Жаһандағы геосаяси ахуал күн сайын құбылып, шиеленіс көбейіп келе жатқан соқтықпалы сәтте Қазақстанның мәңгілік мүддесі – ел тыныштығы мен тұрақты даму болса керек.
Серіктестік – серпінді даму кепілі
378
оқылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясатқа байланысты ұстанымы да осы мүдде төңірегінде өрілетініне көптің көзі баяғыда-ақ жеткен. Мемлекет басшысының соңғы аптадағы жұмыс кестесіндегі кездесулер мен қабылдаулар да бұл бағыттан айнымады. Президент апта соңында Қазақстан ғана емес, күллі Еуразия кеңістігі үшін маңызды саналатын саммитке қатысты. Самарқандқа ат басын тіреген Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитінде сөз сөйледі.

Жалпы, Қазақстан мен Орталық Азияның әлем саясаты үшін периферия емес, маңызды геосаяси, экономикалық, көлік-логистикалық һәм экологиялық орталықтардың біріне айнала бастады. Қазір С5+ форматындағы кездесулер, саммиттер жиілей бастады. Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне Еуропа Одағының да, АҚШ-тың да, Қытайдың да, Жапонияның да, ислам әлемінің де, өзгенің де ерекше назары ауып тұр. Самарқандта өткен саммит соның тағы бір көрінісі. Осы жолы көне шаһарға еуропалықтар ат басын тіреді. 

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Еуропалық Кеңес Пре­зиденті Антониу Кошта, Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйен, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Пре­зиденті Сердар Бердімұхамедов, Еуро­палық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо қатысқан саммитте сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Кемелұлы геосаяси дүрбелеңдер мен жаһандық сын-қатерлер белең алған кезеңде Орталық Азия мен Еуропа Одағы арасындағы ықпалдастықтың өзектілігі арта түскеніне назар аударды.

Орталық Азия – транзит торабы

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мен Еуропа Одағының келешектегі күн тәртібіне қатысты өз ойын ортаға салды.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, сау­да-экономикалық байланыстарды ны­ғайтуға баса мән берген жөн деп са­найтынын айтты. Оның сөзіне қара­ған­да, Қазақстан ЕО нарығына жалпы құны 2 миллиард доллардан асатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев еуропалық ком­панияларды осындай жаңа жоба­ларды қаржыландыру үшін «Астана» ха­лықаралық қаржы орталығының алаңын пайдалануға шақырды.

Мемлекет басшысы энергетика сала­сын ынтымақтастықтың аса маңызды бағыты ретінде атады.

– Қазақстан – Еуропаға көмірсутегін жеткізетін сенімді серіктестердің бірі. Еу­ропа Одағы шетелден импорттайтын мұ­найдың 13 пайызға жуығы біздің елі­міз­ге тиесілі. Оның басым бөлігі Каспий құ­­быр консорциумы (КҚК) арқылы та­сы­малданады. Еуропа Одағы аталған кон­сорциумның тұрақты әрі ұзақмер­зімді жұмыс істеуіне қолдау білдіріп отыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Де­ген­мен шикізат тасымалдаудың бала­ма жолдарын да дамытамыз. Қазақстан жаңартылатын қуат көздері мен эко­логиялық таза отын жобаларын жүзеге асыруға кірісті. Total, Eni, Svevind секілді бұрыннан келе жатқан серіктестерімізбен және басқа да еуропалық компания­лармен бірге жел, күн электр станса­лары­ның қуатын арттырып, «жасыл» су­тегі өндірісі жобасын қолға алдық. Бұ­дан бөлек, Қазақстан Өзбекстан және Әзер­байжан елдерімен бірлесіп, «жа­сыл» энергияны Каспий теңізі арқылы Еуропа нарығына жеткізетін біртұтас электр желісін салу бойынша ірі жобаны бастады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікі­рінше, сирек кездесетін минерал­дарды игеру саласындағы ынтымақ­тастықтың стратегиялық маңызы зор.

Бүгінде Қазақстанда Еуропа Одағы экономикасына қажетті 34 шикізаттың 19 түрі өндіріледі. Оның қатарында уран, титан, мыс, литий, кобальт, вольфрам және басқа да көптеген элемент бар. Сонымен қатар еліміз Еуропалық қайта құру және даму банкімен арадағы келісім бойынша геологиялық барлау саласында бірлескен жобаларды іске асырып, кен игерудің озық тәжіри­бесін енгізіп жатыр. Бұл ретте Пре­зидент Астанада Сирек кездесетін металдарды зерттейтін аймақтық орталық құруды ұсынды. Аталған ғылыми мекеме кәсіпорындар мен инвесторларды игеруге болатын ке­ніш­тер, технологиялардың дамуы ту­ралы өзекті ақпаратпен қамтамасыз етеді.

Мемлекет басшысы Орталық Азияның Шығыс пен Батыс арасында тиімді жеткізу тізбегі қалыптасқан транзит торабына айналуға мүмкін­дігі бар деп санайды. Былтыр Транс­каспий халықаралық көлік дәлізімен контейнер арқылы тасымалданған жүк көлемі 62 пайызға артып, 4,5 мил­лион тоннаны құраған. 2027 жыл­ға қарай жүк көлемін он миллион тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа Одағының Орталық Азия өңіріндегі орнықты көлік байланысының дамуына оң септігін тигізіп отырған Global Gateway стратегиясына қолдау білдірді.

Қазақстан декарбонизация бас­тама­ларын белсенді жүзеге асырып келеді. Президент еліміздің әлемдегі ядролық отынның 40 пайызға жуы­ғын қамтамасыз ету арқылы таза энер­гия өндірісінде маңызды рөл ат­қара­тынын айтты. Былтыр Қазақ­станда Климаттың өзгеруі және жа­сыл энергетика бойынша Жобалық кеңсе ашылды.

Мемлекет басшысы цифрлық технология мен жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне айрықша тоқтал­ды.

– Қазақстан аталған салаларға инвестицияны арттырды. Жыл ба­сында Президент жанындағы Жасан­ды интеллект жөніндегі халықаралық консультативтік кеңестің негізі қа­лан­ды. Қазір елімізде 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлауды көздейтін ауқымды бағдарлама басталды. Астанада Alem.ai жоғары техно­логиялар орталығын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол инновацияны енгізумен, стартаптарды қолдаумен және осы салада зерттеулер жүр­гізумен айналысады. Бұдан бөлек, біз жасанды интеллект саласының дамуын жеделдету үшін Венчурлік қорды іске қостық. Еуропа Одағы Team Europe бастамасы арқылы Орталық Азия елдеріне цифрлық технологиялар саласындағы ынты­мақ­­тастықты өркендетуге көмек көр­сетіп келеді. Қазақстан бұл ба­ғытта тәжірибе алмасуға дайын. Осы орайда Astana Hub базасында «Орта­лық Азия – Еуропа Одағы» инно­вациялық кампусын ашуды ұсына­мын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Еуропа Одағы еліміздің ғылым және білім саласындағы маңызды серіктесі екенін атап өтті.

– Мемлекеттеріміз Erasmus+, Horizon Europe бағдарламалары және тағы да басқа бастамалар аясында ынтымақтаса жұмыс істеп келеді. Қазақстанда отыздан астам шетелдік университеттің бөлімшелері ашылды. Бұл елімізде академиялық білімнің өркен жаюына ықпал етеді. Біз грант­тар мен стипендиялар санын көбей­туге мүдделіміз. Мұндай бірлескен бағдарламалар бірқатар Еуропа елімен жүзеге асырылып жатыр. Жасанды интеллект, су ресурстарын басқару, биотехнология секілді маңызды салаларда маман даярлауға басымдық беретін «Орталық Азияға арналған Erasmus+» бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы орнықты дамудың басты кепілі саналатын халық­аралық қауіпсіздік пен тұрақ­ты­лықтың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан теңге­рімді сыртқы саясатты берік ұстанады және барлық мүдделі мемлекет­термен, негізгі халықаралық құры­лым­дармен, соның ішінде Еуропа Одағымен ынтымақтастықты кеңей­туге ниетті.

Елдестіруді көздейтін елміз

Қазақта «елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан» дейтін аталы сөз бар. Көнеден келе жатқан, бұрынғылардың өз дәуіріндегі дипло­матияға берген бағасы болса керек. Қазір бұл ұстаным өзекті бола түсті. Адамзат баласы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өзара пәтуаласып, халықаралық құқық пен ережелердің белгілі бір нормаларын жасақтағаны­мен, соңғы кездері жағдай өзгеріп барады. Түрлі оқиғалардың байыбына бармай байбалам салатындар, «тентек шоқпар жинайды» дейтін ұстанымға жүгінетіндер көбейген. Ал мұндай ахуалдың түбі жақсылыққа апара қоймауы мүмкін. Сондықтан Қазақстан Президенті түрлі мәселені тек  дипломатиялық жолмен шешу қажет екенін ұдайы айтып келеді. Сонымен қатар БҰҰ-ны реформалау, «орта державалардың» рөліне назар аудару, шиеленістерді байыппен шешуді де алға тартып, ұсынып келеді. Самарқанд саммитінде де осы ұстанымынан айныған жоқ. 

Қасым-Жомарт Кемелұлы жаһандық тұрақсыздық шиеленісе түскен кезеңде әлемдегі күрделі оқи­ғаларға баға беруде барынша байып­тылық танытып, жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сондай-ақ ол барлық елді БҰҰ Жар­ғысы мен жалпыға ортақ халық­аралық құқық қағидаларын мүлтіксіз сақтау үшін барынша күш-жігер жұмылдыруға, сондай-ақ Бас хатшы Антониу Гутер­риштің қызметіне қолдау білдіруге үндеді. Ұйымның құрылғанына 80 жыл толған сәтте мұның өзектілігі арта түседі.

Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев Украинаға қатысты келіссөз процесіне қолдау білдірді.

– Қазақстан кез келген қақ­тығыс­тың бейбіт жолмен шешілуін жақтайды. Сондықтан Украинаға қатысты келіссөздердің басталуын құптаймыз. Мәселенің күрделі екенін түсінеміз. Дегенмен шиеленіс оң шешімін табады деп үміттенеміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталықты құру туралы қарарды бірауыздан қабылдағанын айтып, жиын қатысушыларына Қазақстан­ның бастамасын қолдағанына риза­шылық білдірді. Оның пікірінше, Орта­лық Ұйымның 2030 жылға дейін­гі күн тәртібін ілгерілетуге, өңір­дегі өзекті әлеуметтік, эко­номикалық және экологиялық мәсе­лелерді шешуге елеулі үлес қосады.

Ардақ СҰЛТАН