсті. Содан бастап аяулы тұлғаның балағына ерген шәкіртіне айналып, дүниеден өткенге дейін арамызда мызғымас байланыс орнады. Филология ғылымдарының кандидаты, Мекемтас атаның шәкірті Ақжол Қалшабектің жетекшілік етуімен «Абайдың «Ки­таб тасдиқ» шығармасындағы көркемдік-танымдық мәселелер» тақырыбында дипломдық жұмыс қорғадым. 

Атаның ғұмырының соңғы жылдары Оңтүстік өңірінде өтті. Өзі шыр етіп дүние есігін ашқан Түл­кібас тауларының баура­йында тағылымды сәт­терін өткізді. Тоқсаннан асып, жүзге қадам басса да дамыл таппады. Қанша адамның шабы­тын ашып, көкірек көзін оятты. Қаруы – қалам, серігі – ақ парақ, жан жолдасы – адалдық пен әділдік болды. 

Өз сөздерінде «абайтану – оңтүстікке ауды» деп отыратын еді. Шымкент қаласы Мекемтас ата үшін айрықша болды. Шым шаһарда соңғы жылдары жан-тәнімен беріле еңбек етті. Олай болуының да жөні бар. Мархабат Байғұт атамыз: «Қатыгездік пен қайырымсыздық, күншілдік пен бақас­тық қалалардан емес, тұрғындар тараптан болар. Онда да зиялымын деп жүрген зия­сыздардан (нұрсыз­дардан), жалғандыққа иланып, жағым­паздыққа жығылар имансыздардан көбірек шығар. Бұл – жаңалық емес. Қашан да, қайда да солай. Осылай жалғаса берер. Әйтпесе, Әл-Фараби бабамыздың қайырымды қала іздеп жаһан кезіп бара жатқандағы бейнесінің елесі бүгінгі Мекемтас ағамыздың тұр­пат-тұлғасынан табылар ма еді?» Иә, себебі де сондай. 

Мекемтас ата үшін Шымкент – қайырымды қала болды. Ғұмырының кейінгі жылдарынан, бақиға аттанғанға дейін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде табысты еңбек етті. 2018 жылдан бері іргелі қара шаңырақта «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы қызметін атқарды. Атаның «Толық адам» туралы кітабының талқылауын да осы орталықта өткізді. 

 Соңғы рет 23 қарашада абайтанушы ғалым, шәкірті Ақжол Қалшабек ағамызбен көңілін сұрай барғанымызда атамыздың әжептәуір әлсіреп қалғанын байқаған едік. Сонда көңіліміз құлазыды. Бірақ ұлылықтың нәрімен сусындаған ғарыштық сана сол күйі биіктен түспеді. «Сендердің жақсы болғандарың – өзімнің жақсы болғаным. Сондықтан біраз жұмыс тындырдыңдар. Осы жетеді демеңдер, бұл – бастама. Алдарыңнан көлденең жұмыстар көп шығады. Соған күштеріңді салып, абыроймен алып шығыңдар», – деп батасын берді. Соңғы жүздесу екенін білмеппіз ғой, әттең!

Көңіл әлі де сенбейді. Әлі де «Мұхтартану» орталығында отырсаң, жайдары қалпымен кіріп келетіндей, телефон шылдырласа, аяулы Мекемтас ата хабарласатындай күйдеміз.

Қазаққа сіздей ұлы перзент сыйлаған Жаппар Хаққа сансыз мақтау айтамыз. Сіздей ұстазға шәкірт болған бізде арман жоқ, асыл ата!

Өзіңіз ғұмыр бойы бойтұмар еткен ұлылармен жүздесіп, қауышқан боларсыз!.. 

Қош болыңыз, ата!

Бақұл болыңыз, әдебиеттану ғылымының мэтрі!

 Әзімхан ИСАБЕК,

Мекемтас Мырзахметұлының шәкірті,

жас ғалым