«Сырымды» жапқаны – нәсіпті жапқаны

Батыс Қазақстан облысында Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Сырым» өткізу пунктін­де қайта жаңғырту жұмысы жүреді.

Ол үшін бюджеттен 21 млрд қаржы бөлінген. «Сырым» өткізу пунктін қайта жаңғырту жұмысы 1 жыл 6 айға деп жоспарланған. Бұдан бөлек, Ресей мен Қазақстан арасын жалғап тұрған шекара пунктері бар. Олар –Тасқала, Шаған, Жәнібек, Сайхын, Ақсай өткізу пункттері. Бұл пункттердің ішінде халықаралық өткізу бекеті саналатын Тасқала, Шаған және Сырым өткізу пункті. Осылардың ішінде «Сырым» өткізу пункті –  ең ірі халықаралық шекара өткелі. Бұл жерден ТМД мемлекеттерінің ауыр жүк көліктерінен бөлек, Еуропадан тауар таситын жүк көліктері өтеді. Атап айтсақ, Аустрия, Белгия, Болгария, Венгрия, Германия, Кипр, Испания, Нидерланды елдерінен келетін жүк көліктері де осы «Сырым» өткізу пунктінен өтеді. БҚО Кірістер департаменті бұл өткелмен жылына шамамен 500 мыңдай көлік өтеді, соның 250 мыңдайы ауыр жүк көліктері деп отыр.

– «Сырым» өткізу пунктінің күр­де­лі жөндеуге жабылуы БҚО үшін қиынға соғады. Себебі біздің облыстан ештеңе өңдіріл­мейді. Біз бәрін сырттан тасимыз. Егер өткізу бекеттері жабылып, ауыр жүк көлік­терінің саны қыс­қарса онда облыс­қа кіретін азық-түлік пен құрылыс материал­дарының бағасы аспандап кетеді, – дейді кәсіпкер Тұрарбек Тілем­ісов.

Облыс аумағындағы кәсіп­кер­лер «Сырым» өткізу бекетін түгел жаппай жартылай жабуды ұсынып отыр. Себебі басқа өткізу бекеттері осыншама жүк көлік­терін қабыл­дай алмайды. Олар – тек шағын өткізу бекет­тері. 

БҚО-дағы «Сырым» өткізу бекеттеріне шағым өте көп. Себебі бұл жерде фуралар 2-3 тәуліктеп кезек­ке тұратын кездер болады. Жоғары­да атап өткеніміздей, көлік нөпірі көп, ал тексеретін аймақ – біреу. Содан келеді де 300-400 жүк көлігі тізіліп кептелісте тұрады. Мұны батыс­қазақстандықтар өте жақсы біледі. Мың қайтара журнал­ист­терді шақырып, шу көтерсе де, бір шешілмей жүрген түйткіл еді. Енді Үкімет қомақты қаржы бөліп, «Сырым» өткізу пунктін кеңейткелі жатыр. 

– «Сырым» өткізу пункті қазір 6 жолақты. Қайта жаңғыр­тудан кейін 12 жолақты болады. Біз сол кез­де 6 бағытқа ары өт­кізіп, 6 ба­ғыт­та бері қабылдай аламыз. Жаң­ғыр­тудан кейін ол жерде үлкен әкім­­шілік ғимараты болады. Жаяу жүргіншілер сол әкімшілік ғи­маратының ішім­ен өтетін болады. Ал көліктер өтетін бөлек өткел са­ла­мыз. Ол жерде көліктің ішін тү­гел тексере­тін рентген аппараты қойы­лады. Сол жерден салмағы өлшеніп, жүк тексеріліп толық тек­­­сер­істен өтетін жағдай жасалады. Құрылыс жұмыстары негізі ақпан айының басында басталады деген бола­тын. Бірақ қазір мердігер ком­паниялар өзара соттасып жатыр. Тендерден ұтылып қалған ком­пан­ия шешіммен  келіспей ұтқан ком­пан­ияны сотқа берді. Енді сот­тың шешімі шықпай, біз құ­ры­лыс жұ­мыс­тарын бастай алмай отырмыз, – деп атап өтті «Қаза­автожол» ұлттық компаниясының  БҚОФ дир­екторы Асылбек Мардан. 

Атамекен кәсіпкерлер пала­тасында өткен кездесуде жүк тасы­малымен айналысатын кәсіп­керлер өткізу пунктін түгел жауып тастауға қарсы екенін айтты. «Кәсіпкерлер өткізу пунк­тін жартылай жауып, жөндеу жүргізу қажет» дейді. Ал егер тү­гел жауып тастаса, Ресей ар­қы­лы өтетін барлық көлікке жол жа­был­ады. Бұлардың  ішінде жол­ау­шылар автобусы да бар. Кәсіп­кер­лер «егер шекараны толық жау­ып тастаса, бұл біздің облыс­тың экономикасына ауыр соға­ды» деп отыр. 

– Қазір айына екі рет шека­раны кесіп өтемін. Ауыр жүк көліктері ар­қылы Еуропадан зат тасимын. Егер шекараны түгел жөндеуге жау­ып тастаса, біздің жағдайымыз не болады? Бұл облыс экономикасына өте ауыр тиеді деп ойлаймын. Себе­бі біз бәрін Ресейден, қала берді Ресей арқылы Еуропадан тасып отыр­мыз ғой, –  дейді кәсіпкер Рустам Сайфуллин. 

Ал кәсіпкер Тұрарбек Тіле­місов болса, Ресеймен шекараны уақыт­ша жабу бағаның қымбат­тауына әкеліп соғады деп есеп­тейді. 

– Біздің Оралда ештеңе өн­дір­іл­мейді. Ертең жазда жүк көл­ік­­терінің саны артады. Нағыз жұмыс­тың қайнайтын уақыты. Жол құ­ры­лысы, үй құрылысы бас­талады. Ал біз бәрін Ресейден тасып отыр­мыз. Сонда жолға, құрылысқа қа­жетті заттар қым­баттайды деген сөз. Бұдан бөлек, қажетті азық-тү­лік, киім-кешек бағасы да қымбат­тайды. Себебі енді шекараны жап­са, жүк көліктері ай сайын қатынай ал­майды. Олар 2-3 айда бір рет тасымалға шығуы мүмкін. Ол шы­ғын­ды жаппайды, содан келеді де баға өседі. Біздің кәсіпкер­лердің жал­ғыз өтінішіміз бар. Шекараны жөн­деу қажет. Қолдай­мыз. Бірақ толық жаппасын. Жартылай жүк көліктері қаты­най­тын жол қалдырып, қал­ған­ын жөндей берсін деген тілегіміз бар, –  дейді кәсіпкер Тұрарбек Тілемісов. 

2024 жылы БҚО-на Польша, Түркия, Молдова, Әзербайжан, Иран елдерінен келген жеміс-жи­дек­тердің айналым құны 11 294,3 мың АҚШ долларын құрап­ты. Бұл біз келтіріп отырған бірлі-екілі мы­сал ғана. Бұл ақпаратты бізге БҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инно­вациялық басқармасы  берді. Ал осы БҚО-на кіретін барлық тау­ар сол «Сырым» өткізу пункті ар­қылы өтеді. 

Кәсіпкерлердің өткізу пунк­тін түгел жабуға қарсы болып, ойбай­лап жатқаны – осыдан. Бұдан бөл­ек, облыстан  Ресейге ем іздеп ба­ра­тын жан көп. Оларда шекара тү­гел тоқтаса, емімізді қалай жал­ғас­тырамыз деп уайымға салынып жатыр. 

Қазір тиісті органдар шека­раны қашан жөндеуге жабатынын және қалай жабылатыны талқы­лануда. Ал әзірге нақты жауап жоқ.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, 

 

Батыс Қазақстан облысы