Қазақстан ұзақ уақыт салық режимі ең тиімді елдердің қатарында болды. Толықтай «салық офшорына» айналып кетпесек те, кәсіпкерлер салықтан жалтарудың түрлі амалын ойлап тапты.
Айбар Олжай, қаржы сарапшысы: Жаңа кодекс – салық жүйесіне арналған шок терапия
699
оқылды

Мұнай бағасы дәуірлеп тұрған кезеңде мемлекет салаға серпін беруді көздеп, кейбір кемшілікке көз жұма қарауға қауқарлы болатын. Дегенмен жүйені жетілдіріп, әділдік қағидаттарын нығайтатын кез жетті. Салық реформаларына қатысты жаңашыл өзгерістер енгізілмек. Бұл реформалар кәсіпкерлік ортаға, сондай-ақ экономиканың жалпы құрылымына жаңа ықпал етіп, мемлекеттік бюджетті тұрақтандыруға бағытталған. Дегенмен жаңа өзгерістер қоғамда толқыныс туғызып, қызу талқыға түсті. Қаржы жөніндегі сарапшы Айбар Олжай әлеуметтік жауапкершілігі жоғары ел боламыз десек, салықтың салмағы да ауыр болатынын ұмытпау қажет екенін айтады. Салық жүйесіндегі басты өзгерістер, олардың шағын және орта бизнеске әсері, сонымен қатар реформалардың экономикалық тиімділігі туралы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Айбар мырза, сұхбаты­мыз­ды мәселенің туындауына себеп болған жайттан бастасақ. Қа­зір салық жүйесін түбегейлі реформалауға неліктен мәжбүр болып отырмыз?

– Мемлекеттік қаржы дағ­да­рысы деп аталады. Эко­но­ми­када осындай термин бар. Біз­де мемлекеттік қаржының кі­рісі мен шығысында үлкен айырмашылық бар. Бұл тең­сіздік арасы жыл сайын ал­шақ­тап келеді. Белгілі бір уа­қыт ара­лығында бұл ал­­­шақтықтың орнын Ұлттық қор қаражаты есебінен жауып келдік. Бірақ жағ­дай әрі қарай осы қар­қын­мен кете берсе, біріншіден, біз ешқашан ҰҚ қаражатын 100 млрд АҚШ долларына жеткізе алмаймыз, екіншіден, қазір қорда бар 60 млрд қаржының өзін азайтып алу қаупі басым. Онда біз өз болашағымызға өзіміз балта шапқандай болар едік. Қазір белгілі бір қатаң ша­ра, яғни бағытымызды 180 гра­дусқа ауыстыру секілді шок-реформалар қабылдау қа­жет. Барлық реформа жүйе­ні түп-тамырымен өзгерту ар­қылы ғана жүзеге асыры­ла­ды. Себебі қолданыстағы Са­лық кодексі 2000 жылдардың басында мұнай бағасы жоғары сол кезеңге лайықталып жа­сал­ған болатын. Ол уақытта мұ­най бағасы өте жоғары бол­ғандықтан, қазынаға аса жо­ғары пайда әкеліп отырды. Ал кәсіпкерлердің табысынан түсетін азын-аулақ салық мөл­шерін мемлекет менсінген жоқ. Сол себепті кәсіпкер­лер­ге салмақ салудың қажеті жоқ деп танып, көптеген салықтық жеңілдік ұсынды. Сонымен қа­тар әлеуметтік шығын мөл­шері де қазіргідей көп болған жоқ. Уақыт өте келе белгілі бір оқиғалардың салдарынан атау­лы-әлеуметтік көмек ен­гізілді. Сол уақытта Са­лық кодексіне реформа жа­салған жоқ. Қанша шығыс шы­ғады, кірісті  де соған теңестіру үшін салық жүйесін өзгертіп, сол сәттің өзінде-ақ халыққа тү­сін­дірген абзал болатын. «Мі­не, біз атаулы әлеуметтік көмек ен­гіздік, сәйкесінше, оның ор­нын толтыру мақсатында са­лық­ты көтеруге мәжбүрміз» де­ген сияқты мәлімдеме жасау ар­­қылы халықпен ортақ мә­мі­леге келуге болар еді. Бірақ мем­ле­кет тағы да халық наразылы­ғы­нан қорқып, бүгін жасалуы тиіс болған қадамдарды кейінге қал­дыру арқылы осындай дағ­да­рыс­пен бетпе-бет келіп отыр­мыз. 

– Кәсіпкерлер пандемия ке­зін­де енгізілген жеңілдіктерге де бой үйретіп алған жоқ па? 

– Психологияда  мынадай заң­дылық бар: адам қандай да бір игілікке қол жеткізген соң одан бас тарта алмайды. Оның уа­қытша екенін алдын ала білсе де, мерзім сәті келгенде сол игі­лікті қайтарып алу оған тартып ал­ғанмен бірдей әсер қалды­ра-­ды. Біз де қазір осындай пси­хо­логиялық парадоксты бастан ке­шіріп жатырмыз. Сол панде­мия кезінде кәсіпкерлерге қиын­­­дықтан шығу үшін берілген жеңіл­діктер де үнемі солай болу­ға тиіс сияқты қабылданды. Са­­­­лыстыра отырып қарасақ, кей ел­дерде расымен де салық тө­мен. 1-2 пайыз мөлшерінде ғана. Бірақ сол мемлекеттер тіпті зей­нетақының өзін төлемейді. Мұн­дай елдер өздеріне еш­қан­дай әлеуметтік жауапкершілік арқаламайды, «өз күніңді өзің көр» деген позиция ұстанған. Сәй­кесінше, азаматтарына еш­теңе бермейді, олардан ештеңе ал­майды. Бар-жоғы 1-2 пайыз мөл­шерінде салық төлеп отырса болды. Ал Еуропа елдері сияқты 40-50 пайыз салық алатын ел­дер­дің әлеуметтік жүктемесі де сон­дай үлкен. Атап айтқанда, жұ­мыссыздық жәрдемақысы, жо­ғары мөлшердегі зейнетақы, атаулы әлеуметтік көмек секілді бас­қа да жеңілдіктер кездеседі. Біз Азия елдерінде кездесетін са­лықтық жеңілдіктерді енгізіп алып, әлеуметтік жауапкершілігі өте жоғары жүйенің нәтижесіне ұм­тылдық. Сол себепті қазір бюд­жеттің тігісі сетінеудің аз-ақ ал­дында тұр.

– Жаңа қазіргі реформа – са­лық жүйесіне арналған шок тера­пиясы деп айтып өттіңіз. Бұл шара­л­ардан ұзақмерзімді перс­пек­тивада қандай нәтиже күтуге болады?

– Дәл қазір жасалып жатқан ре­формалар бізге апатты жағ­дай­дың алдын алуға ғана бағыт­талған. Бұл шаралар бюджеттің кіріс-шығысын теңестірмейді. Тек  10 трлн теңге көлеміндегі ал­шақтықтың арасын азайтуы мүм­кін. Тіпті, енгізілетін өзге­ріс­тер қазынаға 3 трлн теңге алып келген күннің өзінде бюд­жет­тің кірісі мен шығысы сеп­те­се алмайтынын көріп отыр­мыз. Бұл «мұнай табысынан тыс тап­шылық» деп аталады. Қазір осы көрсеткішті 7 миллионға қыс­қарту – басты мақсат. Соңғы уа­қытта мемлекет осы бюджет тап­шылығын жабу үшін қарыз­ды тым көп алатын болды. Ұлт­тық қордан 5,6 трлн теңге ала­мыз, 7 трлн теңге қарыз аламыз. Рес­публикалық бюджет – бұл бір­жылдық шығындар, оның ішін­де жол салуға кететін, мек­теп мұғалімдерінің жалақысы мен зейнеткерлердің жалақысын төлейтін қаражат. Сәйкесінше, ол бүгін ғана пайдаланатын ақ­ша. Демек, біз бүгін тұтынған қара­жатымыздың орнын бүгін толтыра алмай отырмыз. Демек, дәл қазіргі өзгерістер ұзақмер­зім­ді перспективадағы мәсе­ле­лерді шеше алмайды. Бюджеттің кіріс бөлігін көтеру үшін салық­ты көтерумен қатар, оның шы­ғыс бөлігін де шектеп тастау қа­жет. Бірақ дәл қазір оны қыс­қарта алатындай қауқарымыз жоқ. Себебі бюджеттің 75 пайы­зы тікелей төлемдер: жалақы, зей­нетақы, атаулы әлеуметтік кө­мек, стипендиялар. Сонымен қа­тар бұл төлемге мұқтаж адам­дар­дың саны да күн санап артып келеді. Қазірдің өзінде қазақ­стан­дықтардың қатарына шама­мен жылына 350-400 мың жаңа адам­дар қосылады. Оның бар­лы­ғын қамтамасыз ету қажет. Жүйе күннен-күнге кеңейіп ке­­ле жатқандықтан, шығындар­ды қысқарту мүмкін емес. Сон­дық­тан экономистер тарапынан әзірге жалақыны индекса­ция­лау­ды қоя тұрып, қазіргі шы­ғын­дарды арттырып алмауға күш берген абзал деген пікірлер кездеседі. 

– Осы тұста екі сұрақ туын­дай­ды. Біріншіден, бюджеттің кіріс-шығысын теңестіру үшін не істеу қажет, екіншіден, реформа жүргізу арқылы бюджеттік дағ­да­рыстың салмағын шағын кәсіп­керлерге артып қоймаймыз ба?

– Егер са­лық мөлшерлемесін тым арт­тырса, салық төлейтін кә­сіпкер қал­майды немесе олар­дың саны күрт азаяды. Бұл фе­номенді «Лаф­фер сызығы» не­месе «са­лық­тың кері әсері» деп те атай­ды. Сондықтан мұндай жағдайда тең­герімді ұстау өте маңыз­ды. Біз кәсіпкерлерге ті­ке­лей қатыс­ты салық – «кор­поративті табыс са­лығы» мен «жеке табыс са­лы­ғын» көтеріп жатқан жоқпыз. Оны да көтерер болса, бизнеске үл­кен қауіп төнген болар еді. Ал ҚҚС бұл кә­сіпкерлерге емес, ол тауар мен қыз­мет құнына са­лы­на­ды. Мы­салы, кәсіпкер на­рық­қа шығара­тын тауардың бағасы 1000 теңге болса, оған 16 пайыз­дық ҚҚС үшін 160 теңге қосып са­тады. ҚҚС бизнестің тұралап қал­мауы­на бағытталған адап­тив­ті салық. Демек, бұл халыққа са­лынған салық дер едім. Сон­дық­тан оның 12-ден 16 пайызға кө­терілгенінің негізгі салмағы ха­лыққа түседі. Демек, бизнес өл­­мейді, бірақ қымбатшы­лық­тың қамытын киетініміз анық. Екіншісі, бұл импортқа салын­ған салық деп аталады. Әсіресе, біздегі тауарлардың көпшілігі – импорт. Сондықтан мемлекет, егер импортты тұтынатын болса, сәйкесінше көбірек салық төлеу қажет деген қағиданы ұстанып отыр. Ал отандық тауарларды шығарушыларға ешқандай са­лық салынбайды. Елімізде өнім шығарып, оны экспорттайтын кә­сіпкерлер үшін ҚҚС мөл­шері – 0 пайыз. Бұл жерде екі маңыз­ды мәселені айта кету­ге бо­лады. Біріншісі, халық им­порт­ты көп тұтынған үшін сол та­­бы­сынан кәсіпкер мемле­кет­пен бөліседі. Екіншіден, аза­мат­тарға отандық өнім шығарумен ай­налысуға сигнал беріп отыр. 

– Демек, осы арқылы мем­ле­кет өңдеуші сектордың дамуына сти­мул беріп отыр деп айта ала­мыз ба?

– Иә, өйткені енді өндіру­ші­лер үшін Қазақстанда тауар шы­ға­рып, оны шетелге экспорттау өте тиімді бола түседі. Өйткені ҚҚС жоғары болғандықтан, отан­­­­­­дық өнімдер бәсекелестігі жо­ғары, бағасы арзан болады. Бұл инвесторларды тартудың да бір амалы дер едім. Өйткені им­порт­­тық тауарлар үшін ҚҚС 16 ал жергілікті өнеркәсіп үшін 0 пайыз. Сонымен қатар циф­р­лан­­­дырудың әсерінен ҚҚС экс­портшыларға қайтару жолы жеңіл­детілді. Осыған дейін кә­сіп­­кер ҚҚС бірінші төлейтін, со­­сын оған қайтарып беретін. Қа­зір бұл процесс жылдам жү­зе­ге асырылатындықтан, кәсіп­кер­дің айналымға салатын қара­жа­ты қалтасында болады.  

– Елдегі 2,3 млн ШОБ иеле­рі­нің көпшілігі белсенді қызмет ет­пейді екен. Шын мәнінде, ЖІӨ үле­сіндегі бұл кәсіпкерліктің рөлі қан­дай қазір?

– Қазір ел экономи­ка­сын­да­ғы ШОБ үлесі 20-30 пайыз ара­лы­ғында. Қалғанын өңдеуші сек­­­тор, мұнай және металлургия, кен өндіру салалары құрайды. Орта бизнестің өзі ғана 7 пайыз­ды құрайды. Қалғаны 20-21 пайыз шағын бизнес. Алдағы уа­қытта қазір талқыланып жат­қан өзгерістер енгізілсе, осы ор­­та бизнес өкілдері көбейетін бо­лады. Себебі бұрынғы салық режиміне сәйкес бір бинес өзін 4 шағын кәсіп иелеріне бөліп, ар­найы салық режимімен жұмыс іс­тейтін. Нәтижесінде, 3 пайыз ға­на салық төлеп, ҚҚС төлей­тін­дердің қатарынан да тыс қа­лып келді. Сондықтан статис­ти­кадағы орта бизнестің де үлесі аз бо­лды. Енді оған бөлінудің қа­жет жоқ, өйткені ҚҚС шектік ме­жесі 15 млн теңгеге түскеннен кейін екеуі де бірдей салық ре­жи­­мімен жұмыс істейді. Төрт же­ке кәсіпкерліктің бәріне бір­дей 4 бухгалтер ұстап, есеп жүр­гізудің қажеті қанша?! Осы­лай­ша, олар алдағы уақытта ірі­­­­­леніп, саны да көбейе бастайды. Сон­дықтан алдағы уақытта шағын кәсіптің статистикасы азайып, орта кәсіп иелері артатын болса, оған аса бір мән беріп қажет емес. Өйткені оның барлығы ста­тистикалық ойын және бізде шын мәніндегі шағын кәсіп­кер­лер саны көп емес. Алдағы уа­қыт­та ешқандай салықтық оп­ти­мизация жасайтын саңы­­лау­­лар қалмайды да, бәрі өз орнына қай­тып келетін болады.

– Салықтан жалтару үшін бизнестің бөліну үрдісі бар екенін мемлекет қандай негізге сүйеніп айтып отыр?

– Мемлекеттік кірістер ко­ми­теті контрагенттердің желісі ар­қылы бұл процесті оңай анық­тай алады. Мысалы, олар бір-бірі­мен тауар қызмет алмасу ке­зіндегі шот фактуралар айн­а­лы­мын бақылай отырып, қай биз­нестің қалай бөлінгенін біліп оты­рады. Ірі бизнес өз тауарлары мен қызметтерін серіктестеріне (контрагенттеріне) сатады. Ал се­рік­тестер бұл қызметтерден түс­кен табыстан тек 3% салық тө­лейді. Қалған ақшаны диви­денд ретінде қайтарады, яғни пай­дасын өзара бөліседі. Осы­лай­ша, олардың қаржы айналы­мы ашық көрініп тұрады. Мем­ле­кеттің қолында бұл ста­тис­тика­ның барлығы бар. Бірінші тран­закциялар шлюзінен, екінші шот фактуралардан, үшінші ак­ті­лер мен келісімшарттардың жа­салуынан қарайды. Үкімет үшін бұл мәселе бұрыннан бел­гілі. Біздегі салықтан жалтару «есік­тері» деп аталған бұл қи­тұр­қы жүйені ірі бинес қолдана ал­ған жоқ. Бірақ орта бизнес 20 пайыз КТС төлемей, 3 пайыз тө­леп, осы салық режимін «жақ­сы» пайдаланды.

– Салық реформасы Қазақ­стан мен одақтас елдері арасында тауар айналымына қалай әсер етуі мүмкін? Қазір дүкен сөре­ле­рінде көбіне ресейлік, беларусь­тік тауарлар кездеседі.

– Қазір отандық өнімдеріміз іш­кі нарықтың сұраныстарын то­лық қамтамасыз ете алмай отыр. Белгілі бір тауар позиция­ларын­да қазақстандық өнімдер жет­кілікті болса, кейбір қант, жар­ма, сүт және ет өнімдеріне кел­­­генде одақтас елдердің өнім­де­ріне тәуелді болып отырға­ны­мыз рас. Одан шығудың бір ғана жо­лы бар, ауылшаруашылық са­ласындағы өнеркәсіп орын­дары, сүт фермалары жүйесін да­мыту. Бір кездері оған да ба­сым­дық бергенімізбен, өкінішке қа­рай, толыққанды жүзеге асы­ра алмадық. Әсіресе, желі ре­тін­де дамыту үшін арнайы құрыл­ғы­лар мен сүт сақтайтын цис­­­терналар қажет болды. Сондықтан бұл индустрияны жолға қоя алмадық. Ал Беларусьте бұл индустрия мем­лекеттік деңгейде жақсы жол­ға қойылған. Өзіміз шыға­рып оны сата алмай отырсақ, бұл әрине парадокс болар еді. Өзі­мізде өндірілетін өнімдерді де шетелден алып тұтынып отыр­­сақ, әңгіме басқаша болар еді. Ал қазір импорттап отырған тауарлардың көпшілігі елімізде өндірілмейтін тауарлар. Кейде тіпті көрші елдерден көбірек қант, ірімшік, сүт өнімдерін экс­порттауға мәжбүрміз.

– Парламент депутаттары ал­­дағы уақытта Жаңа салық ко­дексінің жобасын талқылау ба­ры­сында кәсіпкерлер қоғамдастығы тарапынан айтылып жатқан ұсы­ныстар қаншалықты ескерілуі мүмкін?

– Мемлекетке теңгерімді ба­ланс қажет. Кәсіпкерлерге сал­сақ, әрине, салықты төлемей, кре­­­­­диттік каникулдар мен суб­си­диялар ала беруден ешкім бас тартпайды. Олар да ары қарай да­­мып, өз бизнесін барынша қор­­­ғауға әзір. Оған да түсініс­тік­пен қараймыз. Бірақ сол се­кілді мем­лекеттің де өзіндік мүд­десі бар, ол бюджетті қалып­тастыру қа­жет, салықты жинап оны тиім­­ді үлес­тіру қажет. Сон­дық­тан мемлекет пен кәсіп­кер­лер ара­сында сауда жүреді. Мем­ле­кеттің де асып кетпеуі тиіс бел­гі­лі бір қызыл сызығы, межесі бар. Одан асып түсе алмайды. Кә­сіпкерлердің де өзіндік ұсы­ныс­тары бар. Парла­ментте осы мә­селе аясында сауда жүреді, қызу пікірталас пен мә­лім­­де­ме­лер болады. Депутаттар ара­сын­да да бизнестен келген азаматтар бар. Кәсіпкерлердің сөзін сөй­лей­тін партиялар бар. Олар да биз­нестің жоғын жоқтап, сөзін сөй­лейді. Сондықтан қоғам қызу дебатқа куә болуы мүм­кін. Онсыз Парламент Пар­ла­мент болмайды. Үкімет дәл осы тұста өзінің орнықты аргу­мен­тін айтып халыққа, депу­тат­тарға жағдайды толық си­пат­тап, түсіндіруі қажет. 

– Кәсіпкерлер нақты қандай талаптар қойып отыр?

– Менің бір естігенім, ҚҚС тө­лейтін кәсіпкерлерге ар­нал­ған шектік межені 15 миллион емес, 30-35 млн теңге көлемін­де қалдыру. Бастапқыда Үкімет ҚҚС мөлшерін 20 пайызға кө­теру туралы ұсыныс айт­қан­да кәсіпкерлер 15-16 пайызға түсіруді сұраған. Мемлекет осын­дай саудаласу маневрін жа­сау арқылы халықты өзіне тиім­ді шешімге үйрете алды. Би­ліктің қазіргі негізгі мақ­са­ты – шектік межені төмендету ар­қылы бөлшектік салық тө­лей­тін экономикалық қызмет түр­лерінің жалпы класси­фи­ка­торын (ЭҚЖК – ред.) көбейту. Ен­ді шектік меже 15 млн тең­геге дейін төмендесе, көптеген кәсіпкер ҚҚС төлеушілердің қа­тарына ілігіп қалады. Сон­дық­тан олар міндетті түрде бас­қа жол іздейді. Дәл осы жер­де бөлшектік салық төлей­тін қызмет түрлеріне ауысуға мү­м­кіндік іздейді. Сол себепті бұл салық түрін төлейтін қыз­мет түрін 40 деп белгіледі. Де­пу­таттар жеке кәсіпкерлік ар­қы­лы өзін-өзі асырап жүрген азаматтар ҚҚС төлеушілер қатарына ілігіп қалмауы үшін осы тізімнің жалпы санын 60-70-ке жеткізу туралы ұсыныс ай­туы мүмкін. Бұл өте орынды да. Өйткені ҚҚС-тің шектік ме­жесін төмендетудегі негізгі идея шағын кәсіп иелерін қысу емес, орта бизнестің бөлінуіне шек­теу қою болатын. Сон­дық­тан ЭҚЖК мәселесінің де тиім­ді шешімін табу қажет. Егер барлығын қайта осы қыз­мет қатарына қосып жіберер бол­сақ, баяғы бөлініп жүрген кә­сіпкерліктер ары қарай да сол бөлінуін жалғасыра бер­мек. Осылайша, 4 пайыздық бөл­шек салыққа ауысып ала­ды. Нәтижесінде, біздің Салық ко­дексіне жасаған реформа­мыз­дан ешқандай нәтиже шы­ғара алмауымыз мүмкін. Ең бастысы, бізге орта бизнестің бөл­шектенуін тоқтатып, ша­ғын кәсіп иелеріне де зияны­мыз­ды тигізіп алмау қажет. Пар­­­ламент пен Үкімет барлы­ғын жіті талқылап, ортақ ба­ланс­ты сақтайтын әділ шешім шы­ғаруы керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Кәмила ДҮЙСЕН