Сондай-ақ 500 млн-ға жуық мысық бар көрінеді. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық ұйымы хабарлады.
Жер бетінде 200 миллионнан астам иесіз ит бар
Фото: интернеттен алынды
315
оқылды

Бүгін – бүкіл әлемде Қамқорсыз жануарларды қорғау күні. Иесіз ит-мысыққа қатысты мәселе көп.   Халықаралық Four Paws жануарларды қорғау қоры иесіз хайуандарға қамқорлық көрсетуді қолға алған. Бұл ұйымның дерегі бойынша, көше кезген ит-мысық, әсіресе  Румыния, Болгария және Косовода көп. Оңтүстік-Шығыс Азияда да миллиондағаны қаңғып жүр. Кей елдер тіпті олардың етін саудалап, кәсіп көзіне айналдырған.  Бірақ бұл хайуандар көзі жәудіреп, мейірімді болып көрінгенмен, қауіптілері де бар. ДДСҰ келтірген дерекке сүйенсек, құтырған ит тістеп, соңы өліммен аяқталған жағдайдың 95 пайызы Африка мен Азияда тіркеледі. 

Грузияда қаңғыбас ит қаптады

«Иттер қаласы» Тбилисиде адамнан бұрын үй жануары көп. Олар да кәдімгі адам сияқты қоғамдық көлікпен жүреді. Ит-мысықты көшенің кез келген бұрышынан кезіктіруге болады. Жергілікті жануарларды бақылау агенттігінің мәліметіне сәйкес, Грузияда 500 мыңнан астам иесіз ит-мысық бар. Оның 30 мыңы осы шаһарда. Ал олардың 30 пайызы ғана стерилденген. Қалғанынан қауіп көп. Өйткені қаптаған хайуан алдымен ел экономикасына, туризм саласына кедергі келтіреді. Мәселені шешу үшін билік қаңғыбас хайуандарға қамқорлық көрсету бойынша «Үй жануары туралы» жаңа заң жобасын қабылдады.  

Кипрде мысықтарға арналған тамақтану орындары бар

Кипрде де солай. Халық санынан иесіз мысық көбейді. Кейінгі дерекке сүйенсек, Кипрде 1,3 млн адам қоныстанған. Ал иесіз ит-мысықтың саны 1,5 млн-ға жетіпті. Қайда қарасаң, қаңғыбас хайуаннан көз сүрінеді. Бірақ ел үкіметі де мәселеге бейжай қарамайды. Жергілікті жануарларды қорғау туралы заңға сәйкес, иесіз жануарды қамқорлыққа алу, чиптеу және стерильдеу көзделген. Сондай-ақ ел билігі қала көшелеріндегі әр стансада оларға арналған тамақтану орындарын орнатып жатыр.  

Марокко 3 млн ит-мысықты жаппай атуды жоспарлап отыр

Ал Марокко 2030 жылға дейін 3 млн-нан астам иесіз итті атуды көздеп отыр. Өйткені сол жылы бұл ел футболдан әлем чемпионатын өткізеді. Бірақ биліктің бұл шешімі белсенділер мен халықаралық ұйымдардың наразылығын тудырды. Сол себепті олар мәселеге Фифа халықаралық қауымдастығын араласуға шақырды. «Егер жануарларды жаппай қыру мақұлданса, спорттық сайысты өткізбеген жөн»,  дейді. Ал Марокко билігі бұл айыптауларды жоққа шығарып, жануарларды жаппай қыру жүзеге аспайтынын мәлімдеді.  

Француздар үйінде доңыз асырайды

Доңыз етін сүйсініп жейтін француздар енді хайуанды асырауды қолға ала бастады. Бұған дейін қожалықта етін өндіру үшін ғана күтіп-бапталған жануарға кейінгі жылдары жергілікті халықтың көзқарасы да, қатынасы да өзгерген. Енді оларға қамқорлық танытып, үйде асырауға қызығушылық танытып отыр. «Бастамаға қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру мен жануарлардың құқын қорғауға арналған жергілікті заң әсер еткен болуы мүмкін»,  дейді сарапшылар.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM  арнасынан табасыз.