Алматы қаласының Медеу аудандық сотымен «Қазақ Дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының» директоры Б.Байсеркин, оның орынбасары А.Әбішев және «Халықаралық жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының» директоры А.Толемісова сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.
Байсеркин өзінің орынбасары Әбішевтің көмегімен кәсіпкер Толемісовадан медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру жөніндегі консорциум шарты шеңберінде жұмыстар мен қызметтерді кедергісіз орындағаны үшін 5 млн теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот үкімімен Байсеркин мен Әбішевке әрқайсысына 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сол үкіммен Төлемісова аталған лауазымды тұлғаларға пара бергені үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік мекемелерде қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.