Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» деп атаған Абайдың адамның кез келген мәселесіне жауабы дайын тұрады.
Сұлтан Ыбырай, абайтанушы: Абайды оқу үшін дайындық керек
3,377
оқылды

Абайдың бүтін болмысын, шығармаларындағы философияны түсініп, ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтқан ғалымдардың бірі – Сұлтан Ыбырай. «Абайды тану арқылы өзімізді, ұлттық болмысымызды тереңірек түсінеміз» деген ол Абайды оқудың өзіне дайындық керегін айтады. Бүгінде Абайды қандай дайындықпен оқып жүрміз? Абай айтқан бес дұшпаннан қаншалықты қашықпыз? Хакімнің асыл сөздерінің зерттелуі аяқталды ма? Абайтанушы Сұлтан Ыбыраймен өткен сұхбатымыз осындай сұрақтарға жауап іздеді.

– Абай және Алаш. Алғашқы абайтанушы Әлихан Бөкейханұлы екені белгілі. Дегенмен ұлы хакім мен Алаш зиялыларының байланысы туралы айтқанда, ойға не оралады?

– Сәл ертеректе «Адам болуды Абай­дан, мемлекет болуды Әлиханнан үйрену керек» деп айтқанбыз. Адам болу үшін өзі еркін болуы керек, еркіндікке ұмтылуы керек. Жалқаулығынан, жаман әдеттерінен құтылуы керек. «Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектікпен өсер» дейді хакім. 

«Абай бодандыққа, Ресей отаршыл­дығына қарсы күреспеді» деген пікірлер бар. Бұл Абайды үстірт оқығандардың пікірі, әсіресе 25-қара сөзді жете түсін­бегендік. 25-қара сөз: ...«Және кейбір қа­­зақтар ағайынымен араздасқанда: «Се­нің осы қорлығыңа көнгенше, баламды солдатқа беріп, басыма шаш, аузыма мұрт қойып кетпесем бе!» деуші еді. Осындай жаман сөзді, Құдайдан қорықпай, пенде­ден ұялмай айтқан қазақтардың баласы оқығанмен не бола қойсын?». Хакім бұл айтылғандарды неге «жаман сөз», «Құдай­дан қорықпай», «пендеден ұялмай» дейді? Өйткені «Басқа шаш, ауызға мұрт қою» шоқынғандықтың белгісі болатын, яғни қазақтың баласы оқыса да, шоқынып ке­тетін болса, одан не қайыр деп отыр хакім. «...Другой миссионер, Сергий (Петров), который в 1893г. описывает случай кре­щения молодого казаха Акына Джан­та­ласова, жившего в Улбинской станице на Иртыше. «Любопытно, – пишет миссио­нер, – все желающие креститься начи­нают с того, что отращивают себе волосы, желая походить на русского. Так сделал и Акын Джанталасов. Родичи заметили эту ересь и насильно обрили ему голову: четыре человека держали его, а торгующий в Убин­ском татарин брил голову». [С.Е.Андри­ен­ко, История Прео­бра­женс­кого стана Киргизской Духовной миссии], сосын сол 25-қара сөздегі: «Бұл жер «дәр ул харб» дегенге мән бермегендік, яғни «бұл жер – қазақ жері жауланған жер, еркіндік жоқ» деген мағынаны білдіреді. Ол бүгін «Дәр ул харб дәуірі» деген атен бел­гілі, яғни «бо­дандық дәуірдің» синонимі.

Ғылым-білімге ден қойып, тәуел­сіз­дікке ұмтылу хакім мен алаштықтарды бай­ланыстырып тұрған негізгі тұғыр. 

Мұхтар Әуезов «Зар заман ақындары» деген еңбегінде жазған жалпылама ойы бұрынғы ақындар зарыменен бодандықты айтып көрсеткенімен, жырлағанымен одан шығудың анық жолын көрсете ал­мады. Ал Абайдың олардан айырмашылығы ғылым-білімге жол сілтеді, өнер үйренуге шақырды сол арқылы еркіндікке жетуге болатынын түсіндірді. 

Абайдың өзінен бір мысал, өзінің ұлы Әбдірахман Томға Технологиялық инс­титутқа оқуға барып, қабылдайтын уа­қыттан кешігіп, содан кейін артиллерия­лық әскери училищеге түскен. Яғни, Абай өзгерісті өзінен, отбасынан бастаған. 

Ескі жолмен жаңа заманда, XX ғасырда өркениет көшіне ілесу мүмкін емес екен­дігі айқын еді. Абайдың шапанының ете­гіне жармасып өскен, оның өлеңдерін оқып әсерленген Алаш арыстары ендігі кү­рес ғылым-білімді игеру, халықты жал­пы сауаттандыру үшін мектептер, жоғары оқу орындарын ашу, кітаптар шығару, технология үйрету арқылы елге, жерге ие болуға, экономиканы дамытып, өзінің күш­тік құрылымдары бар, «жапон үлгі­сіндегі» ұлттық тілі, мәдениеті басым, әділеттілікке негізделген жаңа заманға сай мемлекет құру деген мақсат қойды. 

Алаштықтардың ішінде әдебиетке қатысы барлардың қай-қайсы болмасын Абайға соқпай кеткені кемде-кем.

Тақыр жерге шөп шықпайтыны секілді, Абай болмаса, арман-мұрат, қарекет қылмаса алаштықтардың өсіп жетіліп, Алашорда үкіметін орнатып, одан бүгінгі Тәуелсіздікке жету мүмкін болмас еді. Бірақ қағаздағы саяси тәуелсіздік пен шынайы санадағы тәуелсіздік екі түрлі. Біз өкінішке қарай, әлі ел тәуелсіздігінің қадіріне жете қойған жоқпыз.

– Айтыңызшы, Абайға қаншалық жа­қынбыз? Абайдан қаншалық алыспыз?

– Жалпы бір адамға, не бір рухани көшбасшыға жақын болу үшін құнды­лықтар жүйесі ортақ болуы керек. Абайды жазба қазақ әдебиетінің, әдеби тілінің басында тұр десек бізді хакімге жақын­дататын негізгі құндылық тіл болмақшы. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы тасқа басылған қайталанбас қазақ өмірінің энциклопедиясы дейміз, яғни көркем шындыққа негізделген кешегі даңқты көшпелі елдің тұрмысы, мәдениеті мен өнері қамтылған. «Біз қазақ кеше кім болып едік, қалай өмір сүріп едік?» деп ақылы кірген жас ұрпақ өз-өзіне сұрақ қойса, жауапты осы эпопеядан таппақшы, солай өзінің ұлттық тамырына жақын­­­дамақшы. 

Мұхтар Әуезов атап өткендей, Абайдың тәлім алған үш рухани бастауы бар:

1) Ұлттық: халық ауыз әдебиеті және жазба әдебиеті;

2) Батыс-орыс;

3) Шығыс, мұсылмандық, араб-парсы.

Міне, осы үш бастаудан хабары бар адам Абайды түсіне оқыса хакімге сөзсіз жақындайды. Ал осы үш рухани бастауды білмеген, не шала білген адам Абайдан алыс тұрады. Орысша оқыған­­дар­дың Абайды жете түсінбей жа­та­тындары осы үш бастауды білме­уінде жатса керек.

Бірақ Абайды оқу үшін де дайындық керек. XX ғасырдың басында да Абайды түсіну оңай болмаған. Ой терең­дігі, түсініксіз терминдер қиын­шылық ту­дыр­ған. Оны Ахмет Бай­тұрсынұлы өзінің «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласында: «Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады. Көп сөз­дерін ойланып дағдылан­ған адамдар бол­маса, мың ара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғаны біреу баяндап ұқтыр­ғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр тие­тіні рас. Бірақ ол ауыр­лық Абайдың айта алмаға­ны­нан кемшілік емес, оқушы­лардың түсі­нерлік дәрежеге жете алмаға­нынан бола­тын кемшілік. Олай болғанда, айып жа­зу­шыда емес, оқу­шыда» дейді. Бүгін жеке­леген тұл­ғалар болмаса, көпшілік мен үшін Абайдан алыс­тап кеткендей көрінеді. Оның сөз­дерін афоризм қылып айтқан­ме­нен ол сөздерді бойымызға сіңдіріп, міне­зімізге айнал­дыр­масақ, сылдыр сөз болып қала беретіні сөзсіз. Сонымен қатар бүгін көп­шілік ру­хани байлықтан гөрі материал­дық бай­лық­қа, дүниеге көп көңіл бөледі, тағы бір мә­селе қалың бұқараның ішінде жоқ­­шылық, кедейлік те бар. Абайдың өз сөзі­мен айтсақ: «Жоқшылықтың адамды хайуан­­дандырып жіберетіні де болады». 38-қара сөз. 

– «Абайды түсіну оңай болмаған» дейсіз. Жалпы, біз хакімнің қара сөздерін толық зерттеп-зерделеп біттік пе? Біз әр қара сөзіне тоқталғанда, нені ескеруіміз керек?

– Хакімнің қара сөздерін толық зерт­теп-зерделеп біттік деу – асығыс тұжырым. Мұхтар Әуезовтің өзі  «Абай деген – терең теңіз, алып мұхит. Абайды таныған сайын, оның түбіне маржандарын алу үшін сүңги беруің ке­рек. Ал мен оның бетін ғана қал­қыдым» де­ген. Біз Абайды әлемге таныта­мыз дейміз. Өкінішке қарай, өзіміз дұрыс тани алмай жатырмыз. Өзіміз дұрыс тү­сінбеген соң басқа тілге аударғанда мәнісі қашып кететіні сөзсіз. Орысшаға, одан басқа тілдерге қотарғанда мағына түпнұс­қадан ажырап қалып жатады. Абайды орысшаға аударудың қиындығын Герағаң (Бельгер) жақсы айтып кеткен. Абай аз сөзге көп мағына сыйғызғандықтан, сөзбе-сөз аударма мағынасын толық аша алмай­ды. Қосымша түсініктемелер керек.

Тағы бір айтатын мәселе, совет кезе­ңінде кейбір араб-парсы сөздері кирилшеге түсіргенде қате жазылып кеткен, сол қа­телер кейінгі басылымдарда сол қалпымен жүреді. Сосын сол қате сөздің өзіне түсінік берілген. Мысалы, «Кітап тасдиқтағы» «әбәди» деген сөз «әдаби» деп қате беріліп, «мәңгілік» деген ұғым «әдеби» болып тү­сіндірілген. Тағы бір жерде «залымдық» де­ген сөз «залықтық» болып жүр. Тағы осын­дай мысалдар бар.

Сосын біз айтып жүрген 45 қара сөз емес, олардың түнұсқада рет сандары бас­қаша болған. Әуезов оны идеологиялық себептерге байланысты «Қара сөздер» деп ат беріп топтастырған. Бүгінгі рет санымен айтсақ, 27, 37, 38 және 45-қара сөздердің о баста қара сөздер топтамасында болма­ғанын көреміз. 27-яғни «Сократ хакім­нің сөзі», жалпы қара сөздерден ерекшелігі диалогке құрылған, ғибратты көркем әң­гіме ол Мүрсейітте бөлек көрсетілген. Әуе­­зов оны «Абайдың түгел өз сөзі емес, ау­дарма» (Сократтан) дейді. 37-қара сөз – қысқа афоризмдердің жиынтығы «Наси­хат» деген атпен ол да Мүрсейітте қара сөздерден бөлек тұр. 38-қара сөз «Кітап тасдиқ» ол белгілі. 45-қара сөз «Кітап тасдиқтың» заңды жалғасы десек қателеспейміз. Сонда «Кітап ғақлия» қырық баптан (Абай өзі «бап» деп атаған) (қара сөзден) тұрады. Баптардың «қырық» болуы тілімізде қасиетті «қырық» сан ретінде жиі қолданылатынынан болуы мүмкін және имам Науаидің «Қырық ха­дис», имам Ғазалидің «Ихиасының» қы­рық тараудан болуы сияқты ежелгі қа­лыптасқан дәстүрлердің әсері болуы ғажап емес. Сондықтан кезінде Абай талай рет санымен жазды, сол түпнұсқаға көшкен абзал деп ойлаймыз.

– Ойыңыз орынды, дегенмен біз кейде Абай өлеңдеріндегі кей сөздерді жадағай, үстірт ұғынып жатамыз. Оның (сөздердің) астарына үңілгенде, не байқаймыз?

– Абай өлеңдерінде айнымайтын логика бар, ақиқат бар, бір сөзі екіншісіне қайшы келмейтін бір ізділік бар. Мысалы, «Сегіз аяқтағы» «Қиуадан шауып, қисынын тауып, тағыны жетіп қайырған» деген жолдағы «Қиуа» немесе «Хиуа» сөзі, бүгінгі өзбектің Хиуа қаласына қатысы жоқ, «Қиядан шауып» кәдімгі қазақтың «қия» сөзі екені белгілі болып қанша жазылып, айтылса да, әншілер де, өлеңді оқыушылар да «Қиуадан» шаптыра береді. 

«Сегіз аяқтан» тағы бір мысал, «Пайда­сыз ақыл – байлаусыз тақыл». Әрине, «пай­дасыз ақыл» түсінікті. «Байлаусыз та­қылдың» «байлаусызы» анық та, «тақыл­дың» не екені түсініксіз болып, қисынға салып жорамалдағанмен де хакімнің не айтқысы келгенін анық басып айту қиын. Сонымен «пайдасыз ақылға» келсек, адам­ның ақылы қалай жұмыс істейді дегенде, имам Ғазали ақылға сезім мүшелері әсер ететінін, солар арқылы келген ақпарат не­гізінде ақыл шешім шығаратынын жеткізе­ді, хакім Абай да «Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектікпен өсер» дейді осы қисынға қарап, жамандық сүйгеннің ақылы ортаятынын топшылауға болады. Сонда «пайдалы ақыл» адамды жақсы­лықты сүюге мүдделендірсе керек, содан ол ақылды алған адам да жақсы болып тәрбиеленеді, «есті», «көргенді» болмақ, яғни сапалы өзгеріске ұшырамақ, ал «пай­дасыз ақыл» көргені жоқ «көргенсіз» болып, адамның табиғаты сол қалпында қалып, мінезі өзгеріссіз қалмақ. «Көргенді» болу ата-анасынан, ұстазынан, өскен ортасынан дейді хакім. Бұл қарапайым от­басындағы тәрбие мен мемлекеттің үлкен идеологиясына да қатысты тақырып. Бір отбасының тәрбиесі дұрыс болып, бала­ның дұрыс адам болуы немесе бір мем­лекеттің дұрыс идеологиясы елдің дамуы­на, бірлігіне әсер етуі заңдылық. Ал енді ата-ананың айтқан сөзінде немесе мемле­кет­тің идеологиясында «пайдасыз ақыл» бол­са кемшілік сол ата-анада, мемлекеттік саясатта болса керек. Енді «байлаусыз тақылға» келейік. Бір қарғанда хакім ақын ретінде ұйқас қуып кеткендей көрініп, «тақылдың» астарында ешқандай ой ­жат­па­ғандай көрінеді. Тұтас «Пайдасыз ақыл – байлаусыз тақыл» жолына көз жіберіп, анықтауыштардың антонимін қол­дансақ «Пайдалы ақыл – байлаулы тақыл» болып шығады. Сонда «тақылдың» байлаушы қасиеті барлығын шамалай келе, ақыл айтып отырған адам, не ата-ана тәрбиеленушіні өзіне байлайды, ұқсатады, яғни өзі тақылеттес қылады. «Тақыл» «та­қылетті» деген сөздің қысқартылған түрі. Он үшінші қара сөзінде хакім иманның екі түрін айтып отырып, біреуге ұқсап жеткен иманды иман тақлиди дейтінін жеткізеді. Бұдан келіп ұққанымыз, жүргізген тәр­биеміз, жасаған идеологиямыз «пайдасыз ақылға» негізделсе, онда бала дұрыс тәр­биеленбейді, ата-анасына ұқсамайды, атадан баланың ойы өзге болады, халық бірлікке ұйымайды, айтқанға жүрмейді. Ең бастысы, жақсылыққа шақырушы, «пайда­лы ақыл айтушы» әуелі өзі «жақсы» болуы, үлгі көрсетуі шарт сонда ғана барып «пай­далы ақыл, байлаулы тақыл» болмақшы, сонда барып қана «сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деуге қақымыз болмақ. Сөз­бен айтылған ақылына істеген ісі келіспей жатса ол да «пайдасыз ақыл», «байлаулы тақылға» бастай алмайды. ... Пайдасыз ақыл – байлаусыз тақыл, Атадан бала ойы өзге. Санасыз, ойсыз жарым ес, Өз ойында ар емес... Хакімнің «пайдалы ақылына» еріп, «тақылына байлана» білсек, «ақыл бірлігіне» жетіп «хакім ата» мен бүгінгі ұрпақтың ойы бірге болып, алға басамыз ба деген үміт алға жетелейді. Осы іспетті хакімнің жай бір сөзінің өзі түп-тамыры тереңге бойлап кете береді.

коллаж: Әсел БАЛТАҚЫЗЫ

– Абай ілімі деген қазақ ілімі емес пе? Бүкіл дүние өзгерді. Қазақ өзгерді ме?

– Абайдан қалған ілім – бүгінгі қазақ қоғамы ұмтылатын үлгі. Бүгін байқайты­нымыздай, біздің қоғамдағы адамдық жақсы сапа – оқыған шынайы зиялыларда, не озық ұлттық дәстүр немесе түзу дін ұста­ғандар сияқты сенімі мықты жекелеген адам­дарда ғана қалып, көпшілік тобыр мәдениеттің ықпалына түсті. Жаһанда­нудан келіп шығатын дамыған бай, қуатты елдердің – бүгінгі империялардың тара­пынан болатын саяси-экономикалық, идео­логиялық шабуылдарға төтеп беру үшін жалғыз сенім жеткіліксіз екендігі білінді, сенімі мықты жеке адам өзін, от­басын құтқаруы мүмкін бірақ көпшіліктің, елдің сыртқы күштердің шабуылына төтеп беру үшін, қоғамды ішкі тұтастыққа жет­кізуге ұмтылу үшін сеніммен қоса ақыл керек, яғни философиялық пікір болмаса, сол философияны дамытқандардың, терең ойланғандардың ықпалына түсесіз, сон­дай-ақ өз халқыңыздың жағдайы жөнінде терең ойланбасаңыз, ол жайында басқалар «ойлай» бастап, біздің проблемаларды шешкен болып, өз мүдделерін түгендей бастайды.

Қазіргі тығырыққа тірелген қазақ қоға­мына да дұрыс бағытта даму үшін үлгі-парадигма ретінде бір үлкен идеяға сұра­ныс тұр. Біз ол идеяны дамыған батыс пен шығыстан іздейміз, отыз жылдан аса тәуелсіз деп аталатын кейінгі тарихымызда кімнің шапанын иығымызға жамылып, кімнің бөрігін басымызға киіп көрмедік, кебісіне де жабыстық, ол тек біреудің ба­тыcшыл, екінші біреудің шығысшыл бо­луына, тағы біреулер маргиналданып шетін жолға түсуіне, енді бірінің қара­ба­йыр­ланып орта ғасырға бет бұруына басқа да көптеген «-шылдар» мен «құлдықтарға» әкелді, нәтижесінде ұлттың бірлігіне нұқсан келді, бодандықтан жойылуға шақ қалған елдік құндылықтар одан сайын құлдырады. Біздің осындай болғанымызға «рушылдар», «жершілдер», «орысқұлдар», «арабқұлдар», «қытайқұлдар», «мәмбеттер» т.б. кінәлі болды. Біздің осылай бөліні­муізге сыртқы күштердің ықпалы бар еке­нін жоққа шығаруға болмас, дегенмен біз бәріміз өзіміздің ортақ кемшілігімізді тап­пай, бір-бірімізді кінәлаумен келеміз. Проблеманы тұтас көре алмай, бір бөлігін ғана байқап, біз ең бастысы өзіміздің қа­зіргі жағдайымызды дұрыс сараптап, баға­сын бере алмай отырмыз. Соның салда­рынан біз бәріміз сол Абай айтқан қия­­нат­шыл «жарым адам» қоғамында өмір сүруге мәжбүр болып отырмыз. Бір жақ­сысы, біздің бұл ортақ кемшілігімізді ал­тын хакім 120 жыл бұрын көрсетіп қойған: «Бұл қиянатшылар жарым адам, жарым молла, жарым мұсылман» (Ғақлиат тас­диқат, Ғ.Т.) «Жарым» деп хакім адам­гер­шіліктің жартыкештігін, адамдық қасиет­тің шалалығын айтып отыр. Сол қа­сиет­сіздіктен қоғамдағы қиянат бастау алады. «Сегіз аяқтағы» «Үш-төрт жылғы әдетің, Өзіңе болар жендетің» дегендей, сол жаман әдеттеріміз қисық мінез болып қалыптасып, өзімізге жау болып отыр. 

Енді артымызға бұрылып, қоржын ақтарып, дұрыс дамуымызға негіз болатын идея іздесек, өзімізде іске жарайтын не бар еді деп ой толғасақ және жалпы ондай талпыныстар болып па еді деп кейінге көз жіберсек, Алаш арыстары бірінші еске түседі, ал олардың бастауы неден басталып еді десек алтын хакімге келіп тірелеміз. Абайдан нені аламыз дегенде «толық адам» идеясы алдымыздан шығады, «жарым адам» қоғамын «толық адам» еліне айналдыру мақсаты көрінеді.

– Ұлт өзгерісі ұрпаққа қалай әсер етеді? Адам мен бала тәрбиесі туралы Абайдың айтқандарына не қосасыз?

– «Еуропа мәдениеттімін деп мақтан­ғанымен, мәдениеті өнерінде ғана, ал мінезі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ» деген Әлихан Бөкейханның айтқаны бар.

 Бірер ғасыр бұрын «өнер» деген сөздің мағынасы кең еді, кейін тілімізге «мәде­ниет» сөзі енгенде «мәдениет пен өнер» қатар айтыла келе, бүгін өнерді тек «му­зыка» деп түсіну қалыптаса бастады. «Жігітке жетпіс өнер де аз» деген мақалға қарасақ, ақылы бар адамға ғана тиесілі, өзіне де, адамзатқа да әр салада пайда келтіретін, руханиятты байытатын адам­ның іс-қимыл, қарекетімен жасалатын туындыны «өнер» деген. Бұл жерде Әлихан ғалым ретінде «өнер» деп технологияны айтып отыр. Ал технология – оқу-ғылым­ның туындысы. Бірақ оқу-ғылым жақсы болғанымен одан мінез түзелмейтіндігін айтып отыр Алаш арыстаны. Сонда Еуро­паның хайуандығы неде? Бізде бар, оларда жоқ не бар? Табиғатпен біте қайнасқан, тіпті көк шөпті босқа баспаған, қасқыр тұрмақ құмырсқаны босқа өлтірмеген, үйге кірген жыланға да тиіспей, басына сүт құ­йып үйден шығарған көшпелі бабаларымыз ақылымен де, күшімен де ғасырлар бойы әлемді мойындатқан, сөйте тұра жесірін жалғызсыратпай, жетімін жарылқаған, жеріне жауды жолатпаған, әділдігі мен мейірімділігі қоса жүрген мінезі – ұлттың негізгі құндылығы бар еді. Кейінгі ғасыр­ларда, бодандық уақытта әртүрлі соғыстар мен аштықтарда халықтың жақсы мен жайсаңы күресем, құтқарам деп бірінші қырылды, содан келесі ұрпақ нашарлап, яғни кері селекция жүрді. Қырылып азай­ған, тағдыр тепкісінен, жоқшылықтан өткен сол ұрпақ кешегі мінезінен, басты құндылығынан айырылып, басқаның құн­дылығына қызыға қарай бастап, әрі сол технология тұрмысты жеңілдеткендіктен, ал болмыс сананы билегендіктен, олардың технологиясымен қоса хайуандығын да құндылық ретінде қабылдап, өзгеріске ұшырап жатырмыз. Тәрбие кетіп, дәстүрді тастауымыз мұң екен, қызымыз некесіз туып, баласын дәретханаға тастады, ұлы­мыз қолына мылтық алып өзі хайуаннан асып, тірі жануар қалдырмай қыра бас­тады, гейлер мен лесбияндар шықты. Ба­уырмалдық жоғалып, ағайынның араласуы тоқтады, бір-біріне қарайласуды қойды, ажырасу, жүкті әйел баласын алғызып тастау нормаға айналды, толеранттылық деп тоғышарлыққа, жөнсіздікке төзу, адам құқы деп үлкенді, тіпті әке-шешесін сый­лау жайына қалды. 

Абай «Адам кім?» деп сұрақ қойған. Тән мен жан. Жанға көңіл бөлу керек еке­нін, «Сыртқа (тәнге) қасиет бітпей­тінін» айтқан. Бүгін біз де «Адам кім?» деген сұрақ қойып, Абайдың өзі жазып кеткен ілімін қолға алып, дамытып, ұрпақ тәр­бие­леуді түсінуіміз керек. Өзін тану, дү­ниені тану, Алланы тануды үйрету, адамгерші­лігіне зиян келтірмей пайда табуды, өз басына деген зияннан қашуды үйретуді ұлттық мектептерде мектеп, бала бақашада енгізіп, жолға қою – біз үшін ізгі мақсатың ең негізгісі. 

– Абайтанушылар қауымына не айтар едіңіз?

– Бүгінгі абайтанушылар жаңа техно­логияларды меңгеріп, көпшілікке жеткізу­дің цифрлық заманға сай әдістерін пай­далануы керек. Кітап оқу емес, TikTok заманында Абайға жақынбыз деп айту қиын. Сондықтан бүгінгі абайтанушылар да жаңа технологияларды меңгеріп, көпшілікке жеткізудің цифрлық заманға сай әдістерін пайдалануы керек. 

– Абайдың 180 жылдығында не мәселе баса ескерілуі керек?

– Әдеттегідей ас ішіп, аяқ босатып той тойлау емес, ақын шығармаларын әртүрлі форматта шығару, шынайы насихаттау, әрбір идеясына қысқаша фильмдер түсіру, шет тілдеріне сапалы аударуды ұйымдас­тыру, оқу орындарында оқушы, студент­терге идеяларының маңызын жеткізу сияқ­ты шаралар ұйымдастырылуы керек. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Гүлзина БЕКТАС