Ішкі істер министрі жариялаған Профилактика жылы аясында 18-21 ақпан аралығында республика аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ішкі істер министрлігі құқық бұзушылықтарға, оның ішінде жол қозғалысындағы заң бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастыра отырып, қоғамда «Заң және Тәртіп» қағидатын нығайту жөніндегі жұмысты жалғастыруда.
Негізгі мақсат – жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ ел жолдарындағы барлық бұзушылықтардың жолын кесу. Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ерекше назар аударылады.
Бірінші күні-ақ Солтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлерінің қырағылығының арқасында Жезқазған-Петропавл тасжолында жол жүрісі қағидасын бұзу фактісі тіркелді.
Жанармай құю стансасынан шыққан Volkswagen автокөлігің жүрісі полицейлердің назарына іліккен. Құжаттарды тексеру кезінде көлік міндетті техникалық тексеруден өтпегені анықталды. Сонымен қатар әкімшілік хаттаманы рәсімдеу барысында полицейлер алкогольдің иісін сезіп, жүргізуші медициналық куәландырудан өтті. Оның нәтижесі бойынша ер адамның алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Қызылжар аудандық сотының шешімімен жүргізушіге көлік құралдарын жеті жылға басқаруға тыйым салынып, 15 тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалды.
«Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы тұрақты негізде жүргізілетін болады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.