Халық көп шоғырланған немесе тұйық көшелерде тосын оқиғаға тап келсеңіз, бір тетік арқылы көмек шақыра аласыз. Мұндай жүйе Smart City жобасы аясында 2021 жылдан бастап Тараз қаласына да қойыла бастаған болатын. Алайда соңғы төрт жылдың бедерінде осы SOS дабыл түймесі арқылы қылмыскердің құрықталғанын естімеппіз. Сонда SOS батырмасы шаһарда сән үшін тұр ма?
Жамбыл облыстық Полиция департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, бүгінде Тараз қаласында мұндай 10 дабыл батырмасы орнатылған екен.
– Қазір шаһардағы 10 батырманың 8-і толығымен жұмыс істеуде. Ал қалған екеуінің аумағында электр желісі жүргізілмегендіктен іске қосылмай тұр. Бұл батырмалар саябақтарда, халық көп жиналатын жерлерге, скверлерге қойылған. Оның ерекшелігі – дабыл түймесін басу арқылы тұрғындар полициямен байланысып қана қоймай, қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық туралы хабар бере алады. Аталмыш жүйеде батырманы басқан соң, құрылғы орналасқан аумақ бейнекамераға түсіріліп, жедел басқару орталығындағы оператормен тікелей байланыс орнайды. Артынша шұғыл шақырту түскен орын қала картасынан нақтыланып, оператор бейнематериалды ашады. Кейін шаһар тұрғынының хабарламасына қарай қажет болған жағдайда патрульдік полиция оқиға орнына жедел жіберіледі. Бұл полициямен кәнігі қалта телефонымен байланысқаннан әлдеқайда жедел әрі тиімді. Себебі батырманы басқаннан кейінгі әрекеттің барлығы бейне таспаға жазылады. Яғни, бейнежазбаға сол маңдағы күдіктінің іс-қимылы да ілігеді, – дейді департаменттің баспасөз қызметі.
Алайда бір қызығы, дабыл батырмалары іске қосылған 4 жылдан бері ол арқылы полицияға бірде-бір шақырту түспепті. Бұл көне шаһарда қылмыстық әрекеттердің орын алмай жатқанын көрсете ме, әлде тұрғындар дабыл батырмаларының бар екенінен бейхабар ма?
Қала тұрғыны Қуаныш Байғараевтың айтуынша, жергілікті полиция қызметі тарапынан ақпараттық түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмегендіктен тұрғындар дабыл батырмасын көргенімен, оның қызметін мүлде білмейді екен.
– Бұрын осындай жедел көмек шақыруға арналған құрылғылардың дамыған елдерде болатынын еститінбіз. Кейін өзімізде де орнатылып жатқанын көріп қуанғанмын. Әрине, халық көп жиналатын орындарда ұрлық, бұзақылық сынды қылмыстар болып жататыны ақиқат. Егер сол мезетте қиындыққа тап келген адам құрылғыдағы түймешені басса, құқық бұзған азамат сескеніп, батырманың маңына жуымайды деп ойлаймын. Себебі ол да бейнекамераға түсіп қалмаудың қам-қарекетін жасайтыны сөзсіз. Оның үстіне, оқиға орнына полиция да жедел жетіп, мән-жайды анықтайды. Бір сөзбен айтқанда, батырманы басып, көмек сұрағандар ең әуелі өзін қауіпсіз сезінеді. Осы тұрғыдан алғанда дабыл батырмаларының қойылуы өте құптарлық. Өзім де сол құрылғыны 3-4 жерден көрдім. Алайда оның қызметіне жүгініп, пайдаланып көрейік дейтіндерді байқаған емеспін. Тіпті, кей адамдар қалада осындай батырмалардың бар екенін білмейтін де болуы ықтимал. Мұның басты себебі – құқық қорғау қызметтерінің ақпараттық түсіндіру жұмыстарын салғырт жүргізуінде, – дейді Қуаныш Сексенбайұлы.
Ал шаһар тұрғыны Алдияр Аспанбеков SOS батырмасының қызметін өзі тексеріп көріп, көңілі толмағанын айтады.
– Қаладағы бұзақылықтар мен қылмыстар туралы күнделікті естиміз. Өзіміз куә болған сәттер де аз емес. Ал солардың алдын алу үшін осындай құрылғылардың орнатылып жатқанын өте қолдаймын. Оның үстіне, қазір цифрлы технологиялардың дәуірі. Біз де өркениет көшінен қалмауымыз керек. Алайда бұл батырмалар туралы көп адам біле бермейді. Одан бөлек, дабыл түймелерінің жеделдігі де аса көңіл көншітпейді. Бұған батырмаларға өзім жүргізіп көрген сынақ тәжірибесі барысында көзім жетті.
Мәселен, түймені басқан сәтте орталыққа қоңырау шалынғанымен, дауыс біресе жаңғырып, біресе қарлығып жөнді естілмейді. Содан соң оператор байланысушы азаматтың жеке деректерін тәптіштеп, қайта-қайта сұрай береді. Сөйтіп тұрғанда, кемінде 3-5 минут уақытың өтіп кетеді. Осы уақыт аралығында қылмыскер өзінің арам ойын жүзеге асырып кетуі мүмкін ғой. Ал оның соңы орны толмас өкінішке соқтыратыны белгілі. Сондықтан шынымен батырмалардың тиімділігін көргіміз келсе, оларды кеңінен насихаттап, жұмысының жылдамдығын да жүйелі жолға қойғанымыз жөн, – дейді Алдияр.
Дегенмен облыстық Полиция департаменті өкілдерінің бұған қатысты айтар өз уәжі бар.
– Аталған құрылғы бойынша жұртшылыққа жергілікті телеарналар және Instagram, Facebook әлеуметтік желілері арқылы толықтай түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ олардың жұмысы да ұдайы зерделеніп, ақаулары да дер кезінде жөнделуде. Бұған қоса, Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында «102» мобильді қосымшасы іске қосылды. Қосымшаның көмегімен тұрғындар полицияға кез келген құқықбұзушылық туралы хабарлама жіберумен қатар, оқиға орнынан тікелей бейнеқоңырау арқылы байланысқа шыға алады, – дейді департаменттің баспасөз қызметі.
Әрине, тұрғындар неғұрлым өздерін қауіпсіз сезінсе, соғұрлым қолайлы орта қалыптасатыны анық. Алайда төрт жылдың ішінде SOS батырмасы арқылы полиция бөліміне бірде-бір шақырту түспегені ойға қалдырады. Сондай-ақ тұрғындар дабыл батырмасы мен дауыстық хабарлама жіберетін түймеге балалардың бойы жетпейтіндігін айтып та шағымдануда. «Ертең балаларымыз қауіпті жағдайға душар болып қалып жатса, батырманы қалай басып полиция шақырады?» – деп ішкі қынжылыстарын жеткізуде.
Байыбына бармай жатып, байбалам салудан аулақпыз. Алайда тұрғындардың базынасы орынды. Қазына қаржысына қойылған құрылғылардың халық үшін қызмет етпей, құр сән үшін тұрғаны құптарлық дүние емес. Сондықтан құзырлы сала мамандары құрылғының жұмысын жұртшылыққа жіті түсіндіріп, батырма түймелерін де оңтайлы еткендері абзал. Әйтпесе, бұл миллиондаған қаржының желге ұшқанымен пара-пар.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы