Астанада көпір үстінде видео түсірген жігіт жауапқа тартылды

Жігіт Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің үш бірдей бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Абай облысының полицейлері "Заң және тәртіп" қағидаты бойынша Астанада жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған Семей тұрғынын жауапқа тартты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, азамат достарымен бірге Арыс көпірінің автожол бөлігінде серуендеп, бұл әрекетін видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктеген. Алайда интернеттегі “атақ” оны жауапкершіліктен босатқан жоқ.

– LADA PRIORA автокөлігінің жүргізушісі туған қаласына оралған соң, бірден ҚР ӘҚБтК-нің үш бірдей бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды: көлік құралын заңсыз қайта жабдықтау, белгіленбеген жерден жолды кесіп өту, көлік құралын тоқтату қағидаларын бұзу,  делінген хабарламада.

Көпірде жаяу жүрген жолаушылар да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.