Бірақ Қазақстан тәуелсіздік алғалы, өкінішке қарай, ауыл шаруашылығы өнімдерінің тұқымын импорттаушы ел болып қалып отыр. Бұл мәселеге осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысының өзі назар аударып, нақты тапсырмалар берген болатын. Ендеше содан бері не өзгерді? Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының (ҰАҒББО) трансформациясы не берді? Бұған дейінгі проблемалар қалай шешімін табуда?
Импортқа тәуелділік – басты проблема
Еліміздің агроөнеркәсіп кешені (АӨК) әлеуеті жоғары екеніне қарамастан, тұқым шаруашылығы бағытында әлі де болса импортқа қатты тәуелді боп қалып отыр. Мәселен, дәнді және бұршақ дақылдарына қажеттілік 2 миллион тоннаға жетті десек, оның ішінде майлы дақылдар бойынша 87 мың тонна, мал азықтық дақылдары бойынша 23 мың тонна, картоп бойынша 289 мың тонна, осы қажеттіліктің 30%-ынан астамын, кей жағдайда 90%-ға дейін, Қазақстан шетелден алдыру жолымен жауып отыр. Тарқата айтқанда, дәнді дақылдар бойынша 30-40%, майлы дақылдар бойынша 70-80%, көкөніс бойынша 90% тәуелді. 2022 жылы тұқым сатып алуға шамамен 39 миллиард теңге жұмсалған екен, ал оның 62%-дан астамы шетелге кеткен.
Аталған мәселені шешу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет «2024-2028 жылдарға арналған Қазақстанның ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарын» бекіткен екен. Құжат заңнамалық және нормативтік базаны жетілдіруді, сондай-ақ селекция және тұқым шаруашылығы субъектілерінің материалдық-техникалық базасын жаңартуды көздейді. Ондағы шаралардың ішінен аталған бағытты дамытуға тікелей жауапты Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының вертикалды интеграцияланған агротехнологиялық хабқа айналдырылғанын атап өтуге болады. Былтыр осы трансформациялау аясында Qazaq Tuqym ғылыми-өндірістік селекциялық-тұқым өсіру консорциумы құрылды. Консорциум құрамына еліміздің солтүстік өңірлерінде орналасқан ҰАҒББО-ға еншілес 12 ұйым кірді. Жаңа ұйым құрудағы негізгі мақсаттардың бірі – Қазақстанның әртүрлі табиғи-климаттық жағдайларында отандық ғалымдар жасаған сорттарды сынақтан өткізу және іріктеу.
«Qazaq Tuqym консорциумы фермерлерді жоғары сапалы және сұрыпты отандық тұқымдармен қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның өсімдік шаруашылығына жаңа серпіліс әкелмек. Жаңа ұйым арқылы алдағы уақытта ғалымдар, тұқым өсірушілер мен селекционерлер арасында серіктестік нығая түспек. Консорциум аясында демонстрациялық полигондар құрып, фермерлерге жаңа сорттардың мүмкіндігін көрсету жоспарланып отыр. Осылайша, элиталық тұқымдардың көлемі ұлғаятын болады. Ауқымды жұмыстардың нәтижесінде 2030 жылға дейін шетелдік импорттан мүмкіндігінше арылып, отандық тұқымды қолдану 80%-ға жетуі мүмкін», – делінген ҰАҒББО баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» Коммерциялық емес Акционерлік қоғамы агроөнеркәсіптік кешенінің инновациялық дамуына жәрдемдесу мақсатында 2015 жылы құрылған болатын. Жарғылық капиталы «Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ, «Қазақ ұлттық аграрлық университеті» КеАҚ және «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университеті» КеАҚ-ның акцияларын 100 пайыз аудару есебінен құралды. ҰАҒББО-ға 23 ғылыми-зерттеу институттары, 7 тәжірибе шаруашылығы, 7 селекция стансасы, Қазақстанның барлық өңірін қамтитын 4 сервистік компания қарайды. Орталық мақсаты – ғылым-білімді өндіріспен интеграциялау, өзекті терең академиялық шешімдерден ғылыми әзірлемелер даярлау және оны коммерцияландыру.
Ғылым жағынан жетістік көп
Еліміздің тұқым шаруашылығында ғылыми жағынан мін жоқ. 2015 жылдан бастап Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы мен оның еншілес ұйымдары 686 ғылыми жоба әзірлеген, оның 465-і өсімдік шаруашылығы саласында. Соңғы сегіз жылда ғалымдар тұқымдардың 326 сорты мен будандарын өсіріп шығарған, олардың 37%-ы дәнді дақылдар. Барлық сорттар мемлекеттік сынақтан өтіп, мемлекеттік тізімге енгізілген. Қазірдің өзінде елімізде 284 сертификатталған оригинал және элиталық тұқым өндірушілер жұмыс істейді, селекциямен 27 мамандандырылған мекеме айналысады.
«Бұл бағытта биыл 90 жылдық мерейтойын атап өтетін Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты (ҚеөшҒЗИ) жетекші рөл атқаруда. Институт стресс-факторларға төзімді және бәсекеге қабілетті сорттар мен будандар жасаумен, сондай-ақ органикалық егіншілікті дамытумен айналысады. ҒЗИ ғалымдары осы уақытқа дейін 650-ден астам сорттар мен будандар жасап шығарды, оның 206-сы аудандастырылған. Қазір элиталық тұқым өсіретін шаруашылықтармен серіктестік мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, Алматы облысында осындай 9 шаруашылықтың төртеуі Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ-мен тығыз байланыста жұмыс істеп отыр. Алайда көптеген шаруа әлі күнге дейін сортты жаңартумен айналыспайды немесе шығу тегі белгісіз тұқымдарды сатып алады. Бұл мәселені шешу үшін институт жыл сайын фермерлерді оқыту және жаңа технологияларды енгізу үшін демонстрациялық алаңдар әзірлеп тұрады», – дейді ҰАҒББО басқарма төрағасының орынбасары Ержан Айнабеков.
Оның айтуынша, еліміздің тұқым шаруашылығын дамытудағы маңызды қадам 2023 жылдың қазан айында ҚеөшҒЗИ базасында жоғары сапалы тұқым өндіру орталығының ашылуы болыпты. Мұнда тұқымдар бес сатылы тазартудан және калибрлеуден өтеді. Сондай-ақ биыл шведтік ThermoSeed жабдығы арқылы тұқымдарды сұрыптау және термиялық өңдеу бойынша өндіріс орнының құрылысы басталған. Тұқымдарды өңдеудің органикалық әдістерін, оның ішінде қыша ұнтағы мен тимьян майы сияқты табиғи қосылыстарды қолдануды енгізу жоспарлануда. Ендігі бір жетістік – биыл жоғары нәтиже көрсеткен «Таймас», «Дамсинская 2017» сұрыптары астық нарығындағы танымал сорттардың қатарына енді, сондай-ақ «Алтай-1» күздік бидайы және «Өскемен» күздік қара бидайлары жақсы көрсеткішке ие болды. Отандық селекцияның тұқымдары фермерлер арасында үлкен сұранысқа ие. Мысалы, Қарағанды облысында егіс алқаптарының 99%-да отандық тұқым егілді.
«Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ жыл сайын 1 500 тоннадан астам дәнді масақ дақылдарының тұқымын, 300 тонна дәнді-жемшөп және 100 тонна дәнді-бұршақты дақылдарын, сондай-ақ жүгері, мақсары және жемшөп дақылдарының тұқымын өндіреді және өткізеді. Қазақстандағы егіс алқаптарының 80 пайызын отандық тұқыммен қамту мақсатында ҰАҒББО 14 мың тонна суперэлиталық тұқым өндірді. Алдағы екі жылда бұл көлемді 40 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда», – дейді төраға орынбасары Ержан Тоқтасынұлы.
коллаж: Әсел БАЛТАҚЫЗЫ
Төраға орынбасары қабылданған шаралар сынақтардың екi-үш жылы iшiнде республиканың қандай да бiр аймағы үшiн неғұрлым қолайлы сорттар мен будандарды iрiктеуге мүмкiндiк беретінін айтады. Сынақтармен қатар осы сорттардың маркетингі бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Нәтижесінде, кепілдендірілген өнім алу үшін қатаң сақталуы қажет сорттарды пайдалану бойынша ұсынымдар әзірленбек. Бұл Қазақстанның тұқым шаруашылығы саласын жаңа, анағұрлым жоғары деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
75-80%-ы шетелден келеді
Қайталап айтсақ, ғылым жағынан тұқым қорын жинауда мін жоқ, негізгі проблема – шаруашылық жұмыстарында. Оның ішінде де дәнді және бұршақ дақылдар бойынша жұмыстар едәуір жолға қойылған болса, жеміс-көкөніс шаруашылығы ақсаңқырап тұр. Келесі бір ҒЗИ – «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» басшылығы күнделікті үйімізде жеп отырған сәбіз, қызылша, пияз, қияр, қызанақ, кортоп, қауын-қарбыз, асқабақ сынды жеміс-жидек, көкөністердің барлығының тұқымын шетелден алдырып отырғанымызды айтады.
«Қазір ең үлкен проблема – жеміс-көкөніс тұқымдарының өндірісі. Мысалы, қазір Қазақстанда 150 мың гектар шамасында көкөніс егіледі, 110 мың гектар шамасында бақша дақылдары егіледі. Осы алқаптарға тұқымдардың жалпы қажеттілігі 450 тонна шамасында. Оған 10% сақтандыру қорын қоссақ, 500 тоннадан асып кетеді. Міне осы мен айтып отырған көлемнің 75-80%-ы шетелден импортталады. Өзімізде өндірілетін тұқым үлесі 20-25%. Ал кейбір дақыл түрлері бойынша, мысалы қырыққабат, яки капустаны алайық, шетелдік тұқым үлесі 90-95%-ды құрайды. Біз сөзбен айтқанда, біз өте тәуелді болып отырмыз», – дейді «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» басқарма төрағасы, ауыл шаруашылығын дамыту ғылымының академигі Теміржан Айтбаев.
Оның сөзінше, осы тұқымдарды сатып алуға кейбір есептеулер бойынша берісі 10 млрд, арысы 15-20 млрд теңгеге дейін қаражат кетеді екен. Бұл қарайған ақша шетел асып жатыр деген сөз. Өйткені олардың бағасы отандық тұқымдардан 5-15 есе қымбат және шаруа қожалықтары үшін өте тиімсіз. Қаржысының көбі тұқымға кетіп қалады. Отандық тұқымдар аз болғандықтан олар шетелден сатып алуға мәжбүр. Ал түптеп келгенде ол шығын соңғы өнімнің өзіндік құнына әсер етіп, бағасын қымбаттатады.
«Ал енді отандық тұқымдар неге жоқ. Себебі қазір Қазақстанда бақша өнімдерін өсіретін бір де бір тұқым шаруашылығы жоқ. Кеңес кезінен келе жатқандары жабылып, тарап тынды. Жаңасы құрылған жоқ. Бұрын Қазақстан өзін-өзі қамтамасыз етіп қана қоймай, жеміс-көкөніс тұқымдарын экспортқа да шығаратын еді. Жамбыл облысының Қордай ауданында «Талапты» деген, Алматы облысында «Рассвет» деген ірі-ірі шаруашылықтар болды. Солардың бәрін жоғалтып алдық. Сондықтан қазір біз өзіміздің тұқым шаруашылығымызды құрмасақ, шетелге тәуелді боп қала береміз», – дейді ол.
Айтуынша, елімізде көкөніс дақылдарының 50%-ы жеке бау-бақша иелері сатады. Базарларда, сөрелерде көретін түрлі қаптамадағы тұқымдардың барлығы дерлік шетелдікі. Соған сәйкес, сатылымда отандық сұрыптар өте аз. Бірақ оны көбейтетін мүмкіндіктеріміз зор. Өйткені Қазақстан бойынша кортоптың өзінің 60 будандық сорты бар. Көкөніс бақша дақылдарының пияз, сәбіз, қызылша, тәтті бұрыш, қызанақ, баялды, аскөк сынды тағы да басқа 30 түрі бойынша 150-ге жуық отандық сұрып бар. Қазақстан ғылыми-зерттеу жағынан өз потенциалын сақтап қалған, соңғы 30 жылда Қазақстан ғалымдары 250-ден астам сорт түрін ойлап шығарды, оның 180-200 түрі аудандастырылған. Мәселе, тұқым шаруашылығының жолға қойылмағанында.
«Елімізде кортоп бойынша 15 шақты тұқым шаруашылығы бар, бірақ басқа жеміс-көкөніс бақша өнімдері бойынша жоқ. Ал осы шаруашылықты ашып дамыту үшін ең біріншіден, республикалық бірыңғай тұқым жүйесі құрылуы керек. Бізде бақша егістік алқаптары Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарында өте көп, Павлодар, Абай, Қызылорда тағы басқа облыстарда да жақсы дамыған. Бірақ осы облыстардың барлығында да тұқым шаруашылығы жоқ. Оны құру үшін мемлекеттік қолдау қажет. Әрбір өңірде облыс әкімдерінің араласуымен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауыменен ірі-ірі кәсіпорындар құрылып, олар аккредитациядан өтіп, арнайы статус берілуі керек. Оларға материалдық-техникалық база жасақтап, үлкен-үлкен қамба, қойма ұйымдастыруға көмектесу қажет. Тұқымды алу үшін әуелі өнімді жинау, одан соң оны тазалап, аршып, өңдеу, сақтау керек. Осылардың бәріне лизинг бола ма, субсидия немесе жеңілдетілген несие бола ма, қолдау көрсету қажет», – дейді ауыл шаруашылығын дамыту ғылымының академигі Теміржан Ерқасұлы.
Алдағы уақытта «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ» Тұқым шаруашылығы орталығын құруды жоспарлап отыр екен. Осы салада мамандандырылған ғылыми-зерттеу институты ретінде сол орталықта бірегей оригинал сұрып пен «Суперэлита» сортын жасап шығуды мақсат етуде. Одан соң оны Қазақстанда таратар болса, өнімділік пен сапа да көтерілмек. Осылайша, әр өңірде оригинал сұрып, суперэлита және бірінші-екінші репродукциялы тұқым шаруашылығы жүйесі қалыптасатын болады. Оның артықшылығы тұқымды тазалау жұмыстары орталықтындырылған тәсілмен ҒЗИ базасында жүзеге аспақ. Тағы бір ұтар тұсымыз – импорт тұқымдардан құтыламыз.
Жазылған жайдың жаңғырығы
Тұқым шаруашылығы мәселесін орталық деңгейінде де, аймақтар бойынша да біздің газетіміз ұдайы көтеріп отырады. Мәселен, осыдан 3 жыл бұрын ҰҒАББО-ның бұрынғы басқарма төрағасынан сұхбат алып, көп нәрсенің басын ашып сөйлескен болатынбыз. Міне, содан бергі аралықта да шаруашылық мәселесінде көп ештеңенің өзгермегенін көріп отырмыз. Сол кезде айтылғандай, оның басты себебі – соңғы 30 жылда елімізде тұқым шаруашылығына дұрыс көңіл бөлінбегенінде. Қазақстанда ешқандай да агроғылымға қатысты, тұқым селекциясына байланысты саясат болмады. Жыл сайын мұнша бидай тұқымын, мұнша жүгері әлде картоп тұқымын тапсырсын деген жоспар талап етілген жоқ. Мемлекет нақты міндет қоймаған соң бұл мәселені нарық өзі реттеуге кірісті. Ал нарық бірінші кезекте бизнеске тиімді жолды іздейтіні белгілі. Олар төл тұқым шарушылығын жолға қойып, шығынға батқаннан гөрі, шетелден әкеле салғанды қолайлы көрді. Соның салдарынан импортқа өте қатты тәуелділік пайда болды. Бұл бірінші кезекте баға қымбатшылығына әкелетінімен қауіпті. Сол кезде сұхбаттасымыз Дархан Балпанов көп нәрсенің басын ашып айтқан болатын.
«Расын айтқанда, бізде бұған дейін Тұқым саясаты жөнінде Доктрина болмаған еді. Тіпті, стратегия да жоқ болды. Тұқым шаруашылығын сонау тоқсаныншы жылдары мемлекет нарыққа, яки бәсекелес ортаға итере салды да, мұның салдары осындай болды. Ал басқа елдер бұған өте мұқият қарап отыр. Ресейде өздерінің Доктринасы бар. 2030 жылға қарай 85 пайызға дейін тұқым өздерінен шығуға тиіс деген. Белоруссия да осындай құжатқа ие. Ал Өзбекстанда тұқым шаруашылығы орталығы бар. Ал бізде осының бірі де жоқ. Сондықтан да бізге стратегия құрып, Доктрина қабылдап, осы күрделі мәселемен шындап айналысу керек. Егер кешенді түрде бағдарлама қабылданса, онда мен айтып отырған ішкі проблемалар өзінен-өзі-ақ шешімін табар еді. Оған әлі де кеш емес. Өйткені қазір геосаяси ахуал өте күрделі болып тұр. Бұрыннан қалыптасқан логистика бұзылып жатыр. Егер бұлай кете берсе, бір уақытта өзге елдермен қатынас үзіліп, тіпті шетелден әкелетін тұқымды да әкеле алмай қалуымыз мүмкін. Ал бұл дегеніміз – өнімсіз қалып, аштық туындау қаупі бар дегенді білдіреді», – деген болатын ол.
Айтуынша, тұқымдарды сұрыптаудың мол өнім алуға қосатын үлесі 30-70%-ға дейін жетеді. Бұл ғылыми тұрғыда сан мәрте дәлелденген аксиома. Бүгінде климаттың өзгеріп бара жатқанын ескерсек, ғылыми селекцияның маңызы арта түскені анық. Тіпті, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мен ауыл шаруашылығын дамытудың белгілі бір елеулі деңгейде шешім табуы – тұқым шаруашылығы мен селекцияға, технологиялар мен жер өңдеуге байланысты.
«Бүгінде Қазақстанда ауыл шаурашылығы өнімдерін егетін 23 миллион гектар егістік жер бар. Олардың былтыр 15,8 миллионына дәнді дақыл, 3 миллионына майлы дақылдар, 3,4 миллионына жемдік шөп, 125 мыңына қант қызылшасы, мақтасынды техникалық өнімдер, 164 мыңына ашық топыраққа егілетін көкөніс, 198 мыңына картоп және тағы да басқалар егілген. Еліміздің селекция жүргізу ісіндегі жетістіктері туралы айтқанда, бұл тізілімде жалпы алғанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің 2 728 сорты тіркелген. Олардың ішінде 839 сұрып отандық, 1 830 сұрып шетелдік және 59 сұрып шетелдіктермен бірлесе отырып шығарылған селекция. Біздің орталықтың еншілес ұйымдары осы уақытқа дейін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 550-ден астам таза сорты мен будандарын жасап шығарды. Олардың ішінде 162 сұрып пен 155 гибридке елімізде және шетелдерде егін өндірісіне шығаруға рұқсат берілген», – деген еді өз сөзінде химия ғылымдарының кандидаты Дархан Серікұлы.
Иә, расында да, тұқым шаруашылығында проблема әлі де болса көп. Әрине, бір-екі жылда ештеңе түзеліп кете қоймасы белгілі. Сонда да болса тұқым шаруашылығымен айналысатын компаниялардың аз болып, импорттың ушығып тұрғаны, мұның түптеп келгенде ғылыми жетістіктерімізді жоққа шығарып тұрғаны өкінішті-ақ! Бәлкім расында да Доктрина қабылдайтын уақыт келген болар...
Нұрлан ҚОСАЙ