Темекі тұтынумен күреске бағытталған мемлекеттік саясат неге нәтиже бермей тұр? Құзырлы органдар елге әкелген осындай контрабанда және контрафакт өнімдердің қарқынды өсіп бара жатқанын айтып, дабыл қақты. Күрес жұмысында не кінәрат бар?
Контрабандамен күрестің халі нешік?
Қазақстанда 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап темекінің қорабы қымбаттады. Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, бұл жаңалық Қаржы министрінің 2022 жылғы 22 ақпандағы №196 бұйрығында қарастырылған. Оған 2024 жылғы 4 шілдеде түзетулер енгізілген болатын.
«Темекі өнімдерінің өндірілуі мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңының 5-бабы 2-1) тармақшасына сәйкес бұйырамын: 20 (жиырма) фильтрлі, фильтрсіз сигаретке, папиростарға, сигариллаларға және қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға 2025 жылғы 1 қаңтардан 870 теңге мөлшерінде ең төменгі бөлшек сауда бағасы бекітілсін», – делінген жаңа редакциядағы бұйрықта.
Айта кету керек, ел Үкіметінің Қаулысымен, бұдан бұрын фильтрлі, фильтрсіз 20 сигаретке және папиростарға (1 қорабына) 2020 жылғы 1 қазаннан бастап 470 теңге – ең төменгі құн белгіленген-тін. Яғни, соңғы 5 жылда шылымның бір қорабының ең төменгі бағасы 1,85 есеге, 870 теңгеге дейін өсіп отыр.
Басқаша айтқанда, бұдан былай елімізде 870 теңгеден арзан сигарет, папирос, сигарилла және қыздырылатын темекісі бар бұйымдар болмауға тиіс. Өкінішке қарай, арзан табуға болады екен. Яғни темекіні контрабандалық жолмен сататындар бар. Олар біршама арзан баға ұсынады.
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшелеріне жауабында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстанда темекі контрабандасы өршіп тұрғанын жасырмады.
– 2023 жылдың қорытындысында Қазақстанда 1 миллиард 29,4 млн темекі өнімдері таңбаланды. Бірақ оның тек 7,5%-ы бақылау-кассалық машиналар арқылы өтіп, айналымнан шығарылған. Тиісінше, Қаржы министрлігінің бағалауынша, темекі өнімдерін бөлшек саудада сатудан кәсіпкерлік субъектілерінің кірістерінен алынбаған салықтар түріндегі бюджет шығыны 22 миллиард теңгені құрады, – деді С.Жұманғарин.
Сондықтан контрабандалық және контрафакт темекімен күресті күшейту үшін Үкімет оларды таңбалау жөніндегі талаптарды сақтамағаны үшін жауапкершілікті қайта қарап, күшейтуге кірісті. Бұрын темекіге қағаз акциздік марка жабыстырса жететін. 2020 жылғы 1 қазаннан бастап темекі бұйымдарын міндетті таңбалау енгізілді. Отандық бизнес пен сауда орындарына цифрлық коды жоқ темекінің ескі қалдығын 2021 жылғы 1 қазанға дейін сатып жіберуге мүмкіндік берді.
Алайда содан бері жүргізілген полицейлік рейдтер өңірлердегі базарларда цифрлық таңбасы да, акцизі де жоқ темекі бұйымдарының көп сатылатынын әшкереледі. Павлодар облысы бойынша Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Абай облысындағы әріптестерімен бірлесіп, елге заңсыз әкелінген темекі бұйымдарын өткізу арнасының жолын кесті. Бір мезгілде 2 өңірде бірден 3 жүк көлігі ұсталды. Оларды тінту кезінде жалпы саны 2 миллион қораптан асатын әртүрлі маркадағы сигареттер табылды.
Қос облыстың Мемлекеттік кірістер департаменттерінің мамандары қолға түскен темекінің нарықтық құнын 3 миллион доллардан (шамамен 1,6 миллиард теңгеден) асады деп бағалады.
Алайда Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қылмыскерлер көбіне жеңіл жазамен, айыппұлмен құтылады. Себебі заң жұмсақ. Сондықтан Парламент «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдады. Онда кодекстің 283-бабына кәсіпкерлік субъектілерінің темекі бұйымдарын таңбалау және қадағалау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жаза енгізілді.
Бірақ оны да қатал деуге келмейді. Аталған кодекстің 183-бабына сәйкес, темекі бұйымдарын сәйкестендіру құралдарымен таңбалау қағидаларын бұзғаны үшін лицензиясынан айыра отырып, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК (биыл 786 400 теңге), ірі кәсіпкерлік нысандарына – 500 АЕК (1 966 000 теңге) айыппұл салынады. Жеке тұлғаларға және дара кәсіпкерлерге мұндай айыппұл көзделмеген.
Тек акцизделетін тауарлардың сәйкестендіру құралдарынсыз және есепке алу-бақылау маркаларынсыз өнімді сақтау, өткізу, тасымалдау түрінде жасалған айналымы үшін жеке тұлғаларға – 50, шағын кәсіпкерге – 150, орта кәсіпкерлікке – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 500 АЕК айыппұл салынады. Қазір Парламент пен Үкімет бұл жазаны қатайту үшін заңнамаға түзету енгізу жұмысын жүргізіп жатыр. Өзгерістер қабылданған жағдайда темекі контрабандасымен күрес күшейеді және «5 жыл ішінде темекі бұйымдарын сатудан алынбаған кірістер түріндегі бюджет шығындары 22 млрд теңгеге азаяды» деп болжанды.
коллаж: Елдар ҚАБА
Жалпы, 2022 жылдан 2024 жылдың І тоқсан аралығында республикада 15 миллиард теңгенің заңсыз темекі бұйымы тәркіленіпті. Тәркіленбей, тұтынушысына сатылып кеткені қанша екені белгісіз.
Темекіге тірек болған фактор көп
Ұлттық статистика бюросы жүргізген «Қазақстан Республикасында ересектердің темекіні тұтынуы» атты жыл сайынғы зерттеуі елде қалыптасқан көңілсіз көріністі паш етті. Мемлекеттің темекі бағасын қымбаттатып, контрабандасымен күрескеніне қарамастан елде шылымқорлар саны артып барады.
Зерттеу қорытындысында қазір Қазақстан халқының 20,7%-ы темекі тұтынатынын анықтады. 2023 жылы – 19,4% болатын. Өсім жалғасты. Бүгінде қазақстандық ерлердің 39,8%-ы (2023 жылы – 36%), әйелдердің 7,6%-ы (2023 жылы 8,5% болған) шылым шегеді. Көк түтінді бұрқырататындардың саны ауылда көп, үлесі 22,3% (2023 жылы – 19,6%). Қалалық жерлерде – 20% (2023 жылы – 19,3%).
Нақты сандарға келсек, қазақстандықтар 2024 жылы күніне 15,8 млн темекі бұйымын тұтынған. Бұл бір жыл бұрынғыдан бірден 22,6% көп. Темекі бұйымдарының басым бөлігін – 88,8%-ын темекі фабрикалары өндірген өндірістік сигареттер құрады. Былтыр ел күн сайын осындай 14 млн бұйымды шеккен. Бұл бір жыл бұрынғыдан 17,8% жоғары. Екінші орында қолдан оралған темекі (самокрутки) тұр: оның 1,2 миллионын тартқан. Сигара мен сигариллалар саны – 39,7 мың, кальян – 25,6 мың.
Статистика мамандары қазақстандықтардың үлкен бір бөлігі темекі тартпаса да, үйде немесе жұмыста оның түтінін тұрақты жұтуға мәжбүр екенін мойындады. Яғни, пассивті түрде темекі тұтынады.
– Үйде темекі түтінінің әсеріне жалпы халықтың 9,2%-ы ұшырайды: 8,5%-ы темекі шекпейтіндер. Жұмыста темекі түтінімен халықтың 6,6%-ы тыныстайды, оның 6,2%-ы – темекі шекпейтіндер. Қоғамдық тамақтану орындарында сауалнамаға қатысқан респонденттердің 11,5%-ы темекі түтініне көмілуге мәжбүр екенін айтты. Оның 10,9% – темекі шекпейтіндер, – деп хабарлады Ұлттық статбюро мамандары.
Халықаралық зерттеулер көрсеткендей, жыл сайын әлемде 6 миллионға жуық адам темекінің салдарынан о дүниелік болады. Дүниежүзінде әрбір 6 секунд сайын 1 шылымқор өлетін көрінеді. Жалпы, қазақстандықтар бұл өнімнің денсаулыққа зиян екенінен жақсы хабардар: темекі ауру тудырады деп есептейтін респонденттердің үлесі 85,8%-ды құрайды. Алайда отбасы мүшелерінің шылым шегуіне қарсы болатынын айтқандардың үлесі бар-жоғы 4,6%!
Energyprom мониторинг агенттігінің сарапшылары да темекі тұтынушылар қатарының өскенін растады. Олар бұған Қазақстандағы сигареттер құнының әлемдегі, тіпті аймағымыздағы ең арзаны болуы да ықпал еткенін жеткізді.
Numbeo порталының дерегінше, 2025 жылғы 22 қаңтардағы жағдай бойынша 1 қорап Marlboro-ның құны Қазақстанда 1,73 доллар тұрды. Бұл – жаһандық рейтингте соңынан санағандағы 3-ші орын. Бізден төмен, тек Вьетнам (1.34 доллар) және Нигерия (1,28 доллар) тұр. Демек, бүкіл әлемде темекінің ең арзаны да Қазақстанда.
Ал саламатты өмір салтын ұстанатын немесе шылымқорлары мейлінше аз 5 мемлекетте темекіні арзанға табуға болмайтыны айқындалды. Мысалы, рейтингте көш бастаған Аустралияда сигареттің бір қорабы кем дегенде 28,51 доллар, Жаңа Зеландияда – 22,65, Ұлыбританияда – 17,28, Ирландияда – 17,08, Канадада – 13,95 доллар тұрады.
Заң ғылымдарының кандидаты Әлия Серәлиева темекі тұтынушылықтың өсуіне ықпал ететін бірнеше факторды атады. Біріншіден, саламатты өмір салтын насихаттау әлсіреді, оны күшейту қажет. Бұрын «Саламатты Қазақстан» сияқты салалық бағдарламалардың бір басымдығы – шылым шегушіліктің алдын алу болатын. Жүздеген білім беру, денсаулық сақтау және басқа мекемелер, меморгандар «темекі тартудан азат аймақтар» деп жарияланды. Емханаларда ондаған «темекіге қарсы орталықтар» ашылды. Бүгінде олардың бәрі адыра қалды.
Екіншіден, темекі өнімдерінің төмен бағасы шылымқорлықтың таралуына тосқауыл қоюға кедергі. Қазақстандағы темекі өнімдерінің құны Аустралиядағыдан 16 есе арзан. Үшіншіден, қоғамдық орындарда шылым шегуге салынған тыйымдарды бұзғандарға айыппұл салына бермейді. Салдарынан, тұрғынүйлердің баспалдақ алаңында, кіреберісінде, кеңселерде, аялдамаларда және басқасында темекіні бұрқырататындар жетерлік.
Мұның сыртында сигареттерді 18-ге толмағандарға сату тыйылмады. Бұрын темекіге қарсы заңнаманың сақталуын тексеретін рейдтер үнемі жүргізілетін. Қазір бизнесті қорғау мақсатында оған шектеу қойылған. Жастар арасында, ел ішінде түсініктеме жұмыстары да божырады. Осы және басқа мәселелер шешілмей, шылымқорлар саны тек арта бермек.
Айхан ШӘРІП