Әлеуметтік азық-түлік: бағаның өсу динамикасы баяулады және сауда үстемесін асырғандарға айыппұл қандай болмақ?
Азық-түлік бағасы тұрақтанды, енді бағаны көтерген кәсіпкерлерге ескерту берілмей, тікелей айыппұл салынады
Фото: gov.kz
365
оқылды

1 сәуірдегі мәлімет бойынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 0,3%-ға өсті, бірақ жыл басындағы өсімнен төмен, – деп хабарлайды Aikyn.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, 1 сәуірдегі жағдайға сәйкес,  әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалар индексі өткен аптада 0,3%-ға өсті. Жалпы, бағаның өсу динамикасы 2025 жылдың қаңтар және ақпан айымен салыстырғанда төмендеді. Өткен аптада нан, рожки, қарақұмық, күнбағыс майы, кефир және тұз сияқты тауарлардың бағасы тұрақты болды.  Сиыр еті, қырыққабат пен картоп бағасының аздаған өсімі байқалады. Жалпы, көкөніс бағасының өсуі маусымаралық кезеңге, қойма мен көлік шығындарының,  коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуіне байланысты.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін Үкімет жүйелі және бақылау шараларын қабылдауда, сондай-ақ нарықты толтыру шаралары жүргізілуде. Сауда және интеграция министрлігі саларалық үйлестіруді жүзеге асырады. Министрліктің маңызды міндетінің бірі - әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сауда үстемесіне мемлекеттік бақылау жүргізу.

2024 жылы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің бастамасымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне (ӘҚБтК) өзгерістер енгізу мақсатында ҚР Әділет министрлігі заң жобасын ұсынды. Осы өзгерістердің нәтижесінде 204-4 бапқа түзетулер енгізіліп, 2025 жылдың 13 наурызында күшіне енді.

Негізгі жаңалық – бірінші рет заң бұзғаны үшін бұрын ескерту берілетін болса,  енді бірден айыппұл салынады. Бұл өзгерістерге сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сауда үстемесін 15%-дан асырған жағдайда кәсіпкерлерге ескерту жасалмай, бірден айыппұл салынады. Бұрын, бірінші рет заңбұзушылық жасаған кәсіпкерге тек ескерту беріліп, айыппұл тек 1 жыл ішінде қайталанған жағдайда ғана қолданылатын. Енді бірінші рет заңбұзушылық үшін айыппұл мөлшері келесідей болады:

  • Жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес – 5 АЕК (19 660 теңге);
  • Орташа бизнес – 35 АЕК (137 620 теңге);
  • Ірі сауда желілері – 150 АЕК (589 800 теңге). Егер бір жыл ішінде заңбұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері екі есе артады.

Бұл өзгерістердің мақсаты – әлеуметтік маңызы бар өнімдерге баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және бағаның негізсіз өсу тәуекелдерін төмендету. Қазір сауда нүктелеріне бақылау күшейтілуде. Сонымен қатар әр кәсіпкер ӘМАТ-қа белгіленген 15%-дық шекті сауда үстемесі сақтауы тиіс.

Айта кету керек, 2023 жылдың сәуір айынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеу бойынша мемлекеттік бақылау функциялары әкімдіктерден ҚР Сауда және интеграция министрлігіне берілді. Бұл қадамнан кейін, бақылау күшейтіліп, нарықта негізсіз алыпсатарлықты жою бойынша жүйелі жұмыстар басталды.

  • 2023 жылы, өтпелі кезеңге қарамастан, алғашқы нәтижелер байқала бастады: 848 әкімшілік қаулы, оның ішінде 51 айыппұл (7 млн. теңге) және 797 ескерту.
  • 2024 жылы бақылау тетіктері белсенді іске қосылғанда көрсеткіштер бес есеге артты: 4384 қаулы, оның ішінде 284 айыппұл (16 млн теңге) және 4100 ескерту.
  • 2025 жылдың 20 наурызына дейін тіркелген деректер: 1189 қаулы, оның ішінде 70 айыппұл (5 млн теңге) және 1119 ескерту. Бұл мәліметтер берілген функциялардың тиімділігін және мемлекеттік бақылауды іске асырудағы жүйелі тәсілді көрсетеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM  арнасынан табасыз.