Нұрғасым Әжітаев 293 атқыштар дивизиясы құрамында болып, екі жыл Ұлы Отан соғысында шайқасқан
Берлинді алуға шайқасқан мерген
352
оқылды

Рота старшинасы Нұрғасым Әжітаев 1925 жылы 1 қаңтарда Семей облысы Арбалы ауданы Сарқымас ауылында дүниеге келген.

Үш жылдан кейін отбасымен Құлжабасы деген жерге қоныс аударып, 1930 жылы ашаршылыққа байланысты Семейге көшкен. 1933 жылға дейін сол жақта тұрған. 1938 жылы еңбек ұжымшары құрылып, 7 жылдық  мектепте білім алған.

Сөйтіп, 1943 жылы 15 қаңтарда Жана-Семей аудандық комиссариатынан әскер қатарына шақырылған. Сол жылы Новосібір қаласының мергендер мектебін бітіріп, мамыр айынан майдан шегіне аттанады. 293 атқыштар дивизиясы құрамына еніп, екі жылдай, яғни 1943 жылдың мамыр айы мен 1945 маусым айы аралығында ұрыс алаңында болып, Берлинді алуға қатысқан. Тіпті, 1945 жылы Жапониямен қарсы соғысты және Курск доғасындағы шайқаста ерлігімен көзге түскен. 

Майдан алаңындағы батылдығы мен ерлігі үшін «Медаль за Победу»,  ІІ дәрежелі Отан соғысы ардагері, Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков медалі ғана емес, Жеңістің 55 жылдық құрметіне 1941-1945 жж. соғыс ардагері белгісі,  Жеңістің 55 жылдық құрметіне  1941-1945 жж. «Тың жерлердің негізі» медалі, «КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл» медалі, ҚР Президентінің атынан және аудан әкімшіліктерінің атынан алғысхаттар табысталған. 

Соғыстан кейін Нұрғасым Әжітаев Владивостоктың Артем қаласындағы әскери бөлімде комсомол ұйымында жетекші қызмет атқарып, ерен еңбегі үшін өлкелік мәдениет үйі Хабаров өлкесіндегі қызыл әскер ұйымының мұрағатында «Алтын әріппен атын жазылды» деген грамотасын табыстады.

1952 жылы отбасылық жағдайына байланысты Шар қаласына ауысады. Оғанға дейін Абыралы ауданы оқу бөлімінде әскери инспектор қызметінде болып, кейін Шар қаласындағы шаған стансасында жұмыс істейді. 1957 жылы Қайнар ауылына қоныс аударып, 1985 жылы зейнеткерлікке шығады. 

Бүгінде Нұрғасым Әжітаевтің 7 баласы, 10 немересі, 13 шөбересі бар.