Ауызсу жүйесі қаладағы елді мекендердің басым бөлігін қамтығанымен, кәріз жүйесінің жағдайы әлдеқайда нашар. Қала әкімдігінің мәліметінше, 81 шағын ауданның 26-сы ғана орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген.
«Шымкент қаласындағы кәріз желілерінің жалпы ұзындығы 1135,1 шақырымды құрайды. Бұл желілердің көпшілігі екі ірі оператордың балансында. Мәселен, «Су құбыры және кәріз басқармасы» МКК 672 шақырым желіге қызмет көрсетеді, олардың тозу деңгейі небәрі 4,9 пайызды құрайды. Дегенмен, 463,1 шақырым желіні басқаратын «Су ресурстары-Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жағдайы бұдан да нашар. Мұндағы тозу 73,52 пайызға жеткен», – деді қала әкімнің орынбасары Сәрсен Құранбек.
Қалада өткен жылы суға қатысты 10 нысанның құрылысы аяқталды. Келесі жылы тағы төрт жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Бірақ бұл қордаланған мәселелерді шешуге жеткіліксіз.
«Су ресурстары-маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мәліметінше, алдағы бес жылда Шымкенттің сумен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға тартылған инвестиция көлемі 67,6 млрд теңгені құрайды. Кәріз желілерін жаңартуға 24 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 90 шақырымдық тозығы жеткен коллекторлар мен дренаждық желілерді қалпына келтіру қажет. Жобалар сәтті жүзеге асса, сумен жабдықтау желілерінің тозуы 32,7 пайызға, кәріз желілерінің тозуы 59,8 пайызға дейін төмендейді.
Дегенмен, қала әкімдігі операторлардың жұмысында өрескел заң бұзушылықтарды анықтаған. Мәселен, тұрғындардан нақты жүргізілмеген жұмыстар мен көрсетілмеген қызметтер үшін ақы алынған. Мұндай негізсіз алымдардың көлемі 60 миллион теңгеге жуықтапты. Оның үстіне қосымша инвестициялық қаражат алу мақсатында желілік тозу деңгейі 10,72 пайызға жасанды түрде көтерілген.
Шымкентте сумен жабдықтау және су бұру тарифтері бүгінде текше метріне 149 теңгені құрайды. Ал, тұрғындарға су беру тарифі текше метріне 94 теңге. Салыстырмалы түрде алар болсақ, Астанада бұл көрсеткіш – 65 теңге болса, Алматыда – 55 теңге. Су бұру саласында Шымкент халыққа арналған тарифтер бойынша 15-ші, заңды тұлғалар үшін 6-шы орында.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз