Қорғансыз қарттарға кім қарасады?

Қазақ ұғымында ата мен әже бақытты шаңырақтың көркі саналатын. Ал ата-анаға деген құрмет қазақ баласының қасиетті борышы болатын.

 Қарияларымыз қара шаңырақтағы бауырмалдық пен мейірімнің шырағы, ұрпақтың жылы ұясының бапкері іспетті еді. Бірақ қазіргі қоғамда ата-әже ұғымы дәстүрлі ұлттық таным шеңберінен шығып, бақытты қарттық қағидасы өзгерді.  Статистикалық деректерге сүйеніп, бүгінде қарттар үйінің саны артты, қараусыз қарттар көбейді дегенімізбен, алдымен қазіргінің қариясы қандай деген сұрақ алға шығып келеді.

Ұлттық статистика бюросына хабарлас­қаны­мызда, 2024 жыл бойынша ақпарат наурыз айында шығады, 2023 жыл бойынша деректерді қарауыңызға болады деп, үлкен бір папканы ұсынды. Ұққанымыз – 2022 жылы қарттар мен мүгедектер үйіне 20 733 зейнеткер тұрақтаған. Оның 11 868-і – ер­лер, 8 865-і – әйелдер болса, қарттар үйі Шығыс Қазақстан (2 787 орындық 17 үй), Қарағанды (2 527 орынға арналған 11 үй) және Батыс Қазақстан облыстарында (1 294 орынға арналған 11 үй) көп. Одан кейінгі орында Қостанай облысы (1 723 орынға 9 үй) тұр. Ақмола (1 218 орынға) және Алматы облыстарында (1 810 орынға) 8 үйден бар. Елдің басқа аймақтарында 2-ден 6-ға дейін қарттар мен мүгедектер үйі бар.

Әлеуметтанушы Әйгерім Жақыпбектің айтуынша, қарт адам деген түсінікке бізде әлі де нақты анықтама жоқ.

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 60 жастан асқан адамдарды қарттар деп есептейді. Ол үш категорияға бөлінеді. Ерте қарттық, орта қарттық және ұзақ өмір сүрушілер деген секілді. Ал өзім жүргізген сауалнама негізіндегі зерттеуге сәйкес, біздің қаладағы қариялар өзін 70 жаста қарт адам сезіне бастаса, ауылдағылар 50 жастан өздерін қартайдық деп ойлайды. Оның себебін анықтағанымызда, мысалы Түркіс­тан облысында ұзын көйлек кию, орамал тағу, немерелер санының көбеюі, балалары­ның жастарының ұлғаюы, тістің түсуі секілді факторлар әйелдер үшін қарттықтың басы саналады. Сонда қараңыз, ауыл мен қала адамдарының қарттық туралы ұғымын­да 20 жас ерекшелік бар. Өйткені инфра­құрыл­ым, әлеуметтік және медициналық қызметтерге қолжетіміділік те адамдарда кәрілікті сезінуге әсер етеді. Сондықтан қарт адам қандай дегенге біз жауап бере алмаймыз, – деді Ә.Жақыпбек.

Қарттар үйінде қариялар көбейді

Дегенмен «Әлемдік демографиялық перспективалар» баяндамасында 65 жастан асқан адамдар қарттар есебінде саналады. Сондай-ақ 2050 жылы 65 жастан асқан егде жастағы халықтың үлесі 16%-ға өседі және 5 жасқа дейінгі балалар санынан екі есе артып, 12 жасқа дейінгі балалар санымен теңеседі деген болжам бар. Сол сияқты Қазақстан да, маманның дерегі бойынша, үлкен демографиялық өзгерісті бастан кешіріп жатыр. Мысалы, 60 жастан асқан қарттар саны 2024 жылғы статистикалық көрсеткіште шамамен 3 миллионға жуық­таса, ол халықтың 14,2 пайызын құрайды. Яғни, Қазақстан қазірдің өзінде қартаюшы мемлекеттер қатарына кірді.

– Қарттар үйінің көбеюі қариялар үлесі­нің көбейіп келе жатқанымен де байла­нысты. Қарттардың саны көбейген сайын олар белгілі бір әлеуметтік қызмет­терге көп жүгінетін болады. Бұл жекеменшік қарттар үйінің көбеюіне алып келуі мүмкін. Қазір еліміздің әр өңірлерінде бір-бір қарт­тар үйінен бар десек, олар мемлекеттің еншісінде және жұмыспен қамту орталы­ғына бағынышты ұйым болып табылады. Олар көбінесе мем­лекет бюджетінен қаржы­лан­дыр­ылады. Қателеспесем, 2020 немесе 2018 жылдан бері қарттар үйінде тұратын адамның зейнетақы­сынан 70 пайыз ұстала­тын болған. Қарттар өздерінің күтіміне жартылай өздері ақша жұмсайды. Демек, қарттарға біз әлі де болса толық жағдай жасай алмай отырмыз, – деді ол.

Бақытты қария деген кім?

Қазақтың бақытты қарттық ұғымы от­басы ошақ қасында, бала-шағаның немере­нің ортасында, ағайын-туыстың айналасын­да деген қағидамен қатар қол­данылатын. Сондай-ақ қазақтың қариясы үшін туған жерінен топырақ бұйыру «әдемі өлім» саналатын.

– Біз қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған, ата-анасын далаға тастамаған текті атаның ұрпағы едік. Қазақ елінде жетімдер үйі, қарттар үйі, жезөкшелер үйі, түрме деген бәлелер болмаған. Қазір жастар­дың бәрі оқығын, білімді шығар, бірақ өз әке-шешесін қартайғанда қарттар үйіне тапсырады. Неге?.. Соңғы жылдары қарттар үйіне адам сыймай, қосымша қарттар үйін салып жатыр. Сол қарттар үйінде жатқан­дардың 90 пайызы қазақтың қариялары. Солардың 90 пайызының ұл-қыздары, бала-келіндері бар. Жағдайы жоқ дейін десең, кәсіпкер байлардың, оқытушы ғалымдар­дың да ата-аналары қарттар үйін паналауда. Бұл індет жалғаса берсе, болашақ не бол­мақ?! Еуропа елдерінде балалары ата-анасынан бөлек тұрады деп еститін едік. Қандай шара қолдануға болады?, – деп Жәнібек Қожық әлеуметтік желіде дабыл қақ­қан-тын. Сонымен қатар әлеуметтік желідегі (FB) парақшасында  публицист қартайған ата-анасын бақпай, қарттар үйіне тапсырған балаларға шара қолдану қажеттігі туралы ұсыныс та білдірді. 

«Бірақ заманның құбылуы қариялары­мыз­дың бақыт туралы түсінігін де өзгертті» дейді сарапшы мамандар. Мәселен, соңғы жылдары қарттар үйіне өзі сұранып баратын қариялар саны артып келеді. Алматыдағы «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының әлеуметтік істер жөніндегі орынбасары Сымбат Нәбиева, бұрын қарттар үйіне айына 2-3 адам келетін болса, қазір аптасына 7-8 адам келеді дейді.

– Мұндағылардың басым көпшілігі өздері сұранып келген. 15-20% ғана сот ар­қылы келетіндер, яғни отбасында жағдайы болмаған кісілер. Бұрын қарттар үйіне айына 2-3 адам келетін болса, қазір аптасы­на 7-8 адам келеді. Ең жоқ дегенде айына 14-15 адам түседі, – дейді маман.

Осы тұрғыда туындайтын негізгі сұрақ «Қазіргінің қариясы қандай?» деген мәселе­мен өлшенуі де мүмкін. Өйткені 2019 жыл­дан бері елімізде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының пайда болуымен, қария­лары­мыз өздерінің егде жасын жоспарлауға үйрене бастаған. Соңғы жылдары қарттар үйіндегі жағдай да өзгерген. Бұрынғыдай қарттық өлімді күту, үйде отыру, ағайыннан алыстамау, туыстың тойынан қалмау, қуаныш-қайғының қасында болу деген өлшемдерден арылып, қарттық, кәрілік моделі ауыса бастаған. Сонымен қатар қарттар үйіне баратындар туралы картина да әртүрлі, мысалы бір адамдарды балалары апарады, бір адамдар өздерінің қалауымен барады.  

– Қарияларды тек ата-әже рөлінде, қымыз-қымыранды, ұлттық салт-дәстүр, нақыштарды насихаттаушы ретінде ғана көрмей, олардың белсенділігін дәріптесек, ата-әжелер «жұрт не ойлайды» деген ойдан арылады. Біз кәрілікке деген жалпы қатына­сымызды өзгертсек, олар белсенді бола ал­а­ды, олар өмірлік тәжірибесінде бар жина­ған ресурстарын ұрпаққа әрі қарай беріп, қоғамда бақытты қарттар саны кө­бей­еді деп ойлаймын. Тек немере бағушы немесе бір отбасындағы балаларды ғана тәр­биелеуші емес, барша қоғамды тәрбие­леу­шіге айналады, – деді Әйгерім Жақыпбек.

Осы орайда әлеуметтанушы маман жастар ресурстық орталығы секілді, қария­лардың да ақсақалдық ресурстарын пайда­лануға бағытталған жобалар қажет екенін айтады. Мысалы,  ауылдарда да, қалаларда да егде жастағы адамдардың өмірлік мол тәжірибесін пайдалану үшін ерікті түрде жастарға ментор қылу арқылы үйлесімді жұмыс істеуге, кәсіпкерлікпен айналысуға бағыттаса деген пікірін де жасырмады.

– Ауылдағы мәдениет үйлерін ресурстық орталыққа айналдырып, қариялар мен жастарды үйлесімді еңбек негізінде пайдалы етуге болады. Қарттардың экономикалық жағдайы мемлекеттің экономикасына да әсер етеді. Қазір зейнетке байланысты саясат өзгеріп жатыр. Себебі қарттардың санының артуы экономикаға салмақ. Сол үшін зейнеткерлерді кәсіппен айналысуға икемдеу керек. Зейнет жасында да жұмыс істеу қарт адамдардың өмір сүру белсенді­лігін жоғарылатады, денсаулығын жақсар­тады, өмірге көзқарасын өзгертеді, өмір сапасын арттырады. Ал өмір сапасы артқан сайын тұтынушылық әдеттері өзгереді. Бұрын тамақ дәрі-дәрмек, тамақпен шек­тел­се, енді саяхатқа шығу, мәдени орындарға бару секілді экономикалық төлем қабілеті өседі, – дейді сарапшы.

Ресми ақпарат көздеріндегі деректерге сәйкес, республика көлемінде 92 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, жұмыс істейтіні жайлы, мұндағы қариялар өмір сүру сапасын жақсартуға, өнімді және белсенді ұзақ өмір сүруге дағдыланып қана қоймай, түрлі қолөнер үйірмелері, мотивациялық және кәсіпкерлік курстар арқылы жекелеген өнімдер жасап, интернет дүкендер арқылы сатуға бейімделе бастағаны туралы ақпарат­тар да жоқ емес.

Сондықтан қарияларымызды қарттар үйіне қамап қана қоймай, қазақ ұғымындағы «Көп жасаған қария – ақылы теңіз дария» қағидасы негізінде қазақстандық бақуатты кәрілік индесін қалыптастыру маңызды.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ