Айдыны бөлек Айнакөл

Шығыс халықтарының ертедегі аңыз ертегілерінде Феникс құсы от тәрізді қызылала – сарыала түстес келіп, нұрдан жаралғаны туралы наным қалыптасқан.

Ол өлгенде жаны аспанға ұшып кетеді екен. Құдай бар болса, сарыала қаз құсының тұқымы үзілмейді, өртенсе, күлінен қайта тіріліп кететін әулие сынды. Өйткені сарыала қаз аспаннан отқа оранып, көл үстіне шырылдап түседі дейді. Ол адам аяғы баса бермейтін биік тауларда тіршілік етіп, шың басындағы қазан шұңқырлардың мөлдір, тұнық суларында балапанын өргізеді екен.

Қасиетті Қаратау тауының Ала­таумен түйіскен Жуалы үстірті бел­деуінің бойы әлімсақтан Қырғыз Алатауы немесе Шерағаңша қа­сиетті Тәңіртау аталады. Осы тау­дың Көксай, Ақсай және Тобы­шақты аңғарлары етегіндегі Мың­бұлақ жазығы Шерхан Мұртазаның туып-өскен, кіндік қаны тамған отаны. Жазушының «Сарыала қаз Феникс», «Ақсай мен Көксай», «Тұз кесел» әңгімелері кез келген оқырманды тақырыбы арқылы елең еткізіп, иірімдей тарта жөне­леді.

Сарыала қаз Феникс әңгімесін­де жол бастаушы орманшы, жыл­қышы үшеуі Тәңір тауын аралау барысында, шың басындағы көлде болғанын, белгісіз аңшының құсты атқан сәтте, ашық күнде найзағай оты ойнап, аспан айналып жерге түскендей тау құлауынан кейінгі, ұйқылы-ояу шағындағы мәңгілік мұздақтарды жағалай тіршілік ете­тін аң-құстардың құрылтайы жай­ын­да, ертегі аралас оқиға баянда­лады. Аңыздың түбі шындықтан құралатыны белгілі. 

Мұзарт шыңдар қойнауларында мекендейтін тағы аң-құстардан күн­ге табынған ғұн – гүн тайпа­лар­ы­ның, көкбөріден өрбіген, көк тәңі­ріне тәу еткен көк түркілерінің таралғаны ескі жыр-дастандарда айтылады. Аңызбен астасқан жыр-дастандар болған оқиға желісіне негізделетіні хақ.

Аталған әңгімелер тауға баруға, мұзарт шыңының басындағы көлді көруге тартты да тұрды. Жергілікті жуалылық тумаларды үгіттей жүріп, тау кереметін асыра қоса айта жүріп, шығуға бет байладым. Жас­а­қты тау әңгімесіне жетік жігіттер­ден құрып, күні белгіленіп, әйтеуір тауға шығуға дайын да болдық. Арман, Феникс мекені Айнакөлді бір көру.

Сонымен, Б.Момышұлы ауыл­ы­нан шығып, оңтүстік шығысты бетке өрлей жол тарттық. Оң жақ маң­дай тұста Алатаудың қарлы шың­дары менмұндалайды. Көксай аңғары автокөлікке ыңғайлы жер жатысы жолымен отыз бес шақы-р­ым­дай. Ары қарай жаяуға қуат берсін.

Топ ішінде ел басқару ісінде ат­қа мініп жүрген Марат Қасым­беков пен Ғани Қуанышев және екі шанышқылы, тау жүрісіне ыңғайлы сидам Артық пен ақкөңіл жолсерік – Ержан.  

Жуалыда туып-өскендіктен, бұрынғының өлкеде ел басқарған тұлғалары жайында, осы жерде іздері қалған абыздар мен ақын-жыраулар, елін қорғаған Бердіқожа, Ақментей батырлардың, Қоқанға қараған тұстағы Батырбек, Байзақ датқалардың басқаға бағына жүріп қол астындағы халқының болашақ тағдырына әсер еткен игі істері жай­лы, патша кезіндегі көзі ашық Мақұлбек, Қабылбек, Жандарбек болыстардың, текті би Текебай мен Дәуімбет, Төребек сынды билердің асыл қасиеттерін қозғап, ел аузында қалған сөздерімен жол қысқартуда.  

Мен ойда отырмын. Тарихи дер­ек­терде ел билеген қағандар мен әміршілер жорықтарында Жетісу мен ертеректе Жиделі Байсын делі­нетін өлкелердің аралығына жата­тын Жуалының табиғатына тамсан­бауы, көңіл бөлмеуі мүмкін емес. 

Кейбір тарихшы, жазушылар­дың еңбектерінде әлемнің билеуші­сі атанған ұлы Шыңғысхан алғаш­қы жойқын, батыс жорығында Хорезм хандығын күйрете жеңген құрметіне, қайтар жолда Шақпақ асуы мен Мұңбұлақ жазығында тойлаған деген мәлімет келтіріледі. Ал Боралдай таулары басталатын Қошқарата ауылының Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданымен шектесетін оңтүстік тұсында, қозы көш жерде Орда қон­ған биігі тарихтың куәсі. 

Қытай саяхатшыларының Х ғасырға дейінгі бүгінге жеткен жаз­ба деректерінде Мыңбұлақ қаған­дар­­дың жазғы жайлау қонысы (рези­денциясы) болғаны, бұғы өсі­р­іп, арнайы сырғалау, қоңырау­лау арқылы санақ жүргізгендігі және сол замандарда қорық жасал­ып, аң аулау өнерін тамашалайтын­дығы айтылады.    

Ал Баукең дүниеден өткеннен кейін, туған жеріне тәу ете келген өнер құдіретінің иесі Н.Тілендиев Мыңбұлаққа іліне жол жиегіне аунай кетіп, «Сен жұтқан ауаны жұт­тым, сен ішкен бұлақтан су іш­тім, сен аунаған топыраққа ауна­дым, қасиетіңнен айналайын Бәу­кем, батыр көкем» деп, біраз шерін тарқатып алған деседі. 

– Түлкі кетті! – деген Мәкеңнің ащы даусынан селт ете, жан-жағы­ма қарасам оң жақ қапталда батыр Бауыржан Момышұлының туып-өскен мекені Момышбұлақтан өтіп барады екенбіз. Бұл маңайда мұн­дай бұлақтар мыңдап саналады. Мыңбұлақ аталуы содан болар. 

Жер беті халықтарының бірінде ел қамын ойлаған, елге сыйлы жан­дар дүниеден қайтқанда, Жаратушы рухын аң-құсқа айналдырып, ескі қоныс­тарына жібереді-мыс. Мүм­кін рас та шығар. Жаратушы бір емес пе. Мүмкін бізге әркез көріне­тін түлкі, қоныс иесінің бір кейпі болар. Аңды атуға болмайды.

Момышбұлақтың үстінде ескі Қара жолдың сұлбасы білінеді. Анау – терек ағаштары мол Талапты ауылы. Еліміздің аймақтарында қаймағы бұзылмаған, тек бір атадан тарайтын рулы ел қоныстанған елді мекендер бүгінгі күнде саусақпен санарлық. Бірақ кездеседі. Ауылда Бәйдібектен өрбіген Шымыр атан­ың Құли әулеті дара отыр. Бұл да тазал­ықтың бір нышаны шығар.

Ауылдан шығысқа қарай Мұр­таза­ның қыстауы, қатарлас жатқан Бөдене ескі қыстауларының орын­дары. Одан әрі Ыбырай сайдан жол оңтүстікке өрлей жөнелді. Солтүс­тік еңісте жұмақ мекен Алатау ауыл­ы көз тартады. Кезінде Жоңғар шапқыншылығы тұсында қырғыз мекен еткен болар, бір уақыт Шоң Қара аталыпты. Төменде Қызыл- ар­ық ауылы қарауытады. Иек астында – өмір жолының бір аял-дары Сұрым бекеті. 

Алатау етегінде Ақсай мен Көк­сайдың арасындағы Қорым жайы­лымы мен Керегетас сайы бүгіндері малшылардың мырзалары отыра­тын мекеніне айналған. Шілденің аптап ыстығында мұнда самал есіп тұрғандықтан, қара күз түскенше жасылға бөленіп тұрғаны. 

Ал қырғыздың сызығына енетін Манас шыңы осы маңдағы шың­дар­дың төресі саналады. Мызғы­мас­тай тұрпатына, өзгермейтін ақ бас шыңдарына сүйсінбейтін жан жоқ шығар. Талай әңгіменің желі­сіне арқау болған нағыз Тәңір Шыңы міне осы. Бірақ созыла ке-р­ілген темір тордың арғы жағы. Өкінішті.

Мына көксайдың арғы бетінен кезінде Кеңес үкіметі бетон канал жүргізген.  Әр ел өзінше шаңырақ көтерген тұста Қырғызда қалыпты. Қырғыз шекарасында болғанымен, төменде егіс алқаптарын суаратын – біздің дихандар. Жақын жылдары туындаған екі жақты жағ­дайларға байланысты, канал аңғар­дың бергі тұсынан қайта салынуы үкіметтік деңгейде шешіліп, қазіргі таңда жаңа канал ел игілігін ақ­тауда.

Бүгінгі күні Көксай шатқалы тауға құмар оңтүстік өлке жұрты­ның жиі баратын демалыс жайына, шатқал биігіндегі Айнакөлді көру­шілердің көптігінен аңғардың ауызы туризм орнына айналуда. 

Аңғардың аузында, «Ақсу Жабағылы» қорығының кардоны орналасқан. Кеш болмай осында жетіп үлгердік. Тау қарауылдарына сапарымыздың мән-жайын түсін­дір­іп, келер күнгі таңғы сағат 4-30 жолға шығатын болып, жақсылап тынығып алуға жайғастық. Осын­да­ғы қар басқан шыңдарға бұрын көтерілмегендіктен келер күнгі саяхатымызға алаңдаудамыз. 

Белгіленген уақытта тік көтері­л­іп, жолға шықтық та кеттік. Жал­ғызаяқ жол. Бір жағымыз шың да, келесі беті – шыңырау. Теледидар­дан еліміздің солтүстік аймағында биші қайың шоғырын көрсетіп жата­ды. Биші қайыңның бір қоны­сы Көксай аңғарының орта белі екен. Міне, қайыңның сұлулығын осында кездестірдік. Таңғаларлығы, киімге не шаң, не көк жағылмайды. Тылсым табиғат керемет қой. Ағаш­­тар мен өсімдіктердің неше түрлері кездеседі. Суырдың ысқыр­ған дауыстары. Басқа дүниеге ен­ген­дей әсермен келеміз. «Таңғажа-й­ып» сөзінің мәнісін енді ұққандай болдық. Мұндайды мың естігеннен, бір көрген дұрыс.

Шамамен, алты-жеті сағаттай мөлшерде, баяң жүріспен міне жар­қыраған Айнакөлге де жеттік. Теңіз деңгейінен үш мың метр биіктен жоғары. Аумағы төрт гектарға жуық. Көлдің беті жетімсіреп тұр­ғандай, тіршілік сезілмейді. Қар еруінен жиналғандықтан суы өте салқын. Көлдің төменгі жағалауы көкорай шалғын, жазықтық. Бір жайлау қонысына тартады. Қызыл-сары суырлардан мол тіршілік иесі жоқ. Әр тастың асты қазылған ін. Айнакөлден жоғары мәңгілік мұз құрсанған шың жартастарға дейінгі бес жүз метрдей аралықта, қоралы үй қонған көлемге шамалас бес-ал­ты тау қазан шұңқырларында су ай­дындары жалтырайды. Ең жоғар­ғы­сына көтерілгенімде мәңгі мұзды көл алдымнан шықты. Бұл биік­тікте мұз бен қардың толық еруіне мүмкіндік жоқ екен. 

Өкініштісі, феникс мекенін көргенімізбен, сарыала қазды көре алмадық.

Қырық күнге созылатын шілде­нің екінші жартысында ғана мұнда жер жіпсіп, шың өсімдіктері тірші­ліг­ін жасап қалады екен. Тым қыс­қа болғанымен асқақ, паң тір­ші­лік. Айнала көрпе бойы алуан түсті гүлдер. Мұндай ашық түс түрлер төменде кездесе бермейді, тамсан­дыра­ды. Қызылдың неше түрі, жасылдың түрлері, қою көк дейсің бе, күн түстес сары гүлдер. Бір көру­г­е арман, нағыз жұмақ мекен.

Жоғары қарап отырып, құз­дардың арасындағы мұздақтардан екі қонжығын ерткен аюды көруге мүмкіндік туды. Міне, керемет. Көзге түсе бермейтін тылсым таби­ғаттағы жабайы аю. Бұған да шүкір­лік айтып екі жүз метр шамалас оң қапталдағы шың қуысына ендім. Таңғажайып осында екен. Мұз еруінің соңғы күндері болса керек. Көп гүлдердің арасынан Еңлікгүл (Эдельвейс) жарқ ете қалды. Міне, саған гүлдердің асылы. Көрсет­кеніңе шүкір. Еңлікгүл адам аяғы жете бермейтін шыңдарда ғана кездеседі. Ертегілерде айтылатын мәңгілік махаббат гүлі.

Аспан үсті, көк кеңістігінің иесі қыран самғауы әсерін сезіндік. Жоғарғы шыңның оңтүстік батыс алқабы Өзбек жері де, шығысқа қарай Қырғыз таулары. Үш бауыр­мал елдің түйіскен жері десек те болады. 

Аунап-қунап тау ләззатын алған соң бесін шамасында қайтуға жиналдық. Төмен түсіп келеміз. Батысқа созылған Қаратау, биіктен аласа жоталар тізбегі іспеттес. 

– Қаздың даусы келе ме? – деді бір кезде саққұлақ Ғани.

Көз салсақ, аспан көкжиегінде кәдімгі жабайы қаз.

– Мұнда қайдан жүр? – деді таңғала Артық.

Оңтүстік батыс көкжиектен ұшып барады. Әлде күнге шағылыс­ып солай   көрінді ме. Мүмкін емес. Қаз­дың түсі сарыала. 

– Сарыла қаз Феникс жайлы әң­гімеде аңыз желісіне құралған, өртенсе, күлінен қайта тіріліп кет­етін сондай әулие құс болады, – дедім.

Аңшы аң-таң. 

– Мүмкін сол шығар. 

– Иә, мүмкін. Кезінде Шер­ағаңның төбесінен шырылдап ұшып, Көксай аңғарының аузына дейін шығарып салған Феникс құсы ұрпағының жалғасы болар. 

– Құдіреті күшті Жаратушы, сарыала қаз бұл жолы да жападан-жалғыз. 

– Оның мекені, тәңірге жақын орын тепкен, Айнакөл де жалғыз. 

Алдияр КӨБЕЕВ,

Жамбыл облысы 

Жуалы ауданы