Қазақтың Зейнебі, Зейнеп Ахметова – құтты шаңырақтың келіні болып қана қойған жоқ, қаламымен де халқына қызмет етіп келе жатқан қаламгер.
Зерделі Зейнеп
944
оқылды

«Ұлттың ұлттығын ұлықтайтын, оның ұлттық жанын сақтайтын – әйел» дейді жазушы. Оның әр сөзі – жастарға өнеге, өсиет. Зейнеп апай дәстүр жалғастығы үзілмесе екен деп тілейді. Биыл  сексеннің сеңгіріне шыққан жазушы-этнограф әлі күнге бабалар аманатына адалдық танытып келеді.   

Зейнеп Ахметова десе, алдымен «Шуақты күндер» ойға оралады. Бұл кітап – қазақтың қаһарман ұлы, даңқты Бауыржан Момышұлы туралы естелік-эссе. Зейнеп Ахметова «Шуақты күндерде» Бауыржан атасы қайтыс болғаннан кейінгі қай­ғыдан арыла қоймаған жылдар туралы «Міне, басқа түскенге көніп, өзекті тіліп өткен қайғы уыты саябырлай түсіп шексіз сағынышқа ұласқанда, атам­ның қағаздарын парақтадым. Қарап отырып оның жалынды да жаралы жүрегінің лүпілін естуге тырыстым. Топ алдында тұлғасы оқшау асыл бейнесін елестете отырып, биік ойларын тереңірек түсінуге, қайсарлығы мен шыншылдығын тани түсуге талпындым» деп жазды. Сондай-ақ кітабына «Момыш­ұл­дарының – әкесі, баласы, немересі болып басы бірігіп, бір шаңырақтың астында тұрып, бір дастарқаннан ас ішкен берекелі жылдар» ес­телігін ұтымды арқау етті.

Зейнеп Ахметова 80-нің сеңгіріне шыққан шағында да «Мен тұла бойы қайшылық­тарға тұнып тұрған, қайталан­бас адамның биік шаңыра­ғының кең дастарқанын ұс­­та­ған, шамам келгенше иіліп қызмет істеген, атамның өне­гелі өсиеттерін де, өңменіңнен тесіп өтер айқайын да естіген маңдайлы келінмін» деп жаз­ғанындай, «Бауыржанның келіні», «Батырдың келіні», «Үлкен үйдің келіні» деген абыройлы атағын кірлетпей, көтере алды. Шынашақтай қызды  батыр рухының шырақ­шы­сына айналдырған қандай күш дейсің, еріксіз. Кітапты оқи отырып, сұрақтың жауаб­ын «Өзім үшін тіршілігімнің мәніне өшпес өзек, жарық сәуле болып тартылған, өмір мектебі болған жылдар», «...зымырап өте шыққан қа­нат­ты жылдар» деген жолдар­дан табасың.

«Шуақты күндерде» «Үйге келген қонақтарға мені таныс­тыратын жері қызық. Марқұм құдағиым Мәлике – Кеген жақ­тың албаны. Он жеті жас­ын­да қазақтың ішіне келген жалғыз атты түрікке ғашық болыпты. Айдаһардай ақырған алты бауырының қаһарынан сескенбей, ай қараңғы бір түні түріктің етегінен ұстап қашып кетіпті. Жүректісін көрмейсің бе, түбі Момышұлына құдағи боларын әуел бастан білген. Ал мына Зейнеп «арғы атам – ер түріктің қызы». Өте өжет. Әйт­песе, төрт бауырының ашуын­ан тайсалмай, менің балама сескенбей қалай келген, ә?» – деген жолдар бар. Сондай-ақ «...аласа үстелдің үстіндегі темекі қалдықтарына толып қалған күлсалғышты ала беріп, ашық жатқан дәптердің бетіне ірі араб әріптерімен жазылған қысқа үш жолға көзім түсті», – дейді автор. Атасының араб әрпімен жазған құпиясын оқып қойғанын байқап, ашу­ланады-ау деп әбігер болған сәтінде: «Балам, егер сөздің жөніне көшсек, бұл әріпті біл­генің өте жақсы екен. Менің жазбаларымның әжептәуір бөлігі араб әрпімен жазылған. Бала кезімде сауатымды осы жазумен ашқанға ма, қол оңай жүгіреді. Кейін Бақытжан қолжазбаларымды өзгенің көмегінсіз оқи алмайды-ау деп ойлаушы едім, енді қарасам сен бар екенсің» дегенін оқып, Бауыржан мұрасының бағы жанғанына қуанасың. 

Иә, тағдыр талайы «Зей­неп­тей дала қызын Алматының ас­фальтында туған, Кеңес үкi­метi кезiндегі идеологияның салдарынан орыс мектебiнде оқыған» (Бақытжан Момыш­ұлы­ның сөзі) Момышұлының жалғыз ұлына жар етті. Зейіні ерек, зердесі зерек Зейнеп Ахметова батыр бабаның отын сөндірмей, қазақ келінінің мәңгілік бейнесін де жасай алды.

Ендігі жерде Зейнеп Ахмет­ованың «Шуақты күндерде»  «Бабалар аманаты­н» арқалап, «Күре тамырға» жалғай «Теңбіл тіршілік» тол­қынында қазақ руханиятына, отбасы құнды-лығы мен ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі ұрпақ жадында жаттал­уы керек деп ойлаймыз. Бұл жолы, біз, Зей­неп апаның  «Қазақ қызы қан­дай болуы керек», «Қазақ­тың келіні қан­дай еді» деген тұжырымдар­ын ұсынсақ... 

Қызы тәрбиесіз елден ырыс кетеді

Анасы «әкең келе жатыр» де­генде айылын жимайтын бала жоқ. Қазір «Қызға қырық, ұлға отыз үйден тыйым» де­генді ұмыттық. Мына өмірден кетпей тынбайтын бәріміз де ажалды пендеміз. Жер бетінде уақытша жүрген жолаушымыз. Бұрынғы бабаларымыз ұрпақ тәрбиесіне, бала болашағына көп көңіл бөлген. Артымда ұрпағым қалса, Құран бағыш­таса, отым сөнбей, түтінім түзу ұшса деп тілегендіктен, бала тәрбиесіне қатты мән берген.

«Ұл – өріс, қыз – қоныс» деп жатады. Заман бір орында тұрмайды, өзгереді. Шындап келгенде, қызы тәрбиесіз елдің іргесінен ырыс кетеді. Тұнығы лайланады, толысы төгіледі. Сөйтіп, ұрпағы жидіп, жүн­жиді. Өйткені қыз – ертеңгі басқа босағаны аттайтын ақ келін. Содан кейін бір әулеттің ұрпағын өсіретін ана, одан кейін әже. Үйдің  тірегі бола­тын қыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлмесе, ел ел болудан қалады. Басқасын айтпағанда, қазақтың мақал-мәтелінде қаншама тәрбие жатыр. Жыр-терме де тұнып тұрған тәрбие. Өкініштісі – әлі күнге дейін мемлекеттік деңгейде ұлттық балабақшаның жоспары жас­ал­мағандығы. Тіпті, бізге ұлт­тық перзентхана керек.     

 Анасын көріп, қызын ал

«Шыққан қыз шиден тыс­қары, сенің түпкілікті тұрағың, түтінін түтетіп, тілеуін тілейтін үйің – күйеуіңнің үйі. Бір ер­кектің ыстық-суығына төзе алмасаң, кедір-бұдыр мінезін кешіруге кеңдігің жетпесе, жоғын бар етіп, ашылғанын жаба алмасаң, әйелдік ақ жау­лық­тан садаға кет», – депті. Міне, бұрынғының тәртіп-тәрбиесі. Апамыздың мықты­ғылы – осындай қазақы қай­нардан сусындауында. Қа­­зақ­тың «анасын көріп қызын ал, дастарқанына қарап асын іш» дегені осы.

Ене мен келіннің «илейтін терісі» бір

Мен өз енемді көрген жоқ­пын. Келін деген – ененің өкше­басары, ененің мұрагері. Енесінің жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп, ұрпақ жал­ғастырып, өзі де келін түсіріп, ене болып, ары қарай әже болуы керек. Мен келінін жаман­­дай­тын енелерге: «Тоқ­тай тұр, саған келін болып келгенге дейін сол қызға қан­дай еңбегің сіңді?» – деймін. 

Біреудің әлпештеген бала­сы, оқытып-шоқытып, дайын күйінде ененің қолына келді. Егер бір адамды бір әлем де­сек, ененің қолына бүтін бір әлем келді. Енді сол жас кел­інді ақылмен өзінің өкше­басары, мұрагері етіп үйрете алмаса, кімге өкпелейді? Кез келген әйел ене бола алады. Бірақ келінге ана болу керек. Өйткені ол – ененің мұрагері. Ал енесін жамандайтын келін­дерге, «өзі сүйіп қосылған жі­гітті өмірге әкеліп, тәрбиелеп, мәпелеп өсірген анасы неге жаман болуы керек?» деймін. 

Әйелдің миссиясы – отының басында

Менің ойымша, әйелдің мис­сиясы – отының басында. Ананы ардақтайық, ұрпақ өсіп-өнсін. «Қайтып келген қыз жаман» демекші, қайтып келген қыз ата-анасының беті­не де, ауыл-аймағына да көл­еңке. Мысалы, «Қызға қырық үйден тыю, қала берді қара күңнен тыю» деген бар. Бұл – қырық үйден үлгі-өнеге көру, қала берсе, қара күңнен де бір жақсылықты үйрену деген сөз. Қазір, ең жаманы, ажыраса салу сөкет емес. Сондай-ақ тұр­мысқа шықпай, некеге тұрмай жатып бірге тұратындар көбейді. Бұл – біздің мұсыл­мандығымызға да, қазақшы­лығымызға да жат нәрсе.

Салт-дәстүріміз шариғатпен үндес

Қазақтың қыздары тұр­мыс­қа шыққанға дейін басына ешқашан орамал салмаған. Үкілі тақия, жырға, қасаба, кәм­шат бөрік, құндыз бөрік киген. Сүмбіл шаш, қолаң шаш, алтын шаш деген теңеу ата-бабадан қалған емес пе? Орамал салды деген сөз – қыз тұрмысқа шық­ты деген сөз. Орамал мәселесі соңғы 30 жыл­да ғана шықты. 

Қазақта «Тасын ала берсе, тау да таусылады» деген сөз бар. Қазақ ешқашан Құдайсыз болған жоқ. «Құдайсыз қурай сын­байды» деген қазақ қалай Құдайсыз болады? Бірақ қазір­гідей «фанатик» те болмаған. Мұсылман болу үшін араб болу қажет емес. Қазақтың салт-дәс­түрі шариғатқа қайшы келмейді.

Дайындаған

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ