Қазақстан әскери қуаты бойынша әлемдік рейтингте нешінші орында тұр?

Global FirePower-2025 халықаралық рейтингіне 145 ел кірген.

Әлем елдерінің әскери күштерінің әлеуетін бағалайтын Global FirePower-2025 халықаралық рейтингінің нәтижелері жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Жаңа рейтингте Қазақстан әскері әлем бойынша 58-орыннан 57-орынға жылжып, Орталық Азиядағы көшбасшы позициясын сақтап қалды.

Жоғарыда аталған GFP рейтингіне 145 ел кірген. Онда жалпы саны 60-қа жуық көрсеткіш бойынша, соның ішінде әскери бөлімдердің саны, қаржы, логистика және географиялық жағдай да ескеріледі.

Негізгі көрсеткіштерге сәйкес Қазақстан реактивті жүйенің көлемі бойынша әлемде 17-орынға ие болды, елде 407 бірлік техника бар екен. Ал артиллериялық күш жағынан 21-орында тұр.

Осылайша, Орталық Азия елдері арасында Қазақстан бұрынғыдай алда келеді – 57-орын. Ал көршілес Өзбекстан – 58-орында, Түрікменстан – 77-орында, Қырғызстан – 105-орында, Тәжікстан – 108-орында тұр.

Әдеттегідей рейтингте әскери бюджеті 800 млрд доллардан асатын АҚШ көш бастаса, ядролық әлеуеті жағынан Ресей алда тұр, ал әскер саны мен теңіз қарулы күштерінің басымдығы бойынша алдыңғы орынға Қытай жайғасты.