«Өмірімнің үш жылы сәтсіздікке толы болды»: Еркін күрестен әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов

Күніге 5 белдесуден өткізіп, бір айдың ішінде жүзге жуық күрескен.

Еркін күрестен Әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов жеңіске жеткенге дейінгі спорттық мансабында өткен қиындығын еске алып, бір ауыз сөздің жігерлендіргенін спорт журналисі Ақырыс Сейітқазыға берген сұхбатында айтып берді.

Оның айтуынша, 2-3 жылға жуық уақыт сәтсіздікке толы болған. Күрес жүрмей, алға баспай, бір орында тұралап қалғандай көрінген. Жеңіске жеткеннен кейін түк болмағандай, оның бәрі ұмытылатынын еске алды.  

– Жеңіліс тапқан соң үйге келесің, көңіл күйің болмайды. Отырып алып, сөйлесіп, ақылдасамыз. Әлеуметтік желідегі кездесуді қайтадан қарап шығамыз. Келесі жолы қалай дайындық жасаймыз, қай жерден қателік кетті, кілемде көп жұмыс істеу керек пе әлде физикалық тұрғыда күш салуы қажет пе, соны талқылаймыз. Физикалық тұрғыда күш салып, шынығып барып, ұтылып қайтамыз. Тағы сағың сынады. Жаттығуға Дағыстанға кетеміз. Бір кезде күніге 5 белдесуден өткізіп, кілемге шығуды, қарсыласпен жұмыс істеуді шынықтырдым деп ойладым. Сонда бір айдың ішінде жүзге жуық белдесуге шықтым. Осыдан жақсы болып кетеді деп ойладым. Тағы болмады, 2023 жылы Спартакиадада Дархан Есенғалидан ұтылып қайттым, – деді ол.

Нұрқожаны жігерлендірген нағашы ағасының бір ауыз сөзі. Айтуынша, бұл жағдай лицензия алу барысында Түркияда өткен соңғы жарыста еді.

– Менімен бірге Сауран деген нағашы ағам барған. Тағы ұтылып, көзіме жас алып, еңсем түсіп келіншегім екеуміз отырғанбыз. Сауран ағам қасымызға келіп: «Нұрғожа еңсеңді түсірме, сен жақсы күрестің» деді. «Жақсы күрестің» дегенді естімегеніме біраз болыпты. Көңіліме жеңілдік, еркіндік бергендей болды. Сонда маған тіреу болған Сауран аға еді. 15 минуттан кейін түрімды көрсеңіз, ішкі көңіл күйім өзгеріп шыға келді. Содан Камал Маликович, Аян Бисенбаев деген жаттықтырушылар мен Сауран аға бәріміз ақылдасып, бірлесе жұмыс істедік. Сондықтан сол кісінің септігі көп тиді, – дейді Нұрқожа Қайпанов.