Бірнеше жерде жұмыс істейтін адамдардың барлық жұмыс орнынан жарна аударылғанымен, оның жалпы сомасы белгіленген шектен аспауы тиіс.
МӘМС: артық төленген ақшаны қайтарып алуға бола ма?
istockphoto
1,074
оқылды

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Мәжілістегі Үкімет сағатында азаматтардың Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне артық төленген жарналарын қайтаруға құқығы бар екенін мәлімдеді, - деп жазады Aikyn.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Осы ретте "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Денсаулық сақтау министрінен МӘМС жарнасын төлеу тәртібі бірнеше жерде жұмыс істейтін азаматтарға қалай қолданылатынын жөнінде сұрады.

- Егер азамат бірнеше жерде жұмыс істесе, жарна барлық жұмысынан төленеді. Бірақ ол бір жыл ішінде емханаға мүлде жүгінбесе, ақшасы пайдаланылмай қалады. Бұл әділетсіз. Әрбір азаматқа өз жарналарын бақылау, басқару және қандай медициналық қызметтерді пайдалана алатынын білу құқы берілуі керек. Бұл қаражатты қажет болған жағдайда өз ақшасы ретінде пайдалануға мүмкіндік берілуі қажет, - деп сұрады депутат.

Ақмарал Әлназарованың айтуынша, сақтандырылған азаматтар кез келген жағдайда медициналық қызметті тегін алуға құқылы. Дегенмен бірнеше жерде жұмыс істейтін адамдардың барлық жұмыс орнынан жарна аударылғанымен, оның жалпы сомасы белгіленген шектен аспауы тиіс.

- Егер бірнеше жерде жұмыс істейтін азаматтардың жалпы жарнасы 850 мың теңгеден (10 еселенген ең төменгі жалақы мөлшері) асып кетсе, олар артық төленген соманы қайтарып ала алады. Ол үшін МӘМС-тің жергілікті филиалына өтініш беру жеткілікті, - деп нақтылады министр.

Осылайша, азаматтардың жарна төлеу әділдігін қамтамасыз етіліп, артық төлемдер бақыланып отырады.