Түркияда ұзақ емделгеннен кейін Ербаян Мұхтардың беті бері қарады. Қазір өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
18 қаңтарда Ербаян Мұхтардың отбасының мүддесін қорғайтын заңгер және құқық қорғаушы Инга Иманбай жігіттің денсаулығы айтарлықтай жақсарғанын айтты. Ыстамбұлда Ербаянның басына сәтті ота жасалып, инфекциясы жазылды, катетер мен мұрнынан зонды алынды.
"Ол салмақ қосып, роботтың көмегімен қозғала бастады. Өз бетімен аздап тамақ іше бастады. Дәрігерлердің болжамы жақсы, бірақ толық жазылу үшін уақыт қажет", – деді Инга Иманбай.
Айта кетейік, Ербаян Мұхтар Ұлттық ұланның Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген. 2023 жылдың желтоқсанында сарбаз ми жарақатын алып, содан кейін комаға түсті. Әскери бөлім басшылығы сарбаздың туыстарына Ербаянның дәретханада құлап, басын еденге соғып алғанын айтқан.
Алайда сарбаздың жақындары ұлдарының абайсызда құлап қалғанына сенбейді. Ішкі істер министрлігі тергеу барысын өз бақылауына алды.