Бүгінгі Мәжіліс отырысында «AMANAT» фракциясының мүшелері Нартай Сәрсенғалиев пен Асхат Аймағамбетов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға жолаушы тасымалдайтын такси мен автобустың тізгінін ұстаған азаматтарды тәртіпке салатын даярланған заңды қайта қарау керегін қозғап, өздерінің депутаттық сауалын жолдады.
Олардың айтуынша, жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы мемлекет құзыретінің бір бөлігін өзін-өзі реттеу ұйымдарына беру, солардың тілінде «СРО» құрса, монополияға айналады деп меңзейді.
– Бұған сарапшылар әуел бастан қарсы болды, Мәжілісте де талай түйреп, сынымызды дәйекпен айттық. Бірақ мемлекеттік органдар тасжолдағы қауіпсіздікті өздері ретке келтіре алмай отырып, жауапкершілікті жекеменшік ұйымға ысыра салуға бағытталған бағдарынан бас тартпай отыр. Бірінші мәселе. Заң жобасы өзін-өзі реттеу ұйымдарына жолаушылар тасымалындағы тарифті белгілеу, бағаны реттеу құзыреттерін бермек. Бұл – қате. Құрылуы мүмкін өзін-өзі реттеу ұйымдары азаматтарымызды аямайтыны екібастан белгілі. Бұл жерде тұтас саланы жекеменшік ұжымдарға жығып беру – монополияны қолдан жасауға бағытталған қисынсыз әрекет. Біздің Үкімет тыңнан түрен салып жатқан жоқ. Мәселен, такси қызметін өзін-өзі реттеу ұйымына бергендердің бірі АҚШ, Калифорния штаты. Салдары ауыр, біріншіден тұтас салаға қожайын болған қауымдастық өзіне жақын такси компанияларын ғана тіркеп қалғандарына жолаушылар тасымалдауға тыйым салған. Екіншіден жекенің қолына өткен саладағы қауіпсіздік талаптары жеңілдетілгендіктен таксилер демалыссыз жұмыс істеген, – дейді Нартай Сәрсенғалиев.
Соның салдарынан таксидің қатысуымен болған жол апаттары 15 пайызға көбейген деседі.
– Екінші мәселе. Жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы қауіпсіздік мәселелерін өзін-өзі реттеу ұйымына беру адамдардың өміріне жүрдім-бардым қараудың нақты көрінісі. Ақшаның артынан қуған жекеменшік ұйымдар қауіпсіздікке қалай болса солай қарайтыны айтпаса да түсінікті. Мысалы, Бразилияда жолаушы тасымалдау өзін-өзі реттеу ұйымына берілген. Олар дереу автобустарға берілетін лицензияның талаптарын жеңілдетіп тастаған. Салдарынан автобустардың қатысуымен болған жол апаттарының саны 15 пайызға көбейген, жапа шеккендер санында есеп жоқ. Біздің елде де жол апаттары жыл сайын жүздеген адамның өмірін жалмайды. Бұл проблеманы мемлекеттік органдар шеше алмай отырып, ақыр аяғында жолдағы қауіпсіздікті өзін-өзі реттеу ұйымына бере салу туралы шешімдері ақылды адамның әрекеті емес.
Үшінші мәселе. Қазақта «Сараң бай союға қозы таппай, жарлының жалғыз тоқтысын сұрайды» деген сөз бар. Жұмыссыз жүрген жандар мен айлығы шайлығынан артылмайтын ағайын такси болып нәпақа таба бастағаны сол еді, уәкілетті министрлік бұл саланы «реформалау керек» деген бастамамен шыға келді. Министрліктің ойынша, енді әр таксист өзін-өзі реттеу ұйымына мүше болып жарна төлеу керек екен. Депутаттар бұл нормаға қарсы шыққанда, жарнаны такси қызметімен айналысатын мобильді қосымшаларға тіркелген жеке кәсіпкерлер төлейді деді министрлік. Бірақ міндетті төлемдердің енгізілуі жолаушы тасымалдау қызметінің қымбаттауына әкеледі, жапа шегетін қарапайым халық. Осы ретте такси және автобуспен жолаушы тасымалдайтын салаға өзін-өзі реттеу ұйымын енгізу, яғни СРО құрып азаматтарды оның қатарына кіруге міндеттеу тұтас саланың бір қолға өтуіне, салдарынан монополияның орын алуына апарар жол. Біз «AMANAT» фракциясының бір топ депутаттары бұл қисынсыз шешімді тоқтататын нақты нормаларды заңға енгіздік, – деген депутат әріптестер мен Үкімет өкілдерін аталған түзетулерді қолдауға шақырды.
Сонымен қатар, депутаттар қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан автокөлікті 5 минуттан артық оталдырып тұруға болмайды деген пікірге қарсылығын білдірді.
"Бұл 20 жылдан астам уақыт бұрын Үкімет бекіткен шешім. Бірақ аталған қаулының қате екеніне бәріміздің көзіміз жетіп отыр, қоғамда қатаң сынға алды. Бұл ақылға сыймайтын шешім, себебі сарышұнақ аязда көлікті қыздармасаң темір тозады, көлік бұзылады, оны жөндеп шығынға бататын баяғы бұқара халық. Бұл турасында бір ғана ұсыныс бар, автокөлікті 5 минуттан артық оталдырып тұруға тыйым салатын министрліктің шешімін дереу өзгерту керек. Әрине, қоршаған ортаны да қорғау керек, бірақ нақты өмірдегі жағдайды да ескеру қажет. Көлік оталып тұрғаннан экологияға зиян келеді дейтін уәкілетті органдар, алдымен ауаға тонналап зиянды қалдық тастайтын зауыттар мен аспаннан қара қар жаудыратын мекемелерді тәртіпке салып алсын, – деді Нартай Сәрсенғалиев.