Астанада Қазақстан мен Қытай арасындағы достықты нығайтуға бағытталған мәдени іс-шара өтті. «Көктемнің көңілді мейрамында» екі елдің мәдени, экономикалық байланысын арттыруға арналған маңызды қадамдар туралы айтылды, – деп хабарлайды Аikyn.kz
Былтыр Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим енгізілді. Екі елдің азаматтарына саяхаттауға мүмкіндік ашылды. Өткен жылы Қытайда Қазақстанның Туризм жылы болса, биыл Қазақстанда Қытайдың Туризм жылы деп жарияланды. Екі ел арасындағы мәдени байланыс туристерге қолайлы жағдай жасаумен қатар, достықты нығайтуға ықпал етері сөзсіз.
Жиынға жуырда тағайындалған Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинь арнайы қатысты. Елшінің айтуынша, екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық ынтымақтастықты дамытудың маңызы зор.
«Қытай дәстүрінде Жаңа жыл шығыс күнтізбесінің бірінші айы аяқталғанша тойланады. Бүгін – Ай күнтізбесі бойынша жаңа жылдың 11-ші күні болып саналады. Осындай мерекеде бірге болу – отбасының берекесін арттыратын жақсылықтың нышаны. Бүгінде Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеріліп, екі ел арасында ынтымақтастық нығая түсті. Екі ел саяси өзара сеніммен әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілетуге үлес қосып отыр. Өткен жылы желтоқсан айында Қытайдың Көктем мерекесі ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне енгізілді. Бұл Қытай халқының бейбітшілік, келісім және бірлікке ұмтылуын білдіреді. Осындай құндылықтар қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінде де бар. Мәселен, биыл екі елде де Жылан жылы. Қытай мәдениетінде жылан рухани, даналық пен өміршеңдіктің символы болып саналады. Молшылық пен сәттілікке толы болады деген сенім бар. Көрші екі елде ежелгі Жібек жолының бойымен өркениет көші үзілген емес. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы Қытай мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта түсері анық. Ұлы Жібек жолы бойындағы Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеріп, өңірлік және жаһандық бейбітшілікті нығайтып, дамытуға ниеттіміз», – деді елші Хань Чуньлинь.
Мәдени іс-шара екі елдің салт-дәстүрін, төл өнерін насихаттайтын рухани кешке ұласты. Өнерпаздар халық әндерін шырқады. Дәстүрлі әншілер ұлттық музыкалық аспаппен өнер көрсетті. Қазақ-қытай мәдени байланысы татулық пен достықтың дәнекері болары анық.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз