Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі әзірленді.
Елімізде студент жастарға мемлекеттік қолдау артады
Фото: istockphoto.com
1,222
оқылды

Мемлекеттік қолдаудың бұл шарасы Қазақстан балаларына 5 жастан бастап 18 жасқа толғанға дейін елде және шетелде білім беру қызметтеріне, соның ішінде жоғары, техникалық және кәсіптік білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін қаржыны тұрақты жинақтау мақсатына арналған деп хабарлайды Aikyn.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

«Келешек» жүйесіне қатысу үшін ата-аналар мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің қатысушылары болып саналатын екінші деңгейдегі банктерде және сақтандыру компанияларында шот ашуы қажет, онда ағымдағы күнтізбелік жылы 5 жасқа толған балаларға 60 АЕК (2025 жылы 235 920 теңгені құрайды) және жетім балалар үшін 120 АЕК (471 840 теңге) мөлшерінде бастапқы білім беру капиталы, 5-7% мөлшерінде мемлекеттік сыйақының жыл сайынғы төлемі және инвестициялық табыс есептелетін болады.

«Келешек» жүйесінің шарты – ата-аналар кемінде 12 АЕК мөлшерінде жыл сайынғы міндетті ең төменгі жарнаны төлеуі тиіс.

Шоттарды Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры, ал сақтандыру төлемдерінің сомасын Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры сақтандырады.

Мемлекеттік білім беру грантын алған жағдайда қаражатты жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға пайдалануға болады.

Сонымен қатар  жинақталған қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағыттауға және қажет болған жағдайда үшінші тұлғаларға беруге болады.

Докторанттардың стипендиясы – 262 500 теңгеге дейін өседі:

2025 жылы ЖОО және колледж студенттері үшін стипендия 2 есе, магистранттар мен докторанттар үшін 1,75 есе артады.

2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап бакалавриат студенттеріне стипендия 52 372 теңгеге дейін, ал педагогикалық және медициналық бағыттардағы білім алушыларға – 84 000 теңгеге дейін, магистранттарға – 117 098 теңгеге өседі.

Интернатурада оқитын студенттерге стипендия – 94 862 теңге, ал резидентурада – 134 664 теңге көлемінде төленетін болады. Емтихан сессиясын «өте жақсы» тапсырған жағдайда студенттердің жоғары стипендия алу мүмкіндігі сақталады.

Студенттердің жекелеген санаттары үшін стипендияға үстемеақы белгіленеді. Олар:

Жоғары немесе кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары оқу орнынан кейінгі білім алатын көру және есту қабілеті бұзылған адамдарға бакалавриат студенттеріне – 94 651 теңге, магистранттарға – 204 921 теңге, докторанттарға – 459 375 теңге үстемеақы белгіленді.

Жаралану, контузия, ауру салдарынан мүгедектігі бар немесе мертіккен адамдарға бакалавриат студенттеріне – 78 558 теңге, магистранттарға – 175 647 теңге, интерндерге – 142 293 теңге үстемеақы беріледі.

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған немесе қорғаншылықтағы жетім балалар қатарындағы студенттерге стипендия 30%-ға көтеріледі, яғни бакалавриат студенттеріне – 68 083 теңге, магистранттарға – 152 227 теңге, интерндерге – 123 320 теңге үстемеақы белгіленген.

Мемлекеттік стипендиядан басқа, жоғары оқу орнының Ғылыми кеңесінің шешімі бойынша 104 744 теңге мөлшерінде тағайындалатын оқуда ерекшеленген студенттерге, олимпиадалардың, шығармашылық конкурстардың, спорттық жарыстардың жеңімпаздарына арналған Президенттік стипендия бар.

Президенттік стипендияны 3-ші оқу жылынан бастап студенттер және 2-ші оқу жылынан бастап магистранттар ала алады. Мұндай стипендияға бюджеттік негізде оқитын студенттер де, ақылы негізде оқитындар да құқылы.

2024 жылдың қорытындысы бойынша, жатақханалардан студенттерге 1 096 орын берілген.

Ал 2029 жылға дейін жыл сайын 10 мың орынды пайдалануға беру көзделген.

Астана және Алматы қалаларында жатақханаларда орындарды уақытылы алу бойынша ел студенттеріне консультациялық қызметтер көрсететін жобалық фронт-офистер жұмыс істейді.

2024 жылы жатақханалар салу бойынша мемлекеттік тапсырыстың мөлшері Алматы қаласында 144 АЕК-тен 230 АЕК-ке дейін, Астана қаласын қоса алғанда, елдің басқа өңірлерінде 122 АЕК-тен 195 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

Сондай-ақ  жатақханаға объектілерді реконструкциялағаны үшін өтемақы мөлшері 92 АЕК-тен 182 АЕК-ке дейін ұлғайған.

2025 жылы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе қамқорлығынсыз қалған жастарға және 1 және 2-топтағы мүгедек адамдарға, бала кезінен мүгедек адамдарға, мүгедек балаларға оқу кезеңінде ЖОО жатақханаларында тұрғаны үшін 100 050 теңге мөлшерінде өтемақы төлеу жалғастырылады.