Қытайдың дін көшбасшылары Қазақстанның конфессияаралық диалогті нығайту жөніндегі бастамаларына қолдау білдірді.
Қазақстан – Қытай: Дінаралық диалогті  дамыту
Фото: Н.Байбулин
184
оқылды

Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Қытай Халық Республикасына сапары аясында Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитеті төрағасының орынбасары, Қытай Коммунистік Партиясы Орталық комитетінің бірыңғай майдан бөлімінің меңгерушісі Ши Тайфэнмен және қытайлық дін көшбасшыларымен кездесті,  деп хабарлайды Aikyn.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сондай-ақ Чжэцзян провинциясының губернаторы, Партия комитетінің хатшысы Ван Хаомен және сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен жүздесті. Сұхбат кезінде рухани дипломатияны дамыту мәселелері мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясында дінаралық және конфессияаралық диалогті нығайту барысы талқыланды.

Қытайдың дін лидерлерімен кездесуде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі көптеген мәселе  бойынша Қазақстан мен Қытайдың ұстанымдары сәйкес екеніне назар аударды. Екі ел де әлемнің үйлесімді дамуын және тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән береді. Сондықтан Қазақстан Қытайдың әділетті және көпполярлы әлем қалыптастыруға арналған жаһандық бастамаларын қолдайды.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт  Тоқаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің «Адамзаттың біртұтас тағдыры қауымдастығын» құру туралы идеясының маңызды екенін бірнеше рет атап өтті. Қазіргі халықаралық жағдайда бұл бастаманың өзектілігі одан әрі артып отыр. Сондай-ақ Қазақстан да бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған бірқатар халықаралық бастама  көтерді. Олардың бірі де бірегейі – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу. Осы уақыттың ішінде съезд дінаралық диалогті дәріптеу және әлемдегі өзекті проблемаларды шешу үшін рухани көшбасшылардың күш-жігерін жұмылдыруға арналған беделді әрі іргелі алаңға айналды. Осы ретте біз Қытайдың бұл бағытта көрсетіп келе жатқан қолдауын және сіздердің өкілдеріңіздің тұрақты қатысуын жоғары бағалаймыз», – деп  Мәулен Әшімбаев съезді дамытудың 2033 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру аясындағы бірлескен жұмыстың негізгі міндеттеріне тоқталды.

Сонымен қатар ол қазіргі сын-қатерлер мен геосаяси шиеленістер жағдайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі рухани дипломатия арқылы адамзатты алаңдатқан әлемдік, экологиялық және рухани мәселелерді шешуге ықпал етуге тиіс екенін тілге тиек етті. Осы ретте съездің Ізгі ниет елшілері және Жас дін лидерлерінің форумы сияқты бастамалар маңызды рөл атқаратыны атап өтілді. Әртүрлі конфессиялардың, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, болашағынан зор үміт күттіретін жас ғалымдар мен саясаткерлерді біріктіретін бұл форум алғаш рет былтыр қазан айында ұйымдастырылды. Мәулен Әшімбаев жас көшбасшыларды съезге жұмылдыру өркениетаралық және конфессияаралық диалогтің қалыптасқан дәстүрі мен сабақтастығын сақтауға оң әсерін тигізетінін айтты.

Сенат Спикері өз сөзінде Қытай даосистер қауымдастығы мен Қытай буддистер қауымдастығының төрағаларына съезге белсенді қатысып, бейбітшілікті сақтауға және конфессияаралық диалогті дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін алғыс білдірді.

«Қазіргі таңда әлемде күрделі геосаяси ахуал қалыптасқаны белгілі. Жаңа сын-қатерлер пайда болуда. Осыған байланысты бейбітшілік пен мәдениетке табан тіреген диалог арқылы діни, саяси және қоғамдық көшбасшылардың күш-жігерін біріктірудің маңызы артып отыр. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі дәл осы мақсатты көздейді. Сондықтан сіздерді VIII съезге шақырамын. Қытай дін көшбасшыларының қатысуы форумның сәтті өтуіне оң ықпалын тигізеді деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде Ши Тайфэн Қазақстанның түрлі діндер өкілдері арасында диалог орнату және толеранттылық пен бейбіт қатар өмір сүру мәдениетін ілгерілету бағытында жүргізіп келе жатқан саясатын жоғары бағалады. Сондай-ақ ол съезд жұмысы аясында Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі және Қытай дін көшбасшылары жаңа бірлескен жобалар үшін ашық екенін атап өтті.

Сенаторлардың Қытай сарапшылар қоғамдастығының өкілдерімен және осы елде оқитын қазақстандық студенттермен кездесуінде де ынтымақтастықтың жаңа форматтары мен тетіктері, қақтығыстардың алдын алу, оларды шешу мәселелері сөз болды. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, жасампаз ынтымақтастық және екі елдің мүдделерін өзара құрметтеу бірлескен жобалар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, маңызды мәселелердің шешімін табуға ықпал етеді.

«Соңғы жылдарда Қазақстан өзекті жаһандық және өңірлік проблемаларды жеңілдетіп, оларды шешу үшін сындарлы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық саясатын белсенді ілгерілетіп келеді. Қазақстан өзінің сыртқы саяси қағидаларына, нақты айтқанда, көпвекторлыққа, прагматизмге, басқа елдердің мүдделерін құрметтеуге және халықаралық проблемаларды шешудің сындарлы жолдарын іздеуге адал болып қала береді. Мұндай теңгерімді ұстаным біздің елімізге жаһандық сын-қатерлерге бейімделіп қана қоймай, жаңа әлемдік тәртіп қалыптастыру ісіне үлес қосуға мүмкіндік береді. Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі жасампаз ынтымақтастық саясатын да дәйекті түрде дәріптеп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев тығыз өңірлік кооперацияны нығайтудың маңызды екенін бірнеше рет атап өтті. Мұндай қадам өңірдің дамуына жағдай жасап қана қоймай, бүкіл Орталық Азияның халықаралық қатынастардағы субъективтілігін арттыруға ықпал етеді», – деді Сенат Төрағасы.

Қытайға сапар кезінде Мәулен Әшімбаев Чжэцзян провинциясының губернаторы Ван Хаомен кездесті. Онда тараптар екі елдің сауда-экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану, мәдени-гуманитарлық байланыстарды арттыру және өңіраралық кооперация мәселелерін талқылады.

«Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға өңіраралық қарым-қатынасты дамыту да ықпал етеді. Осы ретте өңірлердің мүдделерін қорғайтын Палатаның депутаттары ретінде сенаторлар Қазақстан облыстары мен Қытай провинциялары арасындағы өзара іс-қимылды жандандыруға елеулі үлес қоса алатынын атап өткім келеді. Қазақстанның көптеген қалалары мен облыстары Қытай өңірлерімен бауырластық байланыс орнатқан. Бүгін біздің делегацияның құрамында Қытаймен шекаралас Абай және Жетісу облыстарынан сайланған сенаторлар бар. Біз алдағы уақытта осы бағыттағы тығыз ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделіміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Провинция губернаторы Қазақстан Президентінің «Әділетті Қазақстан» қалыптастыруға арналған бастамаларын тиімді іске асыру нәтижесінде қол жеткізілген ілгерілеуді жоғары бағалады. Өз сөзінде Ван Хао өңірлік серіктестікті кеңейтудің және Қытай провинциялары мен Қазақстан облыстары арасында тәжірибе алмасудың маңызына, сондай-ақ тиімділігіне тоқталып өтті.

Бұдан басқа, Парламент депутаттары Ханчжоу қаласында бірқатар инновациялық ІТ компаниялардың, оның ішінде әлемдік деңгейде «бұлтты» есептеулерге және жасанды интеллектті дамытуға қажетті ресурстар шығаратын Alibaba Cloud Intelligence Group Co. Ltd.-ның қызметімен танысты.