Күйші Тәттімбет Қазанғапұлының есімін жоғары оқу орнының біріне беру ұсынылды, – деп хабарлайды Аikyn.kz
Бұл жайлы ҰҒА академигі, Ұлттық құрылтай мүшесі Нұрлан Дулатбеков "Егемен Қазақстанға" жариялаған мақаласында айтты.
Биыл – ұлы композитор Тәттімбет Қазанғапұлының 210 жылдығы. Осы орайда оның ұлы есімін тағы бір жаңғыртсақ, ұлттық руханиятымыз бен құндылықтарымызды сақтауға, зерделеуге жол ашады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық домбыра күніне арналған салтанатта: «Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуға тиіс», – деп атап көрсетті.
Сөз жоқ, домбыра, күй өнері – қайталанбас асыл мұрамыз. Осы тұрғыда, биыл айтулы өнер ордасының біріне немесе музыкалық жоғары оқу орнына халқымыздың біртуар тұлғасы, композитор Тәттімбет Қазанғапұлының есімін берсе, құба-құп, – деді Нұрлан Дулатбеков.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз