Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін көтерген картина 1,8 млрд теңгеден астам касса жинап, қоғамда үлкен резонанс тудырғаны есімізде. Бюджеті ұнады ма, әлде бағыты қызық болды ма белгісіз – отандық киногерлердің қорқынышты фильмдерге көзқарасы өзгере бастағандай.
Хоррор жанрындағы картина күні кеше ғана көптің қызығушылығын тудырғанымен, соңғы онжылдықта бұл бағытта бірнеше фильм көрермен назарына ұсынылған. Мысалы, 2013 жылы Еркін Рақышевтың «М-агенті» шықты. Фильм сюжеті қарапайым: жол апатынан қаза тапқан әйел «М-агент» мессенджерінде танысқан адамдарын бірінен кейін бірін өлтіреді. Идеясы – өліміне кінәлілерді жазалай алмаған құқық қорғау органдарына ренжулі марқұмның кегі арқылы аталмыш жүйедегі олқылықтарды көрсету. Әлеуметтік астары айтылғанымен, қорқынышты жанрдың қалыбын бере алмады. Кейін 2014 жылы Самат Базыханов пен Еркебұлан Жолдасовтың «Фуга: дороги в никуда» көрерменге ұсынылды. Киношолушылар бұл туындыны «көбірек комедияға ұқсайды» деп сынады. Бұдан соң 2018 жылы бес бірдей картина – «Қаракөз» (Роман Сидоренко, Максим Якобчук), «Проявление» (Нұрлан Батыров, Нияз Абдығаппар), «Қараман» (Дастен Шакиров), «Во мраке» (Данияр Ақшабаев), «Заклятие оракула» (Бақтияр Сейтқазиев) жарыққа шықты, бірақ хоррор сүйетін қауымның үмітін ақтай алмады. 2024 жылы көрерменге ұсынылған Қайрат Темірғалидың «Алас» веб-сериалы хоррор жанрында қазақ мифологиясын сөйлетуге тырысты. Презентациясы керемет болғанымен, фильмнің өзі сол деңгейге жете алмады. Дәл сол сияқты Олжас Баялбаевтың «Взаперти» туындысы да жағдайды түбегейлі өзгерте алған жоқ.
«Дәстүр» дәстүрді бастап берді
Хоррор – жылдар бойы отандық кинематографистерге бой бермей келді, әйтсе де, 2023 жылдың соңында бұл бағытта түсірілген «Дәстүр» фильмі алғаш рет көрерменіне ұнады. Несімен?
Бұл туынды танымал «Ирина Кайратовна» тобының режиссері Қуаныш Бейсектің дебюті болды және киносыншылардың лайықты бағасын алды. Киношолушы Ғалия Байжанованың пікірінше, хоррор жанрындағы кез келген туынды үшін аса маңызды аспект – әлеуметтік астарының болуы. «Дәстүр» фильмін тартымды еткен дүние – оның жергілікті менталитетті «жерсіне» алуы, яғни күнделікті тұрмыстағы қорқыныш, ырым-тыйым, діни сенімнің шынайы берілуімен ерекшеленді.
«Еліміздегі хоррор фильмдерді сәтсіз ететін себептердің бірі – мұсылмандық, қазақы ортаның сайтани қиялын ислами сенімі шектейді. Ал «Дәстүр» екі оқпен бір қоян атып алды: ол – алғашқы жұлдызы жанған хоррор әрі ислам эстетикасы мен этикасын әсерлі көрсете алған алғашқы қазақы кино, ал сапасы тіптен бөлек әңгіме. Оның үстіне, фильм көрерменін тылсым және ырым-тыйым әлеміне жетелейді, ал бұл дүниеге сенетіндердің аудиториясы кең. Барша қазақ өзін мұсылман санай тұра, барлық Құран сүресін жатқа біле бермейді, ал көз тию мен дуалауға сенетіндердің қарасы басым», – деп жазады киношолушы.
Сарапшылардың ойынша, «Дәстүрдің» қоғамдық резонанс тудыруының тағы бір себебі хоррор жанрындағы батыс пен шығыс фильмдерінің мазмұнын көшіріп бермегені еді.
«Қуаныш Бейсек адам санасының сол бір иррационал, тұңғиық, ұжымдық бейсана тереңіне бойлай алды, өмір бойы қорқыныштың қамытында өмір сүретін және онысын саналы түрде аңғармайтын жандардың терең үрейін дөп басты. Дебютант отандық басқа режиссерлер сияқты батыстың не шығыстың танымал хоррорын көшіріп берген жоқ, картинаны орынсыз «скример» немесе мазасыз музыкамен ауырлатпады (қайта домбыра үні сәтті пайдаланды). Бір эпизодта бас кейіпкердің жұбайының жанында эмбрион кейпінде жатуы – оның бойында рухани жаңғыру, жаңа бір ішкі өмірдің басталғанының символы іспеттес. Осы сәтте авторлар енді мораль айтуға кірісетін сияқты еді, бірақ олай болмайды. Фильмнің айтар ойы анық, алайда команда жанр шеңберінен шықпай, сол аяда өте шебер жұмыс істейді (Қазақстанда мұны игере алғандар аз). Режиссура – дәлдікпен өлшенгендей мінсіз, ал Алдияр Жапархан мен Қазыбек Оразбек жазған сценарий – нағыз шеберлік.
Қоғамның жанды тұсы – тұрмыстық зорлық-зомбылық пен оның үнсіз куәгерлері туралы баяндады. Бұл ақиқатты тылсым әлемімен шебер суреттей алды. Соның нәтижесінде өз қолтаңбасы бар, шынайы қазақы, көрерменге ой салатын нағыз хоррор дүниеге келді. Жас режиссер жындар туралы туындысы арқылы отандық киноның Пандора жәшігін ашып жіберетінін білген де жоқ шығар, сірә. Енді қазақ киносында бұл тақырып пен тылсым тіршілік иелері орын алатыны анық», – деп сипаттайды Ғалия Байжанова.
Бізге не жетіспейді?
Киносыншы Ержан Жұмабек хоррор жанрының кенжелеп тұруының негізгі себебін мектептің болмауымен байланыстырады.
«Қазақ киносының өткеніне көз жүгіртетін болсақ, хоррор жанры біздің киноиндустрияға кеш келді және күні бүгінге дейін кенжелеп дамып жатқан сала. Оның себебі – аталмыш жанр мектебінің қалыптаспауы. Бізде тарихи, биографиялық, балалар фильмдері сияқты жанрларға қалам тербейтін сценаристер мен режиссерлер жетерлік. Ал хоррор бағытында түсірілген санаулы ғана фильмдер бар. Оның өзінде коммерциялық мақсатты көздейді, өйткені киноның басқа салаларына көрсетілетін қолдау мұнда жоқ. Хоррор фильмдерінің спецификасы, табиғаты, сценарий, режиссура тұрғысынан жасалу жолдары мүлдем бөлек. Бұл жанрмен ұтымды жұмыс істей алатын мамандар да тапшы», – дейді киносыншы.
Ержан Жұмабектің айтуынша, әйтсе де бұл жанрға сұраныс бар. «Оның бір дәлелі – «Дәстүр» фильмінің жақсы касса жинай алуы. «Дәстүрді» – хоррор жанрының жарқын бір үлгісі дей алмаймыз, сценарий, режиссура тұрғысынан әлсіз тұстары бар. Дейтұрғанмен, осы картинаның мысалында біз қазақ көрерменінің экраннан өз бейнесін, өмірлік оқиғасын, кейіпкерін көруге деген ынтасын байқай аламыз. Сондай-ақ голивудтық, шетелдік, тіптен қырғызстандық хоррор картиналар көрермен қызығушылығына бөленіп, жақсы көрсетілім жинап жатыр әрі әлеуметтік желілерде де қызу талқыланады», – дейді киносыншы.
Киносыншылар айтатын тағы бір қызықты пікір бар: елімізде бұл жанрдың ақсап тұруының бір себебі – режиссерлердің хоррорды жанр ретінде місе тұтпауы. «Отандық кинематографистер хоррорды – «жаттығу» жанры деп қабылдайды. Шын мәнінде, көрерменді қорқыту – күрделі іс, әсіресе, күнделікті жаңалықтар желісі адам шошытарлық оқиғаларға толы екенін ескерсек, қатып қалған көңілге үрей ұялату – өнердің шыңы деуге болады», – деп жазады киношолушы Ғалия Байжанова.
Соңғы уақытта хоррор жанрына режиссерлердің, әсіресе жас киногерлердің қызығушылығы артып келеді. Бұл жанрда немесе хоррор элементтері бар фильмдер шығып жатыр.
Былтыр бірқатар ауқымды жобалар жарық көрді. Ақан Сатаевтың өткен күндердің үрейлі әңгімелерін еске салатын «Анель» фильмі, Әділхан Ержановтың «Кадет» философиялық туындысы, Анвар Мәтжановтың қазақтың бай мифологиясы мен заманауи көрерменнің талаптарын шебер үйлестірген «Жезтырнақ» фильмі көрермен назарына ұсынылды.
Ержанның Жұмабектің пікірінше, еліміздегі хоррордың болашағы әлі алда. «Әсіресе, қорқынышты қысқаметражды туындыларды жиі байқап жүрміз. Дегенмен қазақ киносында бұл жанрдың орны ойсырап тұр. Әйтпесе, аталмыш жанрға сұранып тұрған ұлттық мифтер, аңыз әңгімелер, наным-сенімдер негізделген бай мұрағат бар», – дейді сыншы.
Айдана НҰРМҰХАН