Жастар арасындағы халықаралық турнирде еліміздің 8 боксшы қызы финалға шықты

Жартылай финалда еліміздің атынан тоғыз боксшы сынға түскен.

Жастар арасындағы халықаралық «Адрия інжуі» турнирі Черногорияның Будва қаласында өтіп жатыр. Жартылай финалда еліміздің атынан тоғыз боксшы сынға түскен. Оның 8-і жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Біреуі қола жүлде иеленді. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясы хабарлады.

Олардың мәліметінше, Рахмина Абдумежитова (52 келі) Түркия боксшысын 5:0 есебімен жеңді. Енді ол финалда Ресей өкілімен кездеседі. Ал 57 келіде Ақнұр Тұрсынғали ресейлік қарсыласын 3:2, Регина Тибенява беларусьтік боксшыны 4:0 есебімен тізе бүктірді. Енді финалда қос қазақстандық бағын сынайды. 

Ел құрамасынан Алина Құдайгенова (63 келі) түрік қызын 5:0 есебімен жеңіп, енді финалда Ресей боксшысымен жекпе-жекке шығады. Сондай-ақ 66 келіде финалда тағы да қазақстандық екі боксшы шеберлік байқасады. Бұл салмақта Айсұлу Мұхит ресейлік қарсыласын 3:2, Ақбота Есімбекова әзербайжандық спортшыны 5:0 есебімен қапы қалдырды.

Ал Мария Сидоренко (70 келі) ресейлік қарсыласын мерзімінен бұрын жеңіп, енді ақтық жекпе-жекті түркиялық боксшыға қарсы өткізеді. Тағы бір спортшы Сабина Жақсылық (81 келі жоғары) әзербайжандық қарсыласымен жекпе-жекті алғашқы раундта аяқтады. Енді ол финалда түркиялық спортшымен кездеседі. Толғанай Қасымхан (60 келі) ресейлік қарсыласына жол беріп, турнирдің қола жүлдегері атанды.